Қараша соңында «Тергеушілер» картинасы көрерменге жол тартады

Қараша соңында «Тергеушілер» картинасы көрерменге жол тартады
Фото: «Хабар» арнасы

«Хабар» Агенттігінің тапсырысымен «Тергеушілер» телехикаясының түсіріліп жатқандығын айтқан едік. Бүгінде картинаның түсірілімі толықтай аяқталып, шығармашылық ұжым монтажына кіріскен. «Хабар» арнасы туындыны қараша айының соңында көзі қырағы көрерменге ұсынуды жоспарлап отыр. 

Жаңа картина туралы «Хабар» арнасының директоры Сандуғаш Рахимжанова: «Детектив жанры көрерменге қашанда қызық, себебі, көрерменді өзінің сюжетімен елітіп, кейіпкерлермен бірге жұмбақтың шешімін табуға ұмтылатындығынан болар. «Тергеушілер» детективті телетуындысы осындай жобалардың бірі. Сондай-ақ көрермен фильмнен құқық қорғау органдарының қалай жұмыс істейтіндігін көреді», - дейді.  

Барлығы 16 сериядан тұратын «Тергеушілер» хикаясының  әр бөлімі бір қылмысты ашуға бағытталған. Жас, батыл тәртіп сақшыларының шытырман оқиғаға толы қызметі, қылмыскерлерді тұтықындау барысының қалай жүзеге асатындығы телехикаяға арқау болған. Бір қызығы фильмдегі ІІД жедел тобын әйел адам басқарады. Оның, яғни Кәмшат Мырзабекқызының рөлін актриса Гүлшарат Жұмабаева  сомдайды. «Бұл көрерменнің қызығушылығын арттыра түседі. Маған Қазақстанда ерлердің билігі басым дегенді көп айтқан. Бірақ мен әйелдердің де басшылық қызметпен айналысатындығын жиі көріп жүрмін. Сол себепті, неге әйел адам тергеу комитетінің басшысы бола алмайды деп ойладық. Ал, Гүлшарат өте талантты және әдемі актриса, сонымен қатар бұл оның ең маңызды ролдерінің бірі болады деп ойлаймын», - дейді туындының режиссері Ахтем Сейтаблаев.

Жалпы сериалдың екі режиссері бар. Оның бірі – украиналық режиссер Ахтем Сейтаблаев болса, екіншісі қазақстандық актер әрі режиссер Антон Митнев. Екеуі де кино саласының нағыз мамандары, талай жүлденің иегерлері. Неліктен украиналық маман шақырғандығы жөнінде картинаның продюсері Динара Адам: «Ахтем Украинаның ең үздік режиссерлерінің бірі. Осы жылдың 18 мамырында «Чужая молитва» деген фильмінің премьерасы болды. Бұл 90 еврей баласын өлімнен құтқарған қырым татарлары туралы соғыс драмасы. Ол шын мәнінде көрерменге ойлағанын жеткізе алатын, кейіпкерлердің өміріне еніп кететіндей етіп кино түсіретін режиссер. Біз үшін оның қатысуы үлкен жетістік. Антон Митневты қазақстандық көрермен жақсы таниды. Ол да өте талантты» деді.     

Айта кетейік, фильм неміс франшизасының негізінде түсірілген. Германия көрермендерінің арасында 10 жылдан астам танымалдығын жоймаған туындының қазақстандық нұсқасын біздің отандастарымыз жақын арада бағалай алады.

А. Оралқызы