Жүрегіңізді жас етіп сақтауға көмектесетін 9 әдіс

Жүрегіңізді жас етіп сақтауға көмектесетін 9 әдіс
Фото: pixabay.com

Жүрек және қан тамырлар ауруы жыл сайын жиі өлімге әкелетін аурулар тізімінің басында тұрады. Бүкіл ағзаның өмірі мен жұмысы жүректің өзін қаншалықты жақсы сезінетініне байланысты. Сондықтан бұл органға күтім жасау маңызды. Жас ұлғая келе жүрек-қан тамырлар ауруларының қаупі артады. Кардиолог Дэвид Сабгир жүректі жас етіп сақтауға көмектесетін 9 кеңес берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Еatthis"-ке сілтеме жасап.

Спортпен айналысу

Кәсіби спортшы болу міндетті емес, бастысы, өміріңізге физикалық белсенділікті аз-аздан, бірақ жүйелі түрде қосыңыз. Мысалы, күнде кешегіден көбірек қадам жасаймын деп өзіңізге мақсат қойыңыз. Смартфоныңызға күнделікті жүрген қадамыңызды санайтын қосымша жазып алып, белсенділік деңгейін бақылап отырыңыз.

Темекіні тастаңыз

Темекі ағзаны өлтіреді. Егер сізде бұл зиян әдет болса, одан барынша ерте арылуға тырысыңыз.

Рационды реттеңіз

Көкөністер мен жемістерді жиі жеуге, ал фастфуд пен қайта өңделген өнімдерді азайтуға тырысыңыз. Бірақ рационыңыздан барлық май мен көмірсуды алып тастаудың қажеті жоқ. Жүрекке үйлесімді мәзір қажет екенін ұмытпаңыз.

"Мен кардиолог ретінде авокадоны жақсы көремін. Ол - жақсы майы бар және жаман холестеринді арттырмайтын жалғыз жеміс", - дейді дәрігер.

Салмақты бақылауда ұстаңыз

Семіздік жүрекке және буындарға түсетін жүктемені арттырады. Кейде адам арық болып көрінуі мүмкін, бірақ оның ағзасында май бұлшықетке қарағанда көп болады. Бұл да қауіпті. Сондықтан денеңіздің сапасын бақылаңыз.

Ұйқыны қандырыңыз

Егер әлі күнге дейін сүйікті сериалыңыздың тағы бір сериясы дұрыс ұйқыдан артық деп санасаңыз, өмірге деген көзқарасыңызды өзгерту керек. Егер ұйқысыздықпен немесе қорылмен қиналатын болсаңыз, бұл проблемаларды елемей қоймаңыз және жүрегіңізге қауіп төндірмеңіз.

Араласыңыз

Адамға адам керек. Бұл жай ғана әдемі тіркес емес. Жақындарыңызбен сөйлесу және әлеуметтік өзара байланыс санаңызға да, денеңізге де, жүрек-қан тамырлар жүйесіне де жағымды әсер етеді.

Қан қысымын бақылаңыз

Көпшілік адам гипертониямен өмір сүреді және оған ештеңе істемейді. Қан қысымы жоғары болған кезде жүрек еселеп жұмыс істейді. Сондықтан ол қаттырақ шаршайды. Сол үшін де бұл көрсеткішті бақылап отыру және дәрігер кеңестерін орындау маңызды.

Күліңіз

Күлкі шынымен де өмірді ұзартады. Ғалымдар күлкінің күйзеліс деңгейін төмендететінін, қысымды түсіретінін баяғыда дәлелдеп қойды. Адам күлген кезде ағза табиғи ауырсынуды басушы ретінде әсер ететін гормондар – эндорфиндерді бөледі.

Далаға шығыңыз

Таза ауада асықпай серуендеу қанайналымды жақсартуға және жүрекке түсетін жүктемені түсіруге көмектеседі. Демалыс күндерді диванда теледидар қарап жатып емес, далада өткізуді әдетке айналдырыңыз.

Оқи отырыңыз: Адамдар қартайған шақта жиі өкінетін 5 нәрсе

А. Жапатова