Жойқын жер сілкіністері түнде болатыны рас па?

Соңғы кездері Алматыда жер сілкіністері жиі сезілді. 23 қаңтарда сағат 00:09-да және 4 наурыз күні сағат 11:22-де болған 5 балдық жер сілкіністері қала тұрғындары мен қала қонақтарын қорқытты. Одан кейін де алматылықтар әлсіз жер дүмпулерін сезді. Бұл жағдайлардан соң Желіде түрлі ақпараттар тарап жатыр. Бірі жер сілкіністерінің жиіленіп кетуі жойқын жер сілкінісіне әкелуі мүмкін десе, басқалары келесі жер сілкіністерін алдын ала анықтау жолдарын іздестіріп жүр.

Мамандар дүние жүзінде жыл сайын 100 000 жер сілкінісі болады деп отыр. Олардың көбі әлсіз, бірақ тарихта қалған ірі жер сілкіністері де бар. Ендеше, бүгінгі материалда әлемдегі ең жойқын жер сілкіністеріне шолу жасап, оларды бір-бірімен не байланыстыратынын анықтап көруді шештік.

1. Жапонияда (Канто) болған жер сілкінісі (1923 жыл, 1 қыркүйек)

Бұл елде жер сілкінісі әдеттегі жағдайға айналғандай. Бірақ 1923 жылғы 1 қыркүйектегі табиғи апат тербеліске үйренген күншығыс елінің тұрғындарының жүрегінде өшпес із қалдырғаны анық. Сағат 11:58-де болған 8,3 балдық жер сілкінісінен 105 мың мен 142 мың арасында тұрғын қаза тапты, мыңдаған адам хабарсыз кетті, 2 миллионға жуық адам үйсіз қалды.

2. Ашхабад жер сілкінісі (1948 жыл, 6 қазан)

Ашхабад жер сілкінісі 1948 жылы 5 қазаннан 6 қазанға қараған түні 1:14-те болды. 9-10 балдық бұл жер сілкінісі Ашхабадтың 90%-ын қиратады. 110 мыңға жуық адам қаза тапты деген деректер болған. Өйткені, адам шығынын есептеу мүмкін болмады. Бірақ 2010 жылы Түркменстан мемлекетінің президенті зілзала 176 мың адамның өмірін қиды деп айтты. 1995 жылдың 6 қазанынан бастап бұл күн зілзалада мерт болғандарды еске алу күні деп белгіленген.

3. Ұлы Чили жер сілкінісі (1960 жыл, 22 мамыр)

Кей деректерде "Вальдивия жер сілкінісі" деп аталатын әлемдегі ең ірі зілзала. Бұл 9,5 балдық апат 1960 жылы 22 мамырда сағат 19:11-де Чилиде болды. Жер сілкінісінің эпицентрі Вальдивия қаласының маңында болған. Биіктігі он метр болған цунами жайпап өтіп, эпицентрден он мың километр қашықтықта жатқан Хило қаласын, тіпті Жапонияның кей жағалауларын да басып өткен. Нәтижесінде 6 мыңға жуық адам қаза тапты. Жарты миллиард АҚШ доллары көлемінде шығын келген.

4. Таншань жер сілкінісі (1976 жыл, 28 шілде)

Таншань жер сілкінісі 1976 жылдың 28 шілдесінде Қытайдың Таншань (Хэбэй провинциясы) қаласында орын алған. Күші 8,2 баллды құраған зілзала ХХ ғасырдағы ең ірі табиғат апаты болып саналады. Қытай Халық Республикасының ресми мәліметі бойынша, қаза болған адам саны – 242  419. Дегенмен, кейбір зерттеулерге сүйенсек, апаттың құрбанына айналған адам саны 800 000-нан асып жығылады. Жергілікті уақыт бойынша, түнгі сағат 3:42-де орын алған зілзала қаланы тұтасымен қиратты. 22 шақырым тереңдіктен (гипоцентр) бастау алған бұл жер сілкінісі 140 шақырымдай жерде орналасқан Бейжің мен Тяньцзинді де оңдырмады. Нәтижесінде, 5,3 миллион үй қирап қирап қалды. Тең жартысының қаңқасы құламағанымен, адамға жарытып баспана бола алмады. 

5. Алматыдағы жойқын жер сілкінісі (1887 жыл, 9 маусым)

Алматыдағы жойқын жер сілкінісі 1887 жылы қала Верный аталған тұста 9 маусымда тіркелді. Сағат 04:30 шамасында, жұрт шырт ұйқыда жатқанда қалада магнитудасы 7,3 балл болатын жер дүмпулері сезіледі. Эпицентрдегі максималды күші – 9,10 балды құраған. Кіндік тереңдігі 20 шақырым. Ол жылдары шаһарда шамамен 30 мыңға жуық адам тұрған. Зілзаладан 332 адам көз жұмды. Олардың басым көпшілігі балалар екен. Кейбір деректер бойынша бұл Вернендік апат деп аталады.

6. Үнді мұхитындағы жер сілкінісі (2004 жыл, 26 желтоқсан)

2004 жылы 26 қарашада Үнді мұхитында Суматра аралының жанында жергілікті уақыт бойынша сағат 07:58-де жойқын жер сілкінісі болды. Оның магнитудасы 9,1-ден 9,3-ке дейін болып, цунами тудырған. Кей жағалауларда толқындар 20 м-ден жоғары болған. Әртүрлі мәліметтер бойынша, бұл апаттың құрбандары 300 мың адамға дейін жеткен. 

7. Сычуан жер сілкінісі (2008 жылы, 12 мамыр)

Бұл жер сілкінісі Сычуан провинциясында 2008 жылы 12 мамырда сағат 14:28-де болды. Қытай сейсмологиялық бюросының ақпараты бойынша зілзала магнитудасы 8-ге жеткен, ал АҚШ-тың геологиялық қызмет орталығының мәліметі бойынша 7,9 болған. Жер сілкінісінің эпицентрі провинция астанасы Чэнду қаласынан 75 км қашықтықта болды. Сілкініс Пекин және Шанхай қалаларына да сезілген. Тіпті Үндістан, Пәкістан, Таиланд, Вьетнам, Бангладеш, Непал, Моңғолия және Ресей сынды көрші жатқан елдерге де байқалған. 2008 жылдың 4 тамызында жарияланған ресми ақпаратта 69 197 адам қаза тауып, 18 мың адам іс-түссіз жоғалып кетіп, 288 431-і ауыр жарақат алған деп көрсетілген. 

8. Гаити жер сілкінісі (2010 жыл, 12 қаңтар)

2010 жылдың 12 қаңтарында жергілікті уақыт бойынша сағат 16:53-те Гаитиде жер сілкінісі болды. Бұл Гаити аралындағы ең ірі зілзала болды. Оның эпицентрі ел астанасы Порт-о-Пренстен оңтүстік батысқа қарай 22 км-де болған. Магнитудасы 7-ге тең бірнеше дүмпу тіркелген. Магнитудасы 15-ке тең бес ірі дүмпу байқалған. Сілкініс Кариб және Солтүстік Американың литосфералық тақтасының жылжуынан пайда болған. 2010 жылы 18 наурызда болған апаттан 222 570 адам қаза тауып, 311 мың адам жарақаттанып, 869 адам із-түссіз жоғалып кетті. Мыңдаған тұрғын үй, барлық емхана қираған. 3 миллионға жуық адам баспанасыз қалды. Ел астанасы бір күнде үйінді астында қалған.

9. Жапония жағалауында болған табиғи апат (2011 жыл, 11 наурыз)

Кейінгі  онжылдықтағы ең жойқын жер сілкінісі  – 2011 жылы Жапония жағалауында болған табиғи апат. Ол 11 наурыз күні жергілікті уақытпен сағат 14:46-да болды. Жағадан 72 км қашықта, 30 км тереңдегі тербеліс күші 9 балл болған. 6 минутқа созылған жер сілкінісі биіктігі 40 метрден асатын цунамиді тудырып, жергілікті жұртқа қауіп төндірді. Тікелей зардап шеккендер саны – 15 892, 6 мыңнан астам адам жарақат алды, 2 676 адам хабар-ошарсыз кетті. Цунами Фукусима атом электр станциясында апат тудырды, бұл жалпы атом электр станцияларының тағдырына үлкен көлеңке түсірді. Болжам бойынша, апат Жапония экономикасына 185-235 миллиард доллар шығын келтірген.

10. Түркиядағы жер сілкінісі (2023 жыл, 6 ақпан)

6 ақпанда Түркияның орталығы мен оңтүстік-шығысында, Сириямен шекаралас жерде жойқын жер сілкінісі болды. АҚШ Геологиялық қызметі мәліметінше, 7,8 балдық жер сілкінісі жергілікті уақыт бойынша сағат 04:17-де Газиантеп маңында 17,9 шақырым тереңдікте тіркелген. Кейінгі деректер бойынша, оқиға салдарынан екі елде 50 мыңнан аса адам қаза тапты. Сондай-ақ, Түркияның әр жерінде тұрғын үйлер мен тарихи Газиантеп бекінісі қирады. Ал Италияда Түркиядағы жер сілкінісінен кейін цунами қаупі ескертілді. 

Жер сілкінісін алдын ала болжау қиын. Желіде жойқын жер сілкіністері қандай да бір нақты күні немесе уақытта қайталанатыны жайлы ақпараттар кездестіріп қалуға болады. Алайда біз бүгінгі топтамадан жойқын жер сілкіністерінің болатын күні мен уақыты арасынан ешқандай ұқсастық байқамадық.

Оқи отырыңыз: Алматыда қаланы қиратқан жойқын жер сілкінісі расымен қайталануы мүмкін бе? Қазақстандық профессор түсіндірді