Қазақстанда жойылып кету қаупі төніп тұрған жан-жануарлар

Қазақстанда жойылып кету қаупі төніп тұрған жан-жануарлар

Ғалымдар Жер шарындағы жәндіктердің азаюына байланысты 73 зерттеу жүргізген. Нәтижесінде, ғаламшарымыздағы жәндіктер жылына 2,5 пайызға қысқарып бара жатқаны анықталған. Егер осылай жалғасатын болса, тағы 1 ғасырдан кейін жер бетінде мүлдем жәндіктер қалмайды екен. Еуропада 30 жылдан астам уақыт ішінде жәндіктердің саны 80 пайызға азайып, құстар папулациясының 400 миллионға жуығы жойылып кеткен. 

Бүкіләлемдік жабайы табиғат қорының 2014 жылғы баяндамасында 1970 жылдан бастап жабайы жануарлардың саны екі есеге азайып кеткені туралы жазылған. Назарларыңызға Қазақстанда жоғалып кету қаупі төніп тұрған жануарлар тізімін ұсынамыз.

©24.kz

Қарақұйрық 

Қазақстанда Үстірт пен Маңғыстауда, Арал өңірінде, Қызылқұм, Мойынқұм, Бетпақдаланың оңтүстігінде, Оңтүстік Балқаш өңірінде (Тауқұм, Сарыесікатырау) кездеседі.  Қарақұйрық аша тұяқтылар отрядының қуысмүйізділер тұқымдасының киіктер (газель) туысына жатады. Қауіп төнгенде 4-5 метрге дейін қарғитын жануар жылдам жүгіреді. Дәмді еті мен терісі үшін көп ауланған. Терісінен сырт киім, жазғы аяқ киім, мәсі тігіледі, саба және қауға жасаған. Қазір саны аз, Қазақстанда бар-жоғы 13-15 мыңдай. Оның 5-7 мыңы "Алтынемел" ұлттық табиғи саябағында, қалғаны Үстірт қорығы мен Ақтау – Бозащы қорықшасында қорғауға алынып, Қазақстанның "Қызыл кітабына" енгізілген. 

©Martebe.kz

Жиекдуадақ 

Дуадақ (лат. Otis tarda) — тырнатәрізділер отрядының бір тұқымдасына жататын құс. Шығу тегі жөнінен тырналарға ұқсас болғандықтан оларды бір отрядқа жатқызады. Дуадақдың қазба қалдықтары эоцен дәуірінен белгілі. Дене тұрқы тауыққа ұқсас. Дуадақ — үнсіз әрі сақ жүретін құс. Құрлықта жүруге, жүгіруге бейімделген үш бармағы болады. Салмағы 4-11 кг, ірілері 20 кг-ға жетеді. Қазір Қазақстанда 10 мыңға жуық дуадақ бар. Жыл сайын тек араб шейхтарына ғана ортадағы келісім-шарт бойынша аулауға рұқсат етіледі. 

Бүркіт 

Бүркіт – сұңқар тәрізділер отряды, қаршыға тұқымдасының қыраңдар туысына жататын ірі жыртқыш құс. Бүркіт солтүстік Американы, Еуразияны, солтүстік-Батыс Африканы, Жапония аралдарын мекендейді. Қазақстанда оның 6 түрі таралған. Жетісу өңірінде, сондай-ақ басқа аймақтардағы жазық жерлерде, тау бөктерінде кездеседі. Бүркіт — қырандар ішіндегі ең ірі, әрі күшті, дене бітімі мығым, жылдам ұшатын құс. 

©wikipedia

Сабаншы (манул) 

Сабаншы (Otocolobus manul немесе Felis manul) — жыртқыштар отрядының мысықтәрізділер тұқымдасына жататын аң. Қазақстанда Маңғыстауда, Үстіртте, Мұғалжар жотасында, Қаратауда, Тянь-Шаньда, Іле, Жетісу (Жоңғар) Алатауларында, Тарбағатайда, Оңтүстік Алтайда, Сарыарқада тараған. 

Дене мөлшері үй мысығындай, тұрқы 52-65 см, салм. 4-5 келі. Үлпілдек жүні ашық сұр, қоңырқай түсті, арқасында көлденең жіңішке 6-7 қара жолағы болады. Құйрығы келте, арқасындағы 8 қара жолағы анық көрінеді. Құлақ қалқандары өте кішкентай, самайында шоқша сақалы бар. Шөл далада тіршілік етеді. Інін жартас арасына салады, ірі кеміргіштердің індерін де мекендейді. Ақпан-наурыз айларында мауығып, сәуір-мамырда мысықтайды (2 — 8 аралығында). Қорегі — кемірушілер (тоқалтістер, шақылдақтар), торғайтәрізді құстар. Жемін ымыртта, түнде аулайды. Сабаның кәсіптік маңызы шамалы болғанымен ғылыми мәні құнды. Саны өте аз, сондықтан қорғауға алынып, Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. 

©anatili.kazgazeta.kz

Қарақал

Қарақал, дала сілеусіні (лат. Caracal caracal) – мысықтар тұқымдасына жататын жыртқыш аң. Қазақстанның шөл, шөлейтті аймақтарында және тау аңғарында кездеседі. Олар осындай ауданда тіршілік етуге бейімделген. Құмды жерде жақсы жүре алады, өйткені табандары жүнді келеді, осының жәрдемімен денесі құмға батпай, сусымалы құмдардан жеңіл жүріп өте алады. Денесінің ұзындығы 65-82 см, құйрығының ұзындығы 25-30 см, салмағы 11-13 келі. Қазақстанда Қарақал жылдан-жылға азаюда, сондықтан қорғауға алынып, Халықаралық табиғат қорғау одағының және Қазақстанның "Қызыл кітабына" енгізілген. Қазір Қарақал  Үстірт қорығында, Ақтау-Бозащы, Қарақия-Қарақол қорықшаларында өсіріледі. Саны 300-ге жуық.

©argymaq.kz

Құлан 

ХХ ғасырдың алғашқы жартысына дейін құлан Қазақстанның жазық даласында үйір-үйірімен топтанып жүрген. Қыс айларында Каспий теңізінен шығысқа Іле ойпатына дейін кең таралған. Жазда Қарағанды Ақтөбе, Қостанай облыстарының жерін жайлаған. Құланды есепсіз аулау – оның қазақ жерінде құрып кетуіне әкеліп соқты. Республикада Құланды жерсіндіру жұмысы 1953 жылы басталды. 1953 – 1964 жылы Арал теңізінің Барсакелмес қорығына Түрікменстаннан 19 құлан жерсіндірілді. 1982 жылы бұрынғы Қапшағай мемлекеттік аңшылық-қорық шаруашылығына (қазіргі "Алтын емел" МҰТБ) 23 бас құлан (7 аталық, 16 аналық), ал 1983 жылы Барсакелмес қорығынан тағы да 4 аналық құлан әкелініп жіберілген. 2006 жылы бұл үйірдің саны 1118 басқа дейін жетті. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі зоология институтының есебі бойынша "Алтын емелде" МҰТБ құландардың саны 3 мың бас. Құланның саны дүниежүзінде жылдан-жылға азаюына байланысты қорғауға алынып, Халықаралық табиғат қорғау одағының және Қазақстанның "Қызыл кітабына" енгізілген. 

©adilet.tv

Қар барысы 

Қар барысы, ірбіс (лат. Uncia uncia) Орталық Азиядағы тауларда, Солтүстік Үндістан, Пәкістан, Байкал, Тибет өңірлерін мекендейтін мысық. Түрдің таралуы Орталық Азия және Оңтүстік Сібір тауларын қамтиды. Алтай тауларында бірең-сараң аңмен кездесу Күршім, Холзун, Оңтүстік Алтай, Тарбағатай, сондай-ақ Бұқтырма, Қарақаба өзендерінің жоғарғы жағында, Марқакөл маңында байқалды. Тянь-Шань, Тарбағатай, Сауыр мен Алтайдың биік жоталарында таралған; таулардың альпі және субальпі белдеулерінде құзды, жартасты жерлерді мекендейді. Соңғы деректерге қарағанда, Қазақстанда 130-дай ірбіс қалған. Ал жалпы Орта Азияда 7,5 мың қар барысы бар. 

©livingasia.online

Мензбир суыры 

Мензбир суыры, көк суыр (лат. Суыр menzbieri) – сүтқоректілер класы кемірушілер отрядының тиіндер тұқымдасына жататын ең кішкентай суыр. Қазақстанда Сайрам, Сарыайғыр, Бадам және Өгем өзендерінің таулы аңғарларында теңіз деңгейінен 2000–3400 метр альпі және субальпі шалғындарын мекендейді. 

Мензбир Суырының саны жылдан жылға азаюда. 1940 жылы Қазақстанда 40–50 мыңдай Мензбир суыры болса, қазіргі саны 20–25 мыңнан аспайды. Мензбир Суыры – терісі бағалы аң, майының шипалық қасиеті бар. Аулауға тыйым салынған, Халықаралық табиғат қорғау Одағының және Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген. 

Т. Раушанұлы