Орталық Азияға саяхат

Орталық Азияға саяхат
Фото: Kazakh TV

«Kazakh TV» арнасында жиһанкездер туралы жаңа бағдарлама көрерменге жол тартады. Үш мемлекеттен шыққан достар Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанның мәдени, тарихи жерлерін аралап, туған жерлерінің әсем табиғатымен таныстырады, қонақжай халқымен кездестіреді. «Companions» шоуында жігіттер өзара жарысып, қай мемлекеттің көрікті мекендері көп, соны анықтайды.

Алғашқы сапар Қырғызстан мемлекетінен басталды. Бұл – Орталық Азияның ең таулы аймағы. Көрген адам табиғаттың сұлулығы мен тау-тасы, орманы мен суының әдемілігіне тамсанбай қайтпас. Ал оны жоғарыдан тамашалау екі есе, жоқ мың есе әсерлі.

Айтпақшы, жігіттермен таныстыра кетейін. Кәрім Кубаешев Қазақстаннан, Белек Тургунов қырғыз елінің, ал Еркебұлан Шиналиев Өзбекстанның тумасы. Саяхатшылар бірге жұмыс істейді. Олар бағдарлама барысында түрлі көлік құралдарына мініп, елдерін сан қырынан тамашалауға мүмкіндік береді.

Ежелде бабаларымыз ат құлағында ойнайтын болған. Ал бүгінде бұл спорт, демалыс түріне айналып келеді. Біздің саяхатшылар атқа мініп, таулы аймақтардың таза ауасын жұтып, мөлдір суын ішіп қайтты.

Ыстықкөлдің таулары жанға рахат сыйлайды. Жобаның ең белсенді жүргізушісі Кәрімнің өзі бұл жерде табиғатпен үндесіп, тыныштықпен сырласып отыр.

Чолпан-ата – Қырғызстанның Ыстықкөл облысында орналасқан, саяхатшылар көп келетін қала. Таулы жоталары, тарихи-мәдени мұражай-қорығы, қорған обалары туристердің қызығушылығын арттырып келеді. Бұл аймақтың адамдары өте қонақжай екен. Біздің жігіттерге жол көрсетіп, тарихымен таныстырды. Ал, ең бастысы ұлттық бас киімдегі кішкентай бала халық әнін орындап, саяхатшыларды тамсандырды.

Біздің халықтарымыздың тарихы, мәдениеті мен дәстүрі бір-біріне өте ұқсас. Бағдарлама барысында жиһанкездер Ыстықкөлдегі тарихи мұражайға барып, көшпенді халықтардың мәдениетімен танысты.

Сонымен қатар ол жақта 42 гектарды алып жатқан ашық аспан астындағы мұражай бар. Кейде оны «Тастар бақшасы» деп те атайды. Ғажайып тастарда ежелгі суреттер мен таңбалар сызылған.

Ал, келесі бағдарлама Қазақстанда түсірілді. Бұл Маңғыстау облысындағы Бозжыра аймағы. Оның тылсым табиғаты сізді өзге ғаламға алып кетеді. Ойлы-қырлы тауы таңғажайып сырларды, талай тарихты қойнауында жасырып жатқанын сөзсіз.

Бозжыра шатқалының сұлулығын сипаттау қиын. Бұл біз көріп жүрген табиғат көрністерінен ерекше, аспанмен астасқан тау шатқалдары, 200 метрдей найзатастар, ақ мамыққа оранған ғажайып мекен, көрген де арманда, көрмеген де арманда.  

Бұл жақтағы таулар таудың түзілуінен емес, Тетіс өзенінің тартылуынан пайда болған деседі. Мұнда екі атақты құз бар, пішіндеріне қарай халық «Бозжыраның азу тістері» деп атап кеткен.

Қазақстанның батыс аймағы әдемі жерлерге толы. Солардың бірі Маңғыстаудағы шарлар алқабы. Көп шақырымға созылған тегістіктен кейін, күтпеген жерден тас шарлар пайда болады. Бұл шарлардың қайдан келгенін ешкім білмейді. Ғалымдар 250 жылдан бері бастарын қатырып, зерттеу жұмыстарын жүргізуде.

Бекет-ата мешіті – Маңғыстау, Үстірт, Жем бойындағы Бекет Ата есімімен байланысты жер асты ғимараттарының ортақ атауы. Олар туралы халық жадында сан алуан аңыз бар. Халық Бекет Атаның өмірін, қысылғанға жар болған ерекше қасиетін, әулиелігін ықыласпен әңгімелеп, ұрпақтан ұрпаққа жалғастырып келеді.

Батыста тек киелі мекендер ғана емес, ойын-сауық құратын жерлер де өте көп. Спортты сүйетіндер үшін пейнтбол ойыны нағыз белсенді демалыс болады. Айтпақшы, әр елге барғанда 3 жүргізуші сайысқа түсіп, оларға бал қойылып отырады.

Маңғыстауды Каспийсіз елестетуге бола ма? Толқыны жан тербетер Каспийдің сұлулығын ауызбен айтып, суретпен көрсете алмаспыз. Орта Азия елдерімен тереңірек танысқыңыз келсе «Kazakh TV» арнасымен бірге болыңыз. Ал, «Companions» бағдарламасын мына сайттан да тамашалау мүмкіндігі бар.   

А. Оралқызы