- Негізгі бет
- ҰБТ 2014
- ҰБТ-ға қалай дайындаламын?...
ҰБТ-ға қалай дайындаламын?
Санаулы күндер мен апталардан кейін 2014 жылдың түлектерін қобалжу мен үрейге толы ҰБТ тапсыру сәті күтіп тұр. Осыдан 10 жыл уақыт бұрын, бұл сынаққа дайындалатындардың қатары тым аз болатын, ал қазір ҰБТ-ның да алынбайтын асу емес екендігі дәлелденіп, оны бағындыратындардың қатары артуда. Мәселен, былтырғы жылы Қазақстанда 7 түлек 125 сұрақтың барлығына дұрыс жауап берген болатын. Бұл – ҰБТ адам мүмкіндіктерінен тыс нәрсе емес деген сөз.
Сізге бір ғана нәрсені білу, мойындау керек: ҰБТ әрбір оқушыдан білім мен еңбекті талап етеді. Осы сөзімнің дәлелі ретінде бір оқиғаны айта кетейін: мектеп қабырғасында өте білімді, ақылды, тәжірибелі Әмірхан Балабек деген ұстазымыз болды. Жыл сайын ол кісінің шәкірттері Қазақстан тарихы пәнінен 24-25 ұпай жинап шығатын. Дайындық тесттерінде төмен ұпай жинап, тауым шағылып отырған сәтімде ұстазым жаныма келді. Көңіл-күйімнің төмендігін бірден байқағандай, себебін сұрай бастады. Көзіме жас толған мен:
– Ағай, айтыңызшы, мен қалай дайындалсам болады? Неге менде нәтиже жоқ? Дайындалудың қандай жолдары бар? - дедім. Ұстазым әдетінше жымиды да:
– Оқы, ізден, дайындал. Мен білім саласында жүрген ұзақ жылымда шын ниеттінің еңбегі еш кеткенін көрмедім. Барыңды салып оқы, соңында қалаған ұпайыңды жинамасаң, менің алдыма кел, - деп жауап қатты.
Осы сөздер маған қамшы болды. Сол сәттен бастап, бір минут та дамыл таппастан еңбектендім, нәтижесінде қалаған ұпайымды жинап, "Алтын белгі" иегері атанып, Қазақстандағы ең үздік оқу орындарының студенті атандым. Сол себепті, үмітіңізді үзбестен, инемен құдық қазу жолында қайсар сарбаз бола біліңіз. Төменде, өзім ұстанған қағидалар бойынша "ҰБТ-ға қалай дайындаламын?" деген сауалыңызға жауап беріп көрмекпін.
ҰБТ бұрышы. Тест материалдары, қалам-қағаз секілді заттарды жинамас бұрын, дайындық бұрышын белгілеп алу керек. Шулы, отбасы мүшелері назарыңды аударатын бөлме сізге жақсылық әкелмейді. 11 сыныптың ең алғашқы айларында біздің сынып жетекшіміз үйімізге келіп, ҰБТ-ға дайындалатын орнымызды тексеріп шыққан болатын. Алғашында оғаш көрінгенімен, кейін бұл әдістің маңыздылығын мойындадым. Бөлме тыныш, қатты ыстық, қатты суық емес болсын. Психологтар, күлгін және сары түстердің адамның интеллектуалды белсенділігін арттыратынын жиі айтып жатады. Осы түстердің болғаны да дұрыс деп ойлаймын. Үстеліңіздің қандай болатыны өзіңізге байланысты. Мен мысалы, жерге отырып, үстелімді анадан-мынаған дейін шашып қойып оқығанды ұнататынмын. Осы қалыпта дайындығым өнімді болып шығатынын байқадым.
Жүйе. Әлгі "екі кеменің басын ұстаған суға кетер" деген аталы сөз еске түсіп отыр. Бір пәнді жарты сағат оқып, екінші пәнге көшіп немесе Қазан революциясын оқып отырып, тас дәуіріндегі Қазақстанды бастап кетуге мүлде болмайды. Белгілі бір жүйе бекітіп алу керек. Дүйсенбі – қазақ тілі (2 сағат), сонан кейін, өзіңіз қиналатын пәнге, математикаға немесе физикаға – 1 сағат. Сейсенбі – Қазақстан тарихы (2 сағат), математикаға немесе физикаға – 1 сағат... Осындай кесте жасап көріңіз. Күндізгі уақытыңыз мектепте өтетіндіктен, әдетте дайындық кешке жүреді. Білім алу барысында маужырап отырмас үшін, күндіз шаршамауға тырысыңыз, уақытыңыз болса жарты сағат ұйықтап алған дұрыс. Тамақтан кейін 10-15 минут серуен жасап, миды тынықтырған да әсерін береді. Ал екінші бір адамдар ҰБТ үшін таңды пайдалануға тырысады. Екеуін де байқаңыз, өзіңізге қайсысы тиімді? Бұл әрине үйде дайындалуға арналған кеңестер. Мектеп қабырғасындағы дайындықтарды ұстазыңыз, оқу ісі жөніндегі меңгерушінің қатысуымен белгілейсіздер.
Оқулықпен жұмыс. ҰБТ-да келетін сұрақтың барлығы сіздің 11 жыл бойы оқыған оқулықтарыңыздың негізінде жасалады. Алыстағы айға қол созбастан, өткен кітаптарыңызды жатпай-тұрмай қайталаңыз. Әсіресе, тарих, әдебиет, қазақ тілі, биология, география сынды пәндердің сұрақтарының жауаптарын осы кітаптардан тауып ала аласыз. Бұл үдерісті 10 сыныптың аяғынан, яғни, жазғы каникулда бастаған дұрыс деп ойлаймын. Кейбір адамдар, жазу арқылы есте сақтайды, солардың қатарында болсаңыз, оқулықтан конспект жасаңыз. Кезінде дұрыс меңгермеген тақырыбыңызды бірнеше қайталап оқып, жаттап алу керек немесе пән мұғалімінің көмегіне жүгінесіз.
Өз шамаңызды тексеру. Сұрақ кітапшаларын көп етіп жинауға тырысыңыз. Мәселен, мен өзімнен бірнеше жыл бітірген түлектерден 100 шақты кітапша жинап алдым. Нәтижесінде, сұрақтардың сол кітапшалардан келетінін байқағанмын. Жоғарыдағы 3 сағат дайындықтан кейін, сол пән бойынша, ешбір шпаргалка, оқулықсыз тест тапсырыңыз. Өз қолыңыздан белгілеу парақшасын жасап алғаныңыз абзал. Мұғаліміңіздің көмегімен тексеріп, қате сұрақтарға арналған арнайы дәптер арнап, түсіріп жүріңіз. Бос уақытыңыз болғанда осы дәптерді жиі оқып тұру керек.
Қатемен жұмыс. Әрбір дайындық тестілеуі немесе өзіңіз тапсырған тесттердегі сұрақтармен қызу жұмыс жасаңыз. Байқадыңыз ба, сіз осы сұрақтан бірнеше рет қате жібересіз. Яғни, жаттап алған жеткіліксіз. Пән мұғалімінің көмегімен осы тақырып төңірегінде арнайы сабақ өтуге тырысыңыз.
Сұрақ қою. Мектептегі дайындық сабақтарын ұтымды пайдаланып қалу керек. Түсініксіз сұрақтарыңызды сұраудан ешқашан ұялмаңыз. Жауап естігеннің өзінде түсінбеушілік болса, қайтадан нақтылаңыз. Сіз бұл арқылы өзге сыныптастарыңызға да көмектесесіз.
Ізденіске толы күндер. ҰБТ-да жақсы нәтижеге жататын адам бір күнді де бос жібермесін. Үйде болмасаңыз да, қалтаңызда шағын кітапшалар, шпаргалкалар жүрсін. Оларды үнемі қайталаумен болыңыз. Оқу-жазудан жалықсаңыз, бауырларыңызға сұрақ кітапшасын беріп, сұрақ қоюын өтініңіз. Бұл жолғы қателерді де жазып қойыңыз.
Назар тек ҰБТ-да. Төрт жыл бұрын дәл бүгінгідей әлеуметтік желілер, техника дамымаған болатын. Сондықтан ғаламтор мен ұялы телефон менің өмірімде мүлде жоқ болды. Бірақ теледидар көретінмін. Әрине, өз мөлшерімен. Сабақпен бірге ата-анама көмектесіп, үй шаруасына да үлгердім, кейбір қоғамдық жұмыстарға араласуға да уақыт табылатын. Бастысы – жоғарыдағы жүйе бойынша жүруді дағдыға айналдыру, артық кетпеу. Байқауымша, қазір көптеген түлек өздерін теледидар, компьютер, смартфон сынды дүниелерден әзер шектеп жатады. Олардың уақытты алатыны бір бөлек әңгіме, ал есте сақтау, көздің көру қабілетін нашарлататыны, физикалық жағынан әлсіретіп жіберетінін ескерсек, шынында да алыс болған дұрыс секілді. Бірақ ҰБТ үшін жабық әлемге ену де адам психологиясына оң әсер бермейді. Ақылды адам мақсатқа жету жолында өз нәпсісін тыя алады деп білемін.
Сәттілік жолдасыңыз болсын, бітіруші түлек!
Автор: Айгерім Сматуллаева ("Алтын белгі" иегері)
Сурет: akjunis.kz, youtube.com