Қазақстанда жойылып кету қаупі төніп тұрған жануарлар #2

Қазақстанда жойылып кету қаупі төніп тұрған жануарлар #2

Ғалымдар Жер шарындағы жәндіктердің азаюына байланысты 73 зерттеу жүргізген. Нәтижесінде, ғаламшарымыздағы жәндіктер жылына 2,5 пайызға қысқарып бара жатқаны анықталған. Егер осылай жалғасатын болса, тағы 1 ғасырдан кейін жер бетінде мүлдем жәндіктер қалмайды екен. Еуропада 30 жылдан астам уақыт ішінде жәндіктердің саны 80 пайызға азайып, құстар папулациясының 400 миллионға жуығы жойылып кеткен. 

Қазақстанда жойылып кету қаупі төніп тұрған жануарлар

Бүкіләлемдік жабайы табиғат қорының 2014 жылғы баяндамасында 1970 жылдан бастап жабайы жануарлардың саны екі есеге азайып кеткені туралы жазылған. Назарларыңызға Қазақстанда жоғалып кету қаупі төніп тұрған жануарлар тізімін ұсынамыз.

1. Арал бекіресі

Арал бекіресі, пілмай (Acіpenser nudіventrіs) – бекіретәрізділер отрядының бекірелер тұқымдасына жататын балық.

Арал бекіресі – Арал, Азов және Қара теңіздерінен, Каспий теңізінің оңтүстік бөлігінен және оған құятын өзендердің сағаларынан ауланады. Балқаш көліне жіберіліп, жерсіндірілген. Оның еті дәмділігі мен тағамдық қасиеті жағынан бекіренің етінен сәл төмендеу.

Каспий және Арал теңіздерінде кездеседі. Балқашта жерсіндірілген. Дене тұрқы 210 см, салмағы 60 килодай.

Тіршілік ортасына сәйкес Арал бекіресінің қорек құрамы өзгеріп отырады. Арал бекіренің еті өте дәмді, уылдырығы бағалы келеді, кәсіптік түр, сондықтан кезінде өте көп ауланған. Арал бекіре қорғауға алынып, Қазақстанның "Қызыл кітабына" енгізілген.

2. Алтай арқары

Алтай арқары (лат. Ovis ammon ammon) – жұптұяқтылар отряды, қуысмүйізділер тұқымдасының бір түрі. ХІХ ғасырдың басында батыс және оңтүстік Алтай тауларында кең таралған.

ХІХ ғасырдың 70-жылдарында бұл тауларда ол жойылып кетті. Қазақстанда қазіргі кезде  Күршім жотасында, Қалмашық өзенінің жоғарғы ағынындағы биік тау беткейлерінде және Бұқтырма су қоймасының солтүстік-шығыс жағындағы тауларда тіршілік етеді.

Негізінен теңіз деңгейінен 800-3000 метр биіктіктегі тау шалғындарында мекендейді. Жазда таудың альпі және субальпі белдеулерін мекендесе, күз түсе тау етектеріне қарай қоныс аударады. Қошқарының шоқтығының биіктігі 125 см-ге, мүйізінің ұзындығы 129 см-ге дейін жетеді. Алтай арқары – өте бағалы аң. Саны азайып, таралу аймағы қысқарып бара жатқандықтан қорғауға алынып, Қазақстанның "Қызыл кітабына" еңгізілген. Оны аулау 25 мың доллар, әлемдегі бағасы 55 мың доллар тұрады.

Сақ дәуірінде арқар елдіктің рухты символы болып саналған. Есік қаласының жанынан табылған Алтын адамның бас киімінің ең жоғары бөлігіндегі алтыннан құйылған мүсіні соған айғақ бола алады. Жалпы, елімізде  арқарлардың саны – 16 мыңнан аспайды.

3. Лашын

Лашын(лат. Falco peregrinus) – сұңқар тұқымдасына жататын жыртқыш құс. Қазақстанда Іле алабының төменгі ағысында, Ертіс – Есіл өзендері алабында, Алакөл, Қызылтұз, Зайсан көлдері маңындағы адырларда, Алтай, Алатау, Тарбағатай тауларының бөктерлерінде кездеседі.

Лашын қатты екпін алып құсқа шүйілгенде секундына 100 метрге дейінгі жылдамдықпен ұша алады. Жалпы сағатына 300 км шапшаңдықпен ұшады. Осы әбжілдігінің арқасында браконьердің басты олжасына айналып отыр. Ерекше құсты шетелде әміресе араб елдерінде сатып алғысы келетін қалталылар өте көп. Нарықтағы бағасы 100 мың долларға дейін барады. Өткен ғасырдың 90-жылдары елімізде 4 мың Лашын болғаны жайлы дерек бар. Бүгінде оның нақты саны туралы дерек жоқ. Тек биыл Алматыдағы "Сұңқар" орталығы 1989 жылдан бері жабайы табиғатқа 700 лашын ұшырғанын айтады. Лашын 1996 жылы Қазақстанның "Қызыл кітабына" енгізілген.

4. Ақ тырна

Ақ тырна (лат. Grus leucogeranus) — тырналар тұқымдасының бір түрі. Қазақстанның батыс және орталық аймақтарын көктемгі және күзгі  ұшу кезінде қоныстайды. Бұл кезде Наурызым қорығында, Ырғыз және Торғай өзендері мен Арал теңізі жағалауында жиі кездеседі. Сирағының төменгі жағы қауырсынсыз, құйрығы қысқа. Мойны, аяғы ұзын. Қанатының қарымы 2 метрге, салмағы 10 кг-ға дейін жетеді. Қанаты ақ, қанатының ұшы қара, тұмсығы қызыл. Суат маңын, көбінесе батпақты жерлерді мекен етеді. Қазақстанның "Қызыл кітабына" енгізілген.

Түрдің жалпы саны 1,5 мыңнан аспайды. Қазақстанда ұшып өтетін ақ тырналар тек Қорғалжын қорықтарында ғана қорғалады.

5. Қабылан


Қабылан (лат. Acinonyx jubatus) — сүтқоректілер класы, мысық тұқымдасына жататын аң. Африка, Орта Азия және Үндістанда таралған. Қазақстанда XVIII ғасырдың аяғы мен ХІХ ғасырдың басында Каспий мен Арал теңіздерінің аралығындағы шөлді аймақта тіршілік еткен. ХХ ғасырдың 50-жылдары сирек болса да, Үстірт пен Маңғыстау түбегінде кездесіп қалып жүрді.

Қабылан жануарлардың мысықтәрізділер түріне жатады. Ол сағатына 112 км жылдамдықпен жүгіретін ең жылдам жануар.

Қабыланның дүниежүзінде бір ғана түрі кездеседі. Ол Африканың савваналы далаларында, Аравия түбегінде, Иран, Ирак, Ауғанстан, Индияда, Шығыс Кавказда, Алдыңғы және Орта Азияның шөлейтті-шөлді алқаптарында таралған. Қабылланның терісі өте бағалы. Нарықтағы бағасы 10 мың доллар шамасында. Терісі қымбат жануарды браконьерлер аулап, тауысуға жақындаған.

"Бұл жануар ерте кездерде Қазақстан­­ның Маңғыстау және Үстірт өңір­леріндегі құмды жазықтықтары мен ұсақ қырат­тарда кездескен. Соңғы 35 жыл ішінде қабыланның елімізде кездескендігі туралы нақты деректер жоқ. Тек соңғы жылдары Арал теңізінің жағалауынан оның ізін және өзін көргендер туралы баспа беттерінде шағын мақалалар жарияланып, бірді-екілі қа­быланның Түркімен өңірінен ауып келген болуы мүмкін деген деректер бар", - дейді профессор Рысбай Сәтімбеков.

Қабылан Қазақстанның "Қызыл кітабына" 2010 жылы енгізілген.