"Вакуум" жаттығуы шынымен ішті кетіре ме? Маман жауап берді

"Вакуум" жаттығуы шынымен ішті кетіре ме? Маман жауап берді
Фото: ru.freepik.com

Бәріміз денеміздің сау әрі әдемі болғанын қалаймыз. Алайда көпшілік адамның жаттығу залына баруға уақыты немесе мүмкіндігі болмайды. Бірақ әлеуметтік желіде блогерлер мен фитнес жаттықтырушылары көп уақыт пен күш кетпейтін "вакуум" жаттығуы жайлы жиі айтады. "Вакуум" жаттығуын жасау арқылы шынымен де ішті кетіруге бола ма? Оны кімдерге жасауға болмайды? Бұл сұрақтарға  Massaget.kz тілшісіне сексолог Айнұр Жұмамұратқызы жауап берді.

Ішке арналған "вакуум" жаттығуы дегеніміз не?

"Вакуум" жаттығуы – дене "корсетінің" бұлшықеттерін жаттықтырудың бір әдісі. Ол әсіресе іштің тік және көлденең бұлшықеттеріне пайдалы. "Вакуум" іштің терең бұлшықеттерін іске қосуға және олардың жиырылуына негізделген.

"Вакуумды" таңертең аш қарынға жасаған жөн. Жаттығу кезінде ауаны барынша ішке тартып, ішіңіздің бұлшықеттерін барынша терең тартасыз. Осы күйде қанша тұра аласыз, сонша ұстайсыз. Біртіндеп бұл уақытты арттыруға болады. Тынысыңызды қалыпқа келтіресіз, содан соң жаттығуды қайталайсыз. Осылайша, 10 рет жасауға болады.

"Вакуум" жаттығуы арқылы шынымен де арықтауға болады. Бірақ ол үшін оны күнде жүйелі түрде жасау керек. Мысалы, 5-6 күнде бір-ақ рет жасасаңыз, одан нәтиже күтпеңіз. Бастысы, оны күнде істеу керек", - деді Айнұр Жұмамұратқызы.

"Вакуум" жаттығуының артықшылықтары

"Вакуум" іш бұлшықеттерін қатайтады

Бұл жаттығу іш бұлшықеттерін іске қосып, олардың қатаюына ықпал етеді. Іш бұлшықеттерінің қатты болуы омыртқаға және күнделікті тұрмыстық қозғалыстарды орындау кезінде пайдалы. Сондай-ақ бұлшықеттердің іске қосылуының арқасында ішкі органдар да тонусқа келеді.

"Вакуум" белді кішірейтеді

"Вакуумды" жүйелі түрде жасау ішті кетіруге көмектеседі. Себебі іштің терең бұлшықеттері іске қосылғандықтан, ішкі органдардың күйлері қалыпқа келіп, іш тартылады.

"Вакуум" дене мүсінін жақсартады

Бұл жаттығуды дұрыс жасау арқылы арқа мен іш бұлшықетерін қатайтып қана қоймай, дене мүсінін жақсартуға болады.

"Бұл жаттығу ішті тартады және ішіміздегі органдарға күшті массаж жасайды. Бұл дегеніміз – ол іш қатумен қиналатын әйелдерге өте пайдалы. Іште зат алмасу процесі жақсы жүреді. Сол үшін біртіндеп арықтай бастайсыз", - дейді сексолог Айнұр Жұмамұратқызы.

"Вакуум" жаттығуын кімдерге жасауға болмайды?

Сексолог Айнұр Жұмамұратқызының айтуынша, ішке арналған "вакуум" жаттығуын мына адамдарға жасауға болмайды:

  • Етеккір кезінде;
  • Жүкті әйелдер;
  • Созылмалы және жедел гинекологиялық аурулары бар әйелдер (мысалы, миома);
  • Өті толып қалған адамдар;
  • Онкологиясы бар адамдар;
  • Кіндік-омыртқа жарығы бар адамдар оны абайлап жасауы керек.

"Вакуум" кез келген адамға қолжетімді. "Вакуумды" орындау үшін арнайы құрал қажет емес. Оны кез келген жерде жасауға болады. Алайда бұл жаттығуды бастамас бұрын дәрігеріңіздің кеңесін алыңыз. Егер ешқандай қарсыкөрсетілім болмаса, кәсіби жаттықтырушы табыңыз. Одан бұл жаттығуды жасаудың дұрыс техникасын меңгеріңіз. Ары қарай өзіңіз үйден жалғастырып, күнде орындауға тырысыңыз.

Оқи отырыңыз: Матча шайы шынымен де арықтауға көмектесе ме? Қазақстандық дәрігер жауап берді

А. Жапатова