Қоғамдық қорғаушылар тергеу изоляторларына телефонды аяқ киіміне салып кірмек болған

Қоғамдық қорғаушылар тергеу изоляторларына телефонды аяқ киіміне салып кірмек болған
Фото: Polisia.kz

Республиканың екі тергеу изоляторында ұялы телефондарды алып өтуді жоспарлаған қоғамдық қорғаушылар ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

5 ақпанда Астананың тергеу изоляторында жедел бөлімнің қызметкерлері фронт-офис кабинетіндегі бейнебақылауды арқылы қоғамдық қорғаушының ұялы телефонды, құлаққапты, екі SIM-картаны және қуаттағышты сотталғанға беру дерегін анықтады.

Сол күні Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖД №77 мекемесінде қызметкерлер қоғамдық қорғаушыны тексерген кезде аяқ киімінен телефон мен SIM-картаны тапты. Ер адам тергеу қамауына алынған туысына тыйым салынған затты беруді жоспарлаған.

Мобильді құрылғылар мен басқа да заттар тәркіленді. Қоғамдық қорғаушыларға қатысты әкімшілік материалдар жасалды. Сондай-ақ сотталғандарды тәртіптік жауапкершілікке тарту үшін материалдар толтырылды. Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде ұсталатын адамдарға тыйым салынған заттар мен бұйымдарды бергені үшін ескерту немесе он АЕК мөлшерінде айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілік көзделгенін атап өткен жөн.

Сонымен қатар, қылмыстық-процестік заңнамаға сәйкес тергеуші "қоғамдық қорғаушы" мәртебесін алу туралы қаулының күшін жоюға құқылы. 2023 жылдың қорытындысы бойынша қоғамдық қорғаушылар тарапынан тыйым салынған заттарды жеткізудің 20-дан астам әрекетінің жолы кесілді.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина