Алматыдағы жер сілкінісі: сапасыз салынған тұрғын үйлерге кімдер жауапты?

Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Тимур Қарағойшин Алматыда сапасыз салынған тұрғын үйлерге қатысты түсінік берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Министрдің орынбасарының айтуынша, қаладағы құрылыстың сапасына мамандар жауап береді.

"Біріншіден, жобалаушы жобаның сапасына толық жауап береді. Құрылыстың сапалы болуы жобаның сапасымен байланысты. Ол дұрыс жобалануы қажет. Екіншіден, мұндай құрылыстар үшін белгілі бір объектілер бойынша сараптама жүргізген сарапшылар жауап береді. Үшіншіден, құрылысшылар бар. Олар ғимаратты салғанда құрылыстың сапалы және дұрыс салынуын бақылауы шарт", - деді Тимур Қарағойшин Сенат кулуарында.

Сонымен қатар, БАҚ өкілдері вице-министрге "Кейбір мамандар Алматыда әлсіз жер сілкісі болса да, кейбір жаңа нысандар оған шыдамауы мүмкін деген пікір айтып жатыр. Бұл рас па?" деп сұрақ қойды.

Ол бүгінде Алматыдағы жағдай тұрақты екенін атап өтті.

"Шыдады ғой (Соңғы болған жер сілкінісіне нысандар – автор). Заң аясында тексерісті күшейту бойынша тиісті шаралар қабылданып жатыр. Оны депутаттар қолдап жатыр. Бүгінде қаладағы жағдай тұрақты", - деді вице-министр.

Еске салайық, 23 қаңтарда Алматыда жер сілкінісі болды. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі "НТЦСН и И" сейсмикалық станциялар желісі Алматы уақыты бойынша сағат 2024 жылғы 23 қаңтарда сағат 00:09:02-де (2024 жылғы 22 қаңтарда Гринвич бойынша 18 сағат 09 мин 02 сек) жер сілкінісі тіркелгенін хабарлады. Жер сілкінісі MSK-64 шкаласы бойынша Алматыда 5 балл, Шымкент 2 балл болып сезілген. 

Артынша жер сілкінісі тағы да сезілді. Көп ұзамай жер сілкінісінің үшінші толқыны сезілді.  

Алматыда жер сілкінісі қайталанбайды

Сейсмикалық болжау комиссиясы Алматыдағы жағдай бойынша қорытынды жасады. Сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулердің ұлттық ғылыми орталығының базасында комиссия Алматы болжамдық полигонының аумағындағы сейсмикалық жағдайға бағалау жүргізеді. Оның қорытындысы бойынша комиссияның кезектен тыс отырысының хаттамасы дайындалады.

"Комиссияның қорытындысына сәйкес күшті және жойқын жер сілкінісі күтілмейді", - деп жазылған хабарламада.

Алматы қалалық полиция департаментінің қызметтері мен бөлімшелері қызметтің күшейтілген нұсқасына көшірілді. Қаладағы жағдай тұрақты екені айтылды.  

Аяз Есен

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!