Өлімнен қорықпадық, өйткені ешкіміміз жоқ еді

Өлімнен қорықпадық, өйткені ешкіміміз жоқ еді
Фото: waralbum.ru

Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында "Ер есімі – ел есінде" (Мы помним, мы гордимся) атты фото-кітап жарыққа шықты. Фото-кітапқа Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлердің ұрпақтары жолдаған деректер мен фотосуреттер топтастырылған. Құрастырушы-автор: Қазбек Бейсебаев. Кітаптан үзінді ұсынамыз.

Ардагерлер сөйлейді

Басы

– 3-ші не 5-ші бригададан біреу болды ма? Днепр десантына қатысқандардан ешкім болған жоқ па?

– Жоқ. Ол десант туралы білетінбіз. Щелковода ұшқыштар мен десанттар өзара қатты жауласты. Ұшқыштар қорқып, десанттарды неміс окоптарына тастап жіберді деген әңгіме болды. Қорқып кеткен ғой. Клязьма өзенінен кейін көпір бар. Десанттар сонда күзеткен болуы керек, келе жатқан ұшқышты көпірден өзенге лақтырған. 

1944 жылдың маусымында 13-ші гвардиялық әуе-десант бригадасы 99-шы гвардиялық атқыштар дивизиясының 300-ші гвардиялық атқыштар полкі атанды. Ал біздің взводты полк барлау взводы етті. Бізді вагонға отырғызып апарды. Басында қайда екенін айтқан жоқ. Апарды, бітті. Бізді Свирь өзеніне әкелді. Оны кесіп өтуіміз керек болды.

Қолбасшы алаңдататын айлаға баруға бекінді – жүзіп бара жатқан кейіп танытуға тиіс болды. Он екі сарбаз басқаратын қайық жіберіп, оған қарақшыны отырғызу шешімі қабылданды. Бұл уақытта басқа жерден жүзіп өтуіміз керек еді. Біздің барлау взводына он екі еріктіден құралған топ құрауды ұсынды... Алты адам жазылып қойды. Мен болсам: "Не істесем екен?! Жүзе де алмаймын", - деп ойланумен болдым. Взвод командирі кіші лейтенант Корчков Петр Васильевичке:

- Жолдас кіші лейтенант, жүзе алмаймын, бірақ жазылғым келеді, не істесем екен? - деймін. 

- О не дегенің?! Кішкентайсың ба?! Сендерге арнайы жеңсіз киім мен түтік беріледі - 120 киллограмм салмаққа шыдайды, - деді. Сол кезде 50 килограммға әлім жететін. Бірінші болып Свирьден екінші батальон өтуі керек болды. Комбат полк командиріне былай деді: "Менің батальоным бірінші болып кесіп өтеді, ол он екі адамды өз батальонымнан шығарамын". Полк командирі осылай істесек дұрысырақ болар деп ойлады. Әртүрлі ұлттан шыққан әртүрлі мамандық иеленген он екі адам жазылды. Бір аспаз да бар еді. Бәрі Кеңес Үкіметінің Қаһарманы атағын алды. Олар полк штабымен бірге өткізілді. Бірақ олар атақты бекерден-бекер алған жоқ еді - ажал аузына бара жатқандарын білді, оған өз еріктерімен барды. Бұл да болса, ерлік деп ойлаймын. Мүмкін оларды тірі қалдырып дұрыс істеген де шығар, полк беделін көтеру керек болды. Біз шабуылға шықтық... Финдермен соғысу қиынға соқты. 

Тұтас автоматшылар ротасы тұтқынға түскен алты финді күзетті, олардың ішінде екі офицер де бар еді. Олар сонда да қашып кетті. Айнала батпақ, ағаштарды кесіп, жүретін жол (гати) салу керек болды. Азық-түлік қашан келеді? Біз гранатамен балықты тұншықтырып, оны тұзсыз, нансыз, қытырлақ фин бауырсағымен жедік...

Мынадай оқиға болған. Финдердің жертөлесінде кілегей майына толы ағаш бөшке мен құрғақ картофель болды. Біз сол кілегей майына құрғақ картофельді қуырдық. Сосын шалбарды шешіп, автоматпен отырасың...

Шабуылымыз оңай болған жоқ. Свирь өзенінің жағасындағы Лодейное Поледен бастап рет-ретімен Куйтежа станциясына дейін жүріп отырдық. Көп ұзамай финдер берілді. 

Бізді көлікке отырғызып, станцияға әкелді. Бәріміз мініп, Оршаға, Белоруссияға кеттік. 13-ші гвардиялық әскери-әуе дивизиясына айналдық – қайтадан парашют, қайтадан секіру. Сосын: "Тоқтат!" деген бұйрық келеді. Десант әскерін қайтадан атқыштар полкіне айналдырды, дивизия болса 103-ші гвардиялық атанды. Одан 324-ші полк құрылды. Полктің жаңа командирі соғыс көрген сарбаздардан құралған барлау взводын сұрады. Бізді өзіміздің 300-ші полктен 324-ші полкке жіберді. 1945 жылдың наурызында бізді Будапештке әкелді. Кигеніміз мақта шалбар, мақта күрте, 45-ші өлшемдегі аяқ киім, үш метр орама... Бірақ қатты шабуылдап, аяусыз соғыстық. Өлімнен қорықпадық, өйткені, отбасымыз да, баламыз да, ешкіміміз де жоқ еді... 

Жалғасы

М. Оңғарова