Жаңа жылды қалай қарсы алсаң, жылды солай өткізесің

Жаңа жылды қалай қарсы алсаң, жылды солай өткізесің
Фото: wallpaperbeta.com

Келе жатқан жаңа жылға ерекше дайындық жасап, ақ ниет, көтеріңкі көңілмен күтеміз. Ал 31 желтоқсан күні кейбіріміз отбасы мүшелерінің ортасында болсақ, біріміз қаланың көрікті жерлеріне барып қыдырып, демалғанды жақсы көреміз. Кейбіріміз тіпті жаңа жылды жұмыста, машинада, пойызда, ауруханада қарсы алып жатамыз.

Ал өрт сөндіру қызметкерлері мен дәрігерлер бұл мерекені отбасымен қарсы алатын кезі сирек. Не де болса, «жаңа жылды қалай қарсы алсаң, тұтас жылды солай өткізесің» деген ұстанымды біріміз ұстансақ, біріміз тіпті пысқырып қарамаймыз.

Келер жылдан не күтесіз? Сіз оның жүзеге асқанын қалайсыз ба? Міне, осы сұрақтарға берер жауабыңыз, жаңа жылды қалай қарсы алуыңыздың да жауабы болмақ. Алайда жаңа жылды кіммен, қайда қарсы алу әркімнің өз қолында, өз қалауында.

Жаңа жылды отбасымен бірге қарсы алатындар – өмірде ең бірінші ата-анасын, жанұясын қоятын жандар. Себебі олар үшін жанұя қуанышы, бірлігі, амандығы қымбат. Сонымен қатар олар жанұямен өткізген жақсы күн мен бөлісе білген қуаныш ертеңгі күні керемет естелік болатынын біледі. Сол күні түскен суреттері де бір күні сағынғанда қарап отыратын жақсы дүниеге айналарын сезеді. Олар жаңа жылды қалай өткізсең, сол ағынмен бір жылың солай өтеді дегенге сенбейді де. Себебі өмірді жақсы етіп өткізу – әркімнің өз қолында екенін біледі.

Қазақ халқы ырымшыл болған соң, елімізде жаңа жылды осындай сеніммен қарсы алатындар қатарын жоққа шығара алмаймыз. Бір қарағанда, бұл сенім ол жандарға жаңа жылын ерекше етіп қарсы алуға септігі де тиетіндей көрінеді. Осы сенім арқылы мерекені шын сезініп, барынша дайындалады, қандай жағдай болса да көңіл-күй түсірмеуге тырысады.

Бір жылда бір рет келетін мерекені ойдағыдай, көңілді, жақсы етіп өткізу әркімнің өз еншісінде. Бастысы жаныңызға жақын жандарыңыз аман болсын! Жаңа жылдан жаңа жылға аман-есен жете беріңіздер!

Н. Үсенова