Массагет бәйгесі. Жүлдеден құр қалма!

Массагет бәйгесі. Жүлдеден құр қалма!

Бүгін футболдан Әлем Чемпионатының топтық кезеңіндегі екінші кездесулер жалғасын табады. Сонымен қатар, Massaget.kz порталы жариялаған болжамдар бәйгесі жалғасады. 

Бүгін «С» тобыннан Колумбия - Кот-д'Ивуар, Грекия - Жапония құрмалары бақ сынасады. Сондай-ақ, «D» тобыннан жанкүйерлер асыға күткен Уругвай - Англия кездесуі ойналады. Колумбия мен Кот-д'Ивуар құрамалары өз тобындағы көшбасшылыққа таласса, Грекия мен Жапония құрамалары үш ұпай үшін күресетін болады. Алғашқы турда сүрінген Уругвай мен Англия құрамалары үшін үш ұпай ауадай қажет. Ендеше, тартысты ойындардан құр қалмаңыздар. Ал, біз әдеттегідей ойындар алдындағы шолуға кезек береміз.

Колумбия vs Кот-д'Ивуар. Көшбасшылыққа талас

Бұл екі ұжым бұрын соңды өзара кездесу өткізіп көрмеген. Оның үстіне екі команда да алғашқы турда жеңіске жетіп, көш басына жайғасқан. Бұның бәрі бүгінгі ойынның тартысты өтетінін меңзейтіндей. Осы ойында жеңіске жеткен команда топтағы көшбасшылықты өз қолына алып, келесі кезеңнің қамын күйттейтін болады. Алғашқы турда Колумбия құрамасы Грекияны 3:0 есебімен тас-талқан етсе, Кот-д'Ивуар құрамасы жапондарды (2:1) ұтты. Турнир басталмас бұрын бұл топтан колумбиялықтардың бәсі жоғары екені айтылған болатын. 2012 жылы құрама тізгінін ұстаған Хосе Пекерман командаға тың серпіліс әкелді. Нәтижесінде, Колумбия құрамасы ФИФА рейтингінде 8-ші орында келеді. Құраманың нағыз көшбасшысы саналатын Радамель Фалькао жарақатына байланысты биылғы турнирден шет қалған болатын. Алайда калумбиялықтар Фалькаосыз да сәтті өнер көрсетіп келеді. Өз тарихында үшінші рет қатарынан әлем чемпионатына жолдама алып отырған Кот д’Ивуар құрамасы да бүгінгі ойында қарап қалмасы анық. Олар бұл біріншілікке нағыз командалық толысқан шағында келіп отыр десек те болады. Осыған дейінгі (2006,2010) дүбірлі доданың екеуінде де африкалық құрама топтық кезеңнен аса алмаған еді. Бірінші турда алғашқы минуттардан ойынға араласа алмаған жұлдызды футболшы Дидье Дрогбаның бүгін алаңға шығу-шықпауы белгісіз. Дегенмен Яя Туре, Жервинью, Саломон Калу, Вильфрид Бони, Хабиб Коло-Туре, Серж Орье және Дидье Зокора сынды мықтылардың намасты қолдан бермесі анық. 

Букмекерлік орталықтар колумбиялықтардың жеңісіне – 2.15, тең ойынға – 3.25, Кот д’Ивуардың жеңісіне – 3.6 коэфициент ұсынуда. 

Енді  екі құрама арасындағы соңғы статистикаға назар аударып көрейік.

 - Колумбия құрамасы әлемдік додаларда африкалық командалармен екі мәрте жолғып, екеуінде де жеңіліс тапқан (1990 жылы Камерун, 1998 жылы Тунис)

- Кот д’Ивуар құрамасы әлемдік додаларда оңтүстік америкалық командалармен екі мәрте жолғып, екеуінде де жеңіліс тапқан (2006 жылы Аргентина, 2010 жылы Бразилия)

- Колумбия құрамасы Грекияны 3:0 есебімен жеңу арқылы Әлем чемпионаттарындағы ең үлкен жеңісіне қол жеткізді.

- Кот д’Ивуар құрамасы Әлем чемпионаттарында соққан 11 голдың 7-еуін 60 минуттан кейін соққан.

- Кот д’Ивуар құрамасы бұған дейінге Әлем чемпионаттарында тек бір ғана ойында доп соға алмаған (Португалия құрамасына қарсы).

- Колумбия құрамасы соңғы ресми үш ойынында да екі голдан көп соққан.

Колумбия мен Кот д’Ивуар құрамалары арасындағы ойын Астана уақытымен сағат 22:00-де басталады.

Уругвай vs Англия. Жарысты кім жалғастырады?

Англия мен Уругвай құрамалары үшін бүгінгі ойынның маңызы жоғары. Екі команда да алғашқы турда ұпай жоғалтты. Ағылшындар Италиядан 1:2 есебімен жеңіліс тапса, Уругвайлықтар Коста-Рикадан сенсациялық жеңіліске (1:3)  ұшырады. Бұл ойыннан кейін Уругвай құрамасы біраз сынға ілікті. Алайда 2010 жылғы «мундиальдың» жартылай финалына жеткен құрама қайта қайратына мінуге тиіс. Футбол мамандары бұл ойында Англия құрамасының мүмкіндігі жоғары деп есептейді. Англия құрамасы Ходжсонның тізгінінде аз жылда біршама өзгеріске ұшырады. Бас бапкер осы жылы ағылшын біріншілігін жеңіп алуға бір табан жақын болған "Ливерпуль" командасының жігіттерінен негізгі құрамды сайлап келді. Джерард бастаған жігіттер нағыз ағылшын футболына тән дәстүрлі ойын өрнегін ұсынбақ. Не десек те, екі команда да 1/8 финалға шығу жолында барын салары анық. Бұл ойынға испаниялық төреші Карлос Веласко Карбальо төрелік етеді.

Букмекерлік орталықтар ағылшындардың жеңісіне – 2.05, тең ойынға – 3.65, Уругвайдың жеңісіне – 3.55 коэфициент ұсынуда.

Енді  екі құрама арасындағы соңғы статистикаға назар аударып көрейік.

- Англия құрамасы Әлем чемпионаты аясында Уругвайға қарсы ойында бірде-бір рет жеңіске жетіп көрмеген. 1954 жылғы ойында 2:4 есебімен жеңіліс тапса, 1966 жылы 0:0 есебімен тең ойнаған.

- Англия мен Уругвай құрамалары арасындағы соңғы ойын 2006 жылы өткен. Ол ойында 2:1 есебімен ағылшындар басым түскен екен. Гол авторлары: Питер Крауч пен Джо Коул.

- Англия құрамасы Әлем чемпионатында оңтүстік америкалықтарға қарсы өткізген сегіз ойынның бәрінде де гол салған.

- Англия мен Уругвай құрамалары арасындағы ойын Бразилияның Сан-Паоло қаласында өтеді. 1950 жылы алғашқы бразилиялық Әлем чемпионатында Уругвайлықтар бұл қалада екі кездесу өткізген. Ол кездесулерде Испаниямен 2:2 есебімен тең ойнаса, Швецияны 3:2 есебімен жеңген екен.

- Англия құрамасының соңғы төрт ойынында Даниэль Старридж үш доп салған.

- Уэйн Руни Әлем чемпионатында он ойын өткізіп, әлі бірде-бір мәрте гол салмаған.

- Уругвай құрамасы Әлем чемпионаттарында 1970 жылдан бастап, кешегі Коста-Рикаға дейін есептесек, бірде-бір мәрте алғашқы ойында жеңіске жетіп көрмеген.

- Уругвай құрамасының футболшылары Әлем чемпионатындағы соңғы төрт ойынның екеуінде қызыл қағазбен жазалаған.

Англия мен Уругвай құрамалары арасындағы ойын Астана уақытымен сағат 01:00-де басталады. 

Жапония vs Грекия. Алғашқы ұпай үшін айқас


Он тоғызынан жиырмасына қараған түні Жапония мен Грекия құрамалары өзара кездеседі. Қос құрама да турнирдегі алғашқы ұпайлары үшін күресетін болады. Бірінші турда жеңіліс тапқан қос ұжым, келесі кезең жолдамасы үшін аянып қалмасы анық. Колумбия құрамасына 3:0 есебімен жол берген гректерге қарағанда, Дрогбаның командасына лайықты қарсылық көрсеткен жапондықтардың бәсі жоғары. Олар бұл ойында фаворит саналуда. Грекия құрамасын көптеген құрамалар ыңғайсыз қарсылас санайды. Бар «жұмбағын» ішіне бүгіп ойнайтын құрама қорғаныста жүріп, ыңғайын тапса қауіпті шабуылға ұмтыла біледі. Намысқой келетін гректер кез келген сәтте қарсыласты адым аштырмауға тырысары анық. Кезінде Отто Рехагель жаттықтырғанда құраманың ойын жүйесіндегі философия қалыптасты. Нәтижесінде 2004 жылы Еуропа чемпионатын жеңіп алып, айды аспанға бір-ақ шығарған-ды. Қазіргі бапкер Фернанду Сантуш құраманың ойын жүйесіне өзгерту енгізгенмен, ойын философиясы сол қалпында сақталып қалды. Кот-д'Ивуар футболшыларымен тәп-тәуір ойнаған "Самурайлардың" да бір бармағы ішінде бүгулі. Бапкерлік тұрғыда танып-білген дүниесі көп Жапондардың бас бапкері Альберто Дзаккерони дұрыс тактика ұстанса болғаны.

Букмекерлік орталықтар, Жапония құрамасының жеңісіне – 2.2, тең есепке – 3.35, Грекияның жеңісіне – 3.45 коэффициент ұсынуда.

Жапония мен Грекия құрамалары 2005 жылы Германияда өткен Конфедерация кубогында кездескен болатын. Ол кездесуде "күншығыс елінің" өкілдері 1:0 есебімен жеңіске жеткен. 

Жапония мен Грекия арасындағы ойын Астана уақытымен сағат 04:00-де басталадыБарлық кездесулерді «KazSport» және «Қазақстан» арналарынан тікелей эфирде тамашалай аласыздар.


Еске салайық, осыған дейін Әлем Чемпионатына орай Massaget.kz порталы болжамдар бәйгесін жариялаған болатын. Бір айға жоспарланып отырған бәйгенің ережесін осыған дейін жариялағанбыз. Енді өз болжамдарыңызды сайтқа тіркеліп (тіркелмеген болсаңыздар) жазуға мүмкіндіктеріңіз бар. Тағы бір ескеретіні, түсініксіз аттармен, осыған дейінгі есімдеріңізді өзгертіп болжамдарыңызды жариялауға тыйым салынады. Тек бүгінгі ақпаратта берілген үш ойынға ғана төмендегі "пікір жазу" деген аймаққа болжамдарыңызды жазыңыздар. Өзге әлеуметтік желілер мен өзге ақпарат соңындағы болжамдар қабылданбайтынын ескертеміз. Ал осыған дейінгі жасалған болжамдар бойынша көш бастап тұрған қатысушылармен мына сілтемеде таныса аласыздар. Сіздерге сәттілік тілейміз!

Ескерту: Бүгінгі болжам жасау уақыты Астана уақытымен кешкі сағат 22:00-де тоқтатылады. Сонымен қатар, ескерте кетейін, ертеңнен бастап, 6 ұпайдан аспағандар рейтингке енбейді. Базада аты-жөндері сақталып тұрады. Бұл жолы 5 ұпайы барлар енген жоқ. Тағы айта кететіні, қатысушылар өтінішімен жарысқа қатысушылар шектелмейтін болды. Және жаңа ережелер туралы ақпарат кейінге шегерілді. Осы қатысып отырған есімдеріңізді өзге қаріпке ауыстырып, өзгертуге болмайды. Ол кезде жаңа қатысушы ретінде тіркеліп кетесіздер. Және басынан ұпай жазылады. Үш ойынды бір қатарда жазуларыңызды өтінеміз! Қатысыңыздар! Жеңімпаз атаныңыздар!

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: goal.netua; vseprosport.ru; bookmakersrating.ru

Н. Айдархан