Жәндіктердің жойылуы адамзатқа қандай қауіп төндіреді?

Жәндіктердің жойылуы адамзатқа қандай қауіп төндіреді?
Фото: kk.wikipedia.org

Жәндіктердің жойылуы адамзатқа қандай қауіп төндіреді? Олардан кейін жәндіктермен қоректенетін жануарлар, өсімдіктер де жоғалып кетуі мүмкін. Бұған жол бермеу үшін зерттеушілер ауыл шаруашылығын басқару жүйесін қайта қарауды ұсынады. Себебі, жәндіктердің қоректенетін, өмір сүретін мекені де осы – ауыл шаруашылығы.

Алдағы онжылдықта жәндіктердің жартысы жоғалады. "Көбелектер, аралар мен қоңыздар ең алдымен жойылып кететін жәндіктер қатарында", - деп дабыл қағуда Сидней университеті және Қытай ауылшаруашылық ғылымдары академиясы зерттеушілері. Басты себеп – тіршілік ететін ортаның болмауы.

"Мұның соңы түзеуге келмейтін қателіктерге алып келуі мүмкін. Себебі, олар экожүйенің негізі саналады", – дейді ғалымдар. Ғалымдар Жер шарындағы жәндіктердің азаюына байланысты 73 зерттеу жүргізген. Нәтижесінде, ғаламшарымыздағы жәндіктер жылына 2,5 пайызға қысқарып бара жатқаны анықталған. Егер осылай жалғасатын болса, тағы 1 ғасырдан кейін жер бетінде мүлдем жәндіктер қалмайды екен.

Ғалымдардың пікірі бойынша, қарқынды ауыл шаруашылығына көшу жәндіктердің жоғалуына әкеледі. Сондай-ақ, жәндіктердің жоғалуына – синтетикалық пестицидтер мен тыңайтқыштар, биологиялық факторлар және қоршаған ортаның ластануы, ауа райының өзгеруі себеп болып жатыр. Ауа райының өзгеруі әсіресе тропикалық аймақтарда маңызды. Дегенмен, жәндіктердің жойылуының негізгі себебі ауыл шаруашылығы болып табылады.

Жәндіктердің жоғалуы тізбекті реакцияға әкеледі: көптеген құстар, бауырымен жорғалаушылар, жер және судағы жануарлар аштықтан қырылып қалады. Ауыл шаруашылығы да айтарлықтай зардап шегеді.

"Бұл зерттеу – үлкен қадам", – дейді эколог Джорджина Мейс. "Аталған деректер Америка Құрама Штаттарынан және Еуропадан алынған. Оңтүстік Америка мен Африка туралы ешқандай ақпарат жоқ және осы аймақтардағы жағдайды бағалау қиын. Ол жердегі жағдай бұдан да күрделі болуы мүмкін", – дейді эколог.

Айта кетейік, жәндіктер – өсімдіктердің қоректік тізбегі мен тозаңдануындағы маңызды буын саналады. Олардың санының азаюы экожүйенің апатқа ұшырауына әкеледі. Еуропада 30 жылдан астам уақыт ішінде жәндіктердің саны 80 пайызға азайып, құстар папулациясының 400 миллионға жуығы жойылып кеткен.

Т. Раушанұлы