12 жылдан кейін бұйырған Олимпиада жолдамасы

12 жылдан кейін бұйырған Олимпиада жолдамасы
Фото: vesti.kz

Велотректен Қазақстан ұлттық құрамасының көшбасшысы Артем Захаров омниумдағы көпсайыс бойынша Рио Олимпиадасының жолдамасын жеңіп алды. Бұл туралы ҚР велоспорт қауымдастығы хабарлап отыр.

Велотректе Олимпиада ойындарына тікелей жолдамалар берілмейді. Іріктеу кезеңдері арқылы ғана таратылады. Азия және әлем кубоктарында сәтті өнер көрсеткен Артем Захаров олимпиадалық рейтингте үздік 18 спортшының қатарына енді. Нәтижесінде жазғы Олимпиада ойындарының жолдамасын жеңіп алды.

Соңғы рет еліміздің атынан Олимпиада ойындарына велотрекшілер 2004 жылы Афины Олимпиадасында бақ сынаған. Ол кезде ел намысын Юрий Юда, Алексей Колесов пен Илья Чернышев қорғаған болатын. Нәтижесінде араға 12 жыл салып бұл спорт түрінен Олимпиада жолдамасы бұйырып тұр.

Артем Захаров ұлттық құрама сапындағы тәжірибелі спортшылардың бірі. Ол 2013 жылы Азия чемпионы, Азия кубогының иегері, 2013 және 2016 жылы әлем кубогының қола жүлдегері, Азия чемпионатының қола және күміс жүлдегері атанған.

Айта кетейік, 5-21 тамыз аралығында өтетін Олимпиада ойындарына қазақстандық спортшылар жетінші рет қатысады. 2012 жылы Лондонда өткен бәсекеден кейін әлем жұртшылығы Қазақстан құрамасының қарымы жайлы сөз ете бастаған-ды. Енді қазақстандық спортшылар Ұлыбританиядағы жетістікті Бразилияда жалғастыра білсе, нұр үстіне нұр болар еді. Бүгінде Қазақстан құрамасы Риодағы Олимпиадаға 110 спортшыдан кем апармау мақсатын алға қойып отыр.

О. Сансызбай