ҰБТ-ға күннің қай мезгілінде дайындалған дұрыс?

ҰБТ-ға күннің қай мезгілінде дайындалған дұрыс?

Кез келген бітіруші түлек үшін алған білімді жақсы сіңіру және есте сақтау үшін дайындық мерзімін дұрыс таңдаудың маңызы зор. Мұның себебін төмендегі жазбамыз арқылы түсінесіз деп ойлаймыз.

Сонымен, тестке қай уақытта дайындалған дұрыс?

Ақпаратты дұрыс сіңдіру. Егер қатты шаршап тұрған болсаңыз, дайындық жұмыстарын бастаудың қажеті жоқ.

Ең алдымен, сіздің бір күндік тәртібіңізді сараптап көрейік: таңертең тұрып, сабаққа барасыз (қазір мектептердің көпшілігінде негізгі пәндер тоқтатылып, ҰБТ-ға дайындықтар жүруде) да дайындыққа кірісесіз, осылайша түске дейін мұғаліміңізді тыңдаумен боласыз. Түсте үйіңізге барып, тамақ ішер-ішпестен қайта мектепке барасыз. Себебі, мектептерде арнайы дайындық сағаттары қойылған. Сонымен, кеш бата үйге ораласыз да, тамақтан кейін тағы да дайындыққа отырасыз. Әрине, көптің атынан сөйлеуге жоқпыз, дегенмен, еліміздегі түлектердің көпшілігінің жағдайы осындай болып тұр. Біліңіз, ми тынығып тұрғандағы алынған екі сағат білім шаршап тұрған кезде үйренгендігіңізден мың есе артық. Сол себептен, әрдайым ұйқыңыздың қанық болуын қадағалаңыз, әйтпегенде ақпарат нашар сіңірілетін болады.

Ұйқы. Мамандар міндетті түрде 8 сағат ұйқы керек екендігін айтып отыр. Бұл жағдайда күнделікті қаншада ұйқыға жататындығыңызды есептеп жүріңіз. Дұрысы – кесте құрып қою. Осыдан кейін барып тестке дайындалатын уақытты анықтайсыз. Ғалымдар адамның ұйқысы қанық кезде әлдеқайда көп нәрсе үйрене алатынын дәлелдеген. Түскі үзіліс кезінде, кем дегенде жарты сағат ұйықтап алуға тырысыңыз. Айтпақшы, осындайда Черчильдің: «Күндіз ұйықтаған адамның бір емес, екі күні бар» деген сөзін есте сақтай жүрген абзал.

Түнгі дайындық. Түлектердің басым бөлігі дайындық уақытын түнге белгілейді. Келісесіз ғой, отбасы мүшелері ұйықтағаннан кейін ғана барып үстелге отыратындар арамызда көп. Алғашқыда түнде дайындалу қиынға соғады, ұйқы қысып, оқуға деген құлшынысыңыз жоғалады. Дегенмен, 1-2 апта көлемінде ағзаңыз бұл тәртіпке үйреніп кетеді. Кешкі тамаққа лық тойып алғаннан кейін дайындыққа кіріскен адамның міндетті түрде ұйқысы келеді. Олай болса, дайындыққа отырмас бұрын 10-15 минут далада серуендеп келуге тырысыңыз. Секіріп, немесе турникке тартылыңыз, бір-екі жаттығу жасаңыз. Жалпы, бір жылға созылатын ҰБТ-ға дайындық үдерісі кезінде спортпен дос болған дұрыс. Күн сайын уақыт таппасаңыз да, сенбі-жексенбі күндері спорт залдарына барып тұрыңыз. Сонан кейін, дайындық үстінде анда-санда шоколад пен балық  немесе алма, жүзім сынды қолжетімді жемістер мен тағамдарды жеп тұрған жөн. Бірі ұйқыңызды ашса, екіншісі ақпаратты дұрыс қабылдауға септігін тигізеді.

Таңғы дайындық. Егер, күні бойы мектептегі дайындықтан шаршап, кешке тестпен айналысуға мүмкіндігіңіз болмаса, таңғы уақытты белгілеңіз. Ол үшін кешке ерте ұйықтау керек. Сабағыңыз нешеде басталады? Сегізде ме? Таңғы 5-5:30-да тұрып, сабақ оқуға кірісіңіз. Сергек болу үшін жақсылап жуынып, таза ауаға 5 минут шығып келген дұрыс. Сонан кейін ыстық кофе мен дәмді бәлішті алдыға алып, сабақ оқуға кірісіңіз. Мұның алғашқы күндері қиын болуы заңдылық, таңғы дайындық үстінде немесе мектептегі сабақтарда ұйықтап қалып жүрсеңіз, еңсеңізді түсірмеңіз. Осы ретпен жалғастырсаңыз, бір аптаның ішінде оятардың көмегінсіз оянатын дәрежеге жетесіз.

Сізге біздің қағидамен жүр деуден аулақпыз. Өзіңізге қайсы әдіс ыңғайлы? Екеуін де байқап көріңіз. Байқаңыз да, іске кірісіңіз. ҰБТ – уақытша сынақ. Бір жылдың ішінде миға, жүйкеге ауырлық түсіріп, алдағы өміріме зиянымды тигізіп алмаймын десеңіз, бәрін ретімен, мөлшерімен жасауға дағдыланыңыз. Белгілі бір жүйемен жүретін болсаңыз, бір жыл 5 пәнді 5 деген бағаға меңгеруге толықтай жетеді!

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева,

"Алтын белгі" иегері

Сурет: sch9.org