Сіңір созылу – холестерин көбейгенінің белгісі

Сіңір созылу – холестерин көбейгенінің белгісі
Фото: pexels.com

"Холестериннің көбейгені жақсы емес" дегенді жиі естиміз. Холестерин жақсы және жаман деп бөлінеді. Жаман холестерин деген қан тамырының ішінде қабырға тұсында беріш боп жабысып қалатын липид (май) тектес қоспа. Беріш боп бекіп қалған мұндай липид артерия бойымен қанның жүруіне кедергі келтіріп, жүрекке, басқа да ағзаға күш түсіреді.

Холестериннің көбейіп кеткені жаман екенін бәріміз білсек те, айқын белгілерін байқай бермеуіміз мүмкін. Канада еліндегі Британ Колумбия унверситетінің (UBC) жақында жариялаған еңбегінде ағзада холестерин көтеріліп кеткенін білдіретін белгінің бірі – тобықтың, тілерсек тұсының сыздап ауруы деп көрсеткен.

"Холестерин қан тамырында жиналады да, көбейіп кеткен жағдайда қан тамырынан шетке тарап, сіңірге барып жабысады. Әсіресе аяқтың тобық пен тілерсек бөлігінде көп жиналады. Мұны біз тығыздығы төмен липопротеин мен сіңірде жиналған коллагеннің биохимиялық құрамын салыстырғвн кезде білдік. Холестерин сіңірге кеп жиналған сайын қабыну асқынады да, адамның жүріп-тұруы қиындайды. Аяғы сыздап ауырады. Кейде тобықтың үстінен жара шығуы мүмкін", - деп түсіндіреді университет зерттеушілері.

Медицинада бұл процесс сіңір ксантомасы деп аталады. Тобықтағы жара асқынған кезде ксантомаға айналады да, адамның жүруі қиындап кетеді.

"Біздің ойымызша, ксантома асқына келе сіңірдегі сұйықтықты азайтып, құрғатып жібереді. Содан сіңір тез созылады. Ал сіңір жұмсарған сайын, үзіліп кету қаупі артады. Адам аяғы содан ауырады", - дейді сіңір анатомиясын 10 жыл зерттеген, физиотерапия доценті Алекс Скотт.

Мамандардың айтуынша, қандағы холестеринді азайту үшін ең алдымен диетаны жөндеу керек. Майлы тағамдарды азайтып, қуырылған ет пен ірімшікті, майлы сүт пен сары майды жеуді шектеген жөн.

Холестеринді азайтудың басқа да жолдары жайлы біз мына сілтемеде жазған едік.

Қ. Слямбек