Массагет бәйгесі. Жеңіске жетер күн жақын!

Массагет бәйгесі. Жеңіске жетер күн жақын!

Бүгін футболдан Бразилия жерінде өтіп жатқан Әлем Чемпионатының жартылай финалдық кездесулері басталады. Сонымен қатар, Massaget.kz порталы жариялаған болжамдар бәйгесі жалғасады. 

Бүгін жартылай финалдық ойындардың алғашқы кездесуі Бразилия мен Германия құрамалары арасында ойналады. Екі мықты құрама жартылай финал үшін лайықты еңбек етті. Спорт мамандары да екі ұжымның жолы жартылай финалда түйісетінін алдын ала болжаған болатын. Ал, финалға қай құраманың шығатынын дөп басып айту қиын. Ақтық айқасқа шығу үшін екі құрама да аянып қалмасы анық. Ендеше, тартысқа толы ойынды жіберіп алмаңыздар! Ал, біз әдеттегідей ойындар алдындағы шолуға кезек береміз.

Бразилия vs Германия

Алаң иесі болғандықтан бұл сында бразилиялықтарға артылар жүк жеңіл емес. Әлем чемпионаты алдында мамандар Бразилия құрамасын «А» тобының ғана емес, әлем чемпионатының басты фавориті санаған болатын. Алаң иелері топтық кезеңнен қиындықсыз өтті. Олар алғашқы ойында Хорватия құрамасын ұтса (3:1), екінші турда мексикалықтармен тең (0:0) ойнады. Ал, соңғы турда Камерун құрамасын тас-талқан етіп жеңді (1:4). Осылайша жеті ұпайды қанжығаға байлаған Луиш Филипе Сколари шәкірттері, өз тобының көшбасшысы атанды. Ширек финалда олар «Әлем чемпиондарын үйіне қайтарған» Чили құрамасымен кездесті. Тартысты өткен кездесу тең аяқталып, ойын тағдыры пенальти арқылы шешілген болатын. Чилиліктерді жеңгеннен кейін Бразилияның 1/4 финалдағы қарсыласы Уругвай құрамасын 2:0 есебімен ұтқан Колумбия құрамасы болды. Луиш Филипе Сколари шәкірттері бұл ойында да жинақы ойын үлгісін көрсетіп, жеңімпаз атанды. Жанкүйерлер жартылай финалға өттік деп, жеңіс тойын тойлағанымен бұл ойында орын алған өкінішті бір жағдай талай көңілді құлазытып кетті. Биылғы Әлем чемпионатында үздік ойын өрнегімен көзге түсіп жүрген бразилиялық шабуылшы Неймарға қарсы Колумбия құрамасының қорғаушысы Хуан Камило Суньига өрескел ойын ережесін бұзды. Нәтижесінде Неймар дәрігерлердің көмегі арқылы алаңды босатқан-ды. Соңынан белгілі болғандай, футболшының бел омыртқасынан жарақат алғаны мәлім болды. Енді бразиялықтар немістерге қарсы болатын ойынға Немарсыз шағатын болады. Сондай-ақ, қорғаушы Тьяго Силва да бүгінгі ойынға қатыса алмайды.

Бразилия (шығуы мүмкін құрам) : Жулио Сезар, Майкон, Данте, Давид Луис, Марсело, Фернандиньо, Луис Густаво, Оскар, Фред, Халк, Жо.

Бапкер сөзі

Бразилия құрамасының бас бапкері Луиш Филипе Сколари: «Мен қазір жақсы ұйықтап жүрмін. Біз алға қарай нық қадам жасап келеміз. Өз елімізде өтетін Әлем чемпионатының финалына шығуға бір қадам қалды. Жартылай финалдық ойында Неймар болмайды, бірақ біздің команда да одан басқа 22 ойыншы бар. Олар қазір өздерінің команда үшін қатты қажет екендіктерін жақсы біледі. Бүгінгі ойынның біз үшін маңызы жоғары. Біз еліміз үшін, Неймар үшін күресеміз. Германия құрамасының ойыншылары алаңның әр нүктесінде де мықты. Олардың қорғанысы берік, шабуылшылары да, жартылай қорғаушылары да мықты. Біз немістермен финал жолында жолығатынымызды білген едік. Біз Германия құрамасын құрметтейміз, және олардың да бізге құрметпен қарағанын қалаймыз, - дейді. 

Германия құрамасы топтық кезеңді жақсы аяқтады. Алғашқы ойында Португалия құрамасын ірі есеппен (4:0) тізе бүктіріп, өз тобының көшбасшысы екенін дәлелдей түсті. Екінші турда ганалықтармен тең ойнағанымен (2:2), соңғы турда АҚШ құрамасынан 1:0 есебімен басым түсті. Плей-офф кезеңінде Алжир құрамасымен кездесіп, қосымша уақытта жеңіске жетсе (2:1), 1/4 финалда француздардан айласын асырды. Енді «неміс машинасын» алаң иелеріне қарсы қиын ойын күтіп тұр.

Германия (шығуы мүмкін құрам) : Мануэль Нойер, Филлип Лам, Жером Боатенг, Матс Хуммельс, Бенедикт Хеведес, Бастиан Швайнштайгер, Месут Эзил, Сами Хедира, Тони Кроос, Андре Шюррле, Томас Мюллер.

Бапкер сөзі

Германия құрамасының бас бапкері Йоахим Лёв: « Бұл – құрлық аралық айқас. Екі еуропалық құрама латын америкалық ұжымдарға қарсы жартылай финалда жолығып отыр. Бразилиялықтарға 200 млн жанкүйер қолдау көрсетеді. Бұл – өте үлкен энергетика. Алайда біз өзімізге сенімдіміз. Себебі, біз жасауға тиісті нәрсенің бәрін істедік. Әлем чемпионаты турнирде ешқандай да команда бір қалыпты ойнамайтынын көрсетті. Бұл біріншілік төзімділікті, физикалық күш пен динамиканы қажет етеді», - дейді. 

Еске салайық, осыған дейін Әлем Чемпионатына орай Massaget.kz порталы болжамдар бәйгесін жариялаған болатын. Бір айға жоспарланып отырған бәйгенің ережесін осыған дейін жариялағанбыз. Енді өз болжамдарыңызды сайтқа тіркеліп (тіркелмеген болсаңыздар) жазуға мүмкіндіктеріңіз бар. Тағы бір ескеретіні, түсініксіз аттармен, осыған дейінгі есімдеріңізді өзгертіп болжамдарыңызды жариялауға тыйым салынады. Тек бүгінгі ақпаратта берілген бір ойынға ғана төмендегі "пікір жазу" деген аймаққа болжамдарыңызды жазыңыздар. Өзге әлеуметтік желілер мен өзге ақпарат соңындағы болжамдар қабылданбайтынын ескертеміз. Ал осыған дейінгі жасалған болжамдар бойынша көш бастап тұрған қатысушылармен мына сілтемеде таныса аласыздар. Сіздерге сәттілік тілейміз!

Ескерту: Болжам жасау уақыты Астана уақытымен түнгі сағат 01:00-де тоқтатылады. Сонымен қатар, ескерте кететін бір жәйт, ертеңнен бастап, толық 16 ұпайды иеленбегендер рейтингке енбейді. Базада аты-жөндері сақталып тұрады. Жарыс соңына дейін қатысушылар өтінішімен ешқандай өзгерістер енгізілмейтін болды. Осы қатысып отырған есімдеріңізді өзге қаріпке ауыстырып, өзгертуге болмайды. Ол кезде жаңа қатысушы ретінде тіркеліп кетесіздер. Және басынан ұпай жазылады. Алдағы финалдық кезеңдегі ойындар негізгі уақыт нәтижесімен есепке алынады! Қатысыңыздар! Жеңімпаз атаныңыздар! Алғашқы ондыққа енген қатысушыларға арнайы сыйлықтар беріледі!

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: football.sport-express.ru; 112.ua

Н. Айдархан