Массагет бәйгесі. Көшбасшы күтеміз!

Массагет бәйгесі. Көшбасшы күтеміз!

Бүгін түнде футболдан әлем чемпионатының топтық кезеңіндегі кездесулер жалғасын табады. Сонымен қатар, Massaget.kz порталы жариялаған болжамдар бәйгесі де көшбасшысын күтетін болады.

Футбол тойының кезекті күні үш кездесуді ұсынады. "Е" тобында Швейцария Эквадормен, Франция Гондураспен жолығысады. "Ф" тобында Аргентина құрамасы Босни-Герцеговинямен кездеседі. 

Швейцария — Эквадор

«Эстадиу Насьональ» стадионы, Е тобы.

Швейцария (шығуы мүмкін құрам): Бенальо — Лихтштайнер, Джуру, фон Берген, Родригес — Берами, Инлер — Шачири, Джака, Штокер — Дрмич

Эквадор (шығуы мүмкін құрам): Домингес — Паредес, Гуагуа, Эрасо, В.Айови — А.Валенсия, Нобоа, Мендес, Монтеро — Э.Валенсия, Кайседо

Бас төреші: Равшан Ирматов (Өзбекстан)

Арбитрлардың көмекшілері: Абдухамидулло Расулов (Өзбекстан), Бахадүр Қошқаров (Қырғызстан)

Төртінші арбитр: Свейн Моэн (Норвегия)

Жарақат алып қалған: Кристиан Нобоа (Эквадор) — шығу-шықпауы белгісіз

Қос құрама үшін де бұл ойын шешуші маңызға ие. Францияның топтан бірінші боп шығатынын ескерсек, онда екінші орынға таласты осы екі ұжым шешері анық.

Швейцарияның сапында еуропалық орындаушылардың көптігі байқалады. Дені жас. Алайда, көпшілігі клуб сапындағы маусымдарын сәтсіз өткізгендер. Дегенмен, ұлтты құрама сапында оларға үлкен үміт артылуда. А сериясы мен бундеслиганың талантты ойыншылары бас бапкердің тапсырмасын бұлжытпай орындайды дегенге сенеміз.

Бас бапкер демекші, швейцариялықтарды бүгінгі таңда Оттмар Хитцфельд жаттықтыруда. Футболдың бүкіл қулық-сұмдығын танып үлгерген маман көп уақыттан бері жас буын мен тәжірибесі молыққан футболшылардың басын қосуда біршама жұмыстар атқарып келуде. Соның нәтижесі болуы керек - Швейцария құрамасының қорғанысы өз ішінде мығым байланысқа ие. Сегіз кездесудің бірінде ғана өз қақпаларына гол жіберген швейцариялықтар бүгін де сауатты қорғаныс үлгісін ұсынып көрмек.

Ал Эквадор құрамасы сапында еуропалық орындаушылардың қатары аз. Есесіне, ұжымдық ойынның төркінінде мақтаныш тудырады. Тәжірибесі молыққан және жастары отыздан асып жығылған ойыншылар көп жылдардан бері тұрақты тер төгіп келеді. 

- Швейцария соңғы өткізген 18 кездесудің біреуінде ғана жеңілген екен. Бұл көрсеткіш - 2012 жылдың мамырынан (Өткен жылы қарашада Оңтүстік Кореяға жеңіліс);

- Соңғы өткен екі Әлем Чемпионатының жеті ойынында Швейцария құрамасы өз қақпасына бір гол ғана жіберген. Бірақ, 1/8 финалдан ары асып шыға алмаған. 

- Швейцария аталған турнир аясында ешуақытта оңтүстікамерикалық командаларды жеңіп көрмеген.

- Эквадор Әлем Чемпионатында бірде-бір рет тең есеппен ойнап көрмепті.

- Эквадор іріктеу кезеңінде өз елінен өзге алаңда бірде-бір жеңіске жетпеген. 

Франция құрамасы Бразилияға жолдама алған тұста Франк Рибериден көз жазып қалған еді. Баварияның жартылай қорғаушысы арқа жарақатына байланысты биылғы мундиальға қатыспайтын болған...

Құраманың бас бапкері Дидье Дешам "неміс машинасының" өкілінсіз-ақ команданы шамалы өзгерістерге ұшыратып, тас-түйін жасақтап келіп отыр. 

Ашығын айтқанда, француздардың бірінші қарсыласпен жолдары оңды оңғарылды. Өйткені, Гондурас құрамасы туралы көп айтыла бермейді. Әлемнің таңдаулы ұжымына қарсы қарапайым команда бәлеңдей қарсылық көрсете қоймас деген ойдамыз. 

Гондурас - Е тобының айқын аутсайдері және Франция құрамасы Бразилиядағы алғашқы жүрістерін жеңіспен бастауға тиісті әрі міндетті.

Аргентина әр жолы турнирге мықты шабуылдаушы құраммен келеді. Бірақ, бұл тұста бір айта кетерлігі, қорғаныс пен жартылай қорғаныс мықты түзілмеген соң, Аргентинаны турнирдің жеңімпазы болуға басты үміткер санамайтындар бар. 

Құраманың бас жаттықтырушысы Алехандро Сабелья Боснияға қарсы ойында 4-3-3 жүйесін шығаратын болуы тиіс. Осы тұста команда көшбасшыларының бірі Гонсало Игуаиннің аздаған жарақат алып қалу салдарынан ойынға қатыспай қалуы әбден мүмкін. Мұндай жағдайда алаңға бірінші минуттардан Лавесси шығуы мүмкін, ал Ди Мария өз айып алаңына жақындай түспек. 

Босния құрамасы мундиальда алғаш рет өнер көрсеткелі отыр. Команданың бас бапкері Сафет Сушич өз тәлімгерлерінің Аргентинаға қарсы шабуылдаушы футбол ұстанатынын айтуда. Бірақ, қорғаныс шебінде жеті-сегіз ойыншының жүретіні заңдылық.

Қалай дегенмен де, аргентиналықтарға Эдин Джеко қауіп төндіруі мүмкін. Орталықта ойынды Миралем Пьянич өз мойнына алса, қалғанын Сушич өз қажетіне жарата жататын болады. 

Еске салайық, осыған дейін әлем чемпионатына орай Massaget.kz порталы болжамдар бәйгесін жариялаған болатын. Бір айға жоспарланып отырған бәйгенің ережесін осыған дейін жариялағанбыз. Енді өз болжамдарыңызды сайтқа тіркеліп (тіркелмеген болсаңыздар) жазуға мүмкіндіктеріңіз бар. Тағы бір ескеретіні, түсініксіз аттармен болжамдарыңызды жариялауға тыйым салынады. Тек бүгінгі ақпаратта берілген үш ойынға ғана төмендегі "пікір жазу" деген аймаққа болжамдарыңызды жазыңыздар. Өзге әлеуметтік желілер мен өзге ақпарат соңындағы болжамдар қабылданбайтынын ескертеміз. Ал осыған дейінгі қатысушылар рейтингімен мына сілтемеде таныса аласыздар. Сіздерге сәттілік тілейміз!

Ескерту: Бүгінгі болжам жасау уақыты кешкі сағат 22:00-де тоқтатылады. Ережеге сәйкес, бір сағат бұрын тоқтатылуы тиіс болатын, бірақ ойын кестесіне орай осындай қадамға барып отырмыз. Үш ойынды да бір қатарда жазуларыңызды өтінеміз! Қатысыңыздар! Жеңімпаз атаныңыздар!

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: sportal.ru; yablyk.com; sports.ru

Л. Лига