Іштегі майды білдіртпей, ішті тартып тұратын корсеттер зиян ба? Дәрігер жауабы

Әлеуметтік желілерде блогерлер мен дүкендер ішті тартып тұратын іш киімдер мен корсеттерді жиі жарнамалайды. Дәрігер және артық салмақ психологы Аида Әбілқасымқызы Massaget.kz тілшісіне мұндай денені қысып тұратын киімдерді кию денсаулыққа зиян екенін айтты.

Дәрігер Аида Әбілқасымқызының айтуынша, мұндай ішті тартып тұратын іш киімдер мен корсеттер ағзадағы лимфа жүйесінің дұрыс айналмауына әкеледі.

"Ішті тартып тұратын іш киімдер мен корсеттер денсаулыққа өте зиян. Біздің ағзамызда қанайналым жүйесі және оның жанында қанайналымнан шыққан қалдықтарды тазалап тұратын лимфа жүйесі бар. Біріншіден, мұндай киімдер осы лимфа жүйесінің дұрыс айналмауына әкеледі. Лимфа жүйесі біздің ағзамыздағы - канализация. Яғни егер лимфа жүйесі дұрыс айналмаса, канализацияда проблема пайда болады деген сөз. Мысалы, дәретхананың суын ағызғанда, судың бәрі ақпаса, үйіңіз сасиды. Сол секілді лимфа жеңіл айналып тұруы үшін ішіңізді қысып тұратын киім киюге болмайды. Ішіңіз қысылып тұратын болса, лимфа жүйесі сол жерге келгенде қысылатын болады. Сондықтан ол өзінің бойындағы уыттарды сол жерге шашады. Соның салдарынан жатырда, көкіректе және бүйректе түрлі аурулар туындайтын болады", - дейді дәрігер.

Сондай-ақ маман мұндай корсеттер бүйректер мен жатырдың төмен түсуіне ықпал етуі мүмкін екенін ескертті.

"Екіншіден, мұндай корсеттер бүйректі, жатырды төмен түсіреді. Оларды жылына немесе айына бір-екі рет кисе ештеңе етпейді. Бірақ оларды күнде немесе аптасына екі-үш рет киіп жүретін болса, ол бүйректер мен жатырдың төмен түсуімен қиналауы мүмкін", - дейді дәрігер.

Дәрігер мұндай корсеттерді әсіресе баланы дүниеге әкелгеннен кейін бірден киіп алу қауіпті екенін түсіндірді.

"Баланы дүниеге әкелгеннен кейін бірден мұндай тартып тұратын корсеттерді киіп алуға мүлдем болмайды. Әйтпесе, ол жатырдағы қанның (40 күн бойы артық қан шығады) дұрыс шығып кетуіне кедергі келтіреді. Егер қан жатырда қалып қойса, ол қабыну шақырады. Мұндай кезде әйел жоғары температурамен ауруханаға қайтадан түсуі мүмкін. Бұл кезде әйелдің жатырын тазартатын болады, - дейді Аида Әбілқасымқызы. - Босанғаннан кейін ішті тартып байлауға болмайды, Бенкунг әдісімен ішті жай бекіту керек".

Оқи отырыңыз: "Вакуум" жаттығуы шынымен ішті кетіре ме? Маман жауап берді