Жеті жылдан кейін Отанға оралған Айып ата

Жеті жылдан кейін Отанға оралған Айып ата
Фото: sko.sud.kz, bnews.kz

Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында "Ер есімі – ел есінде" (Мы помним, мы гордимся) атты фото-кітап жарыққа шықты. Фото-кітапқа Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлердің ұрпақтары жолдаған деректер мен фотосуреттер топтастырылған. Құрастырушы-автор: Қазбек Бейсебаев.

Кітап аудармасынан үзінді:

Соғыс және еңбек ардагері Анафин Айып Ұлы Отан соғысына қатысқаны жайлы естеліктерін Отан қорғаушылардың әскерге шақырылған күнінен бастайды. 1943 жылдың 8 ақпанында он сегіз жастағы жеткіншек он ауылдасымен бірге шанамен екі күн жүріп Көкшетауға жетеді. Заманға сай күресті үш ай оқыған соң, олар Панфилов атындағы 8-ші гвардиялық дивизияның жеке құрамының қатарына қосылады. "Бізді жерлес деп Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин қабылдады, - деп есіне алады Айып ата. - Майдандағы күндер басталды. Аңызға айналған командирлер Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллинмен, кейін атақты жазушыға айналған Д.Ф.Снегинмен, дивизия командирі А.Мұхаммедияровпен Калинин облысының аумағын азат еттік. Великие Луки қаласын азат етіп жатып, қатты жараландым. Госпитальда үш ай емделіп, қайтадан қатарға қосылдым.

І Украина әскерінің құрамында Бердичев, Камено-Подольск, Брест пен басқа да қалаларды азат етіп, Польша аумағына шықтық. Мен сияқты жас сарбаздардан болашақ әскер маманын дайындап шығару үшін Львов әскери училищесіне жіберілдім. Оны аяқтаған соң, пулеметшілер взводының командирі болып қызмет атқардым, рота парторгы болдым. Бірақ отбасы жағдайымен 1948 жылдың аяғында әскерден қайтарылдым, жеті жылдан кейін үйіме оралдым. Сол он жеткіншектің ішінен тек төртеуіміз ғана қайтып келдік. Мұқыр ауылынан әскерге 86 адам шақырылып, оның 50-і майдандағы бауырластар зиратында қалды. Бүгінгі таңда үш соғыс ардагерінің көзі тірі.

Суретте: Соғыс ардагері Айып Анафинді Ғ.Мүсірепов атындағы аудан әкімі Владимир Дудов ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың атынан құттықтап, оған құттықтау ашықхаты мен Жаңа жылға арналған сыйлық беріп отыр.

Әскерден оралған соң, бейбіт күнге бой үйретіп, қайта оқу керек болды. Петропавл ауылшаруашылық қызметкерлерінің мектебін аяқтап, "Ильич Жеңісі" совхозының Сарыадыр бөліміне басқарушы қызметіне жұмысқа тұрдым. Алпыс үйден тұратын ауылда медбөлім де, дүкен де болған жоқ. Төрт сыныптық мектеп деген екі бөлмелі балшық үй болатын, ал дүкен сатушының үйінде орналасты. Электр көзі болмады, құрылыс материалдарын да жеткізу қиын еді.

Білекті сыбанып, өмірді ретке келтіруге кірістік, ең алдымен электростанция салып, су құбырын жүргіздік, жолды жөндеуден өткіздік. Тұрмыстың жақсаруы еңбектің артуына әкелді, мал шаруашылығы мен егін шаруашылығы өркендеді. Бірнеше уақыттан соң мені совхоз партұйымының хатшысы етіп сайлады. Содан кейінгі жылдары партияның Рузаевский райкомы аппаратында жұмыс істедім, "Привольный" совхозы парткомында хатшы, Рузаевский ауылшаруашылық тәжірибе станциясында бөлім бастығы қызметтерін атқардым. Лайықты демалысқа шығар алдында Калинин ауылшаруашылық кеңесінің төрағасы болдым.

Біз үшін, Ұлы Отан соғысының қатысушылары үшін майдан мен тыл шебінің кез келген бөлігінде халыққа, Отанға адал қызмет ету өміріміздің ең негізгі және басты ұстанымы болды. Әскери ордендерім мен медальдарыма бейбіт күндегі жанкешті еңбегім үшін "Еңбек Қызыл Ту" ордені, "Қажырлы Еңбегі үшін" медальдары қосылды". 

Жолдаған: Қуаныш Анафин

М. Оңғарова