Оқи отырыңыз

Өзіңе ұнаған кәсібіңмен шұғылдансаң, өз ұлтыңның туын көкке көтере алсаң – бақыт деген осы!

Автор: Асқар Жұмаділдаев

— Редактор бағаны —

Массагетте қалай блог жазамын?
Массагетте қалай блог жазамын?

Автор: Ербол Жұмабайұлы

Статус: Massaget.kz порталының Бас редакторы

Материал жіберу БЛОГ ЖАЗУ
Негізгі / Арнайы жобалар / 22 наурыз – 2019 / Бата мен тілекті шатастырып жүрген жоқпыз ба?

Бата мен тілекті шатастырып жүрген жоқпыз ба?

Бата мен тілекті шатастырып жүрген жоқпыз ба?

Ғасырлар көшінде халықпен бірге жасасып, оның өмірінің ажырамас бөлшегіне айналған бата мен тілек халық өмірінің айнасы. Десе де соңғы жылдары осы бәтуалы бата мен тілек аражігін де әбден шатастырып алған сияқтымыз. Осыдан болар, кейде тойда айтылған тілекті батаға жатқыза саламыз, немесе керісінше.

Халқымыз «Батамен ел көгерер, жаңбырмен жер көгерер», «Баталы ер арымас, батасыз ер жарымас». «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп текке айтпаған. Адамның адамдығын тілеуіне, пейіліне қарап өлшейтін қазақ баласы айтылған сөзге, тілеген тілекке, берілген батаға ерекше мән берген. Сондықтан той-томалақта, келелі жоралғыларда бір-біріне тілек тілеп, қадірлі қариядан бата алу ықылым заманнан дәстүрімізге  айналып, тұрмыс-тіршілігімізбен біте қайнасып келеді.

Алты алаштың ардақтысы болған би-шешендеріміздің  берген баталары ел аузында сақталып халық мұрасына айналып, қазақ фольклорының дербес, шағын жанры ретінде қалыптасты. Ұйқасты, ырғақты болып келетін, тұрақты образдарға негізделетін бата халқымыздың жақсылық пен жамандық, адалдық пен арамдық, обал-сауап тұрғысындағы моральдық-этикалық түсініктерінің айғағы іспетті. Киелі сөзге айналған бата үш түрге бөлінеді: ақ бата, теріс бата және серттесу батасы. Ақ бата игі ниеттен туғандықтан ел аузында сақталып, жаңғырып дамып отырды да, жақсылыққа ғана құштар халқымыз теріс батаны ұмытуға тырысты.  Ал серттесу батасы - құдалықта, серт пен уәдеде, елшілікте, ел арасындағы маңызды үлкен шараларда жасалатын жол. Ол – хан, ақсақалдар, билер алдында, аруақ орнында да жасалып, қол алысылып орындалатын ғұрып. Оны бұзу, яғни, «бата бұзу» - қарғыспен тең. Сондықтан ақ батаның – нәрестеге бата, асқа бата, ұлға бата, қызға бата, келінге бата, жолаушыға бата, жастарға бата, сүндет той батасы, наурыз батасы, ораза айт батасы,  жарапазан батасы, ас қайыру батасы сияқты түрлері көп.

Батаны кімдер береді?

Батаны жасы үлкен, сөзге шешен, сыйлы адамдар береді. Қазақ халқында бата берудің өзіндік орны мен жолы, жөні бар. Батаны халық арасында (қонақтар ішінде) үлкен адам болмаса, көптің рұқсатымен, жас болса да бас боларлық жолы, жөні бар адам береді. Ерлер отырғанда әйел бата бермейді. Әйелдер арасында сөз білетін бір ер бала отырса, әуелі сол бата беруге тиісті. Халқымызда батырларға, билерге ардақты аналардың да бата берген кезі көп. Бата көзі тірілерге ғана емес, аруақтарға да жасалған. Және де қуаныш пен тойдың ретіне қарай соған лайықты бата беріледі. Қазақта ұлы үйленгенде атасы, ол болмаса, сол әулеттің үлкені, әкесі бата беруге тиіс. Той иелерінің қалауымен екі жасқа бата беруді басқа да үлкен кісілерден сұрауға болады.

... Бірде тойда отырып қатты ыңғайсыздандым. Асаба алпысты алқымдап, жетпіске жақындап қалған қариядан жас отау иелеріне ақ батасын беруді өтінді. Жұртшылық алақанын жайып, бата күтті. Ал атамыз: « Не дейміз... Бақытты болыңдар, көтерген шаңырақтарың биік болсын. Бір-бірлеріңді демеп жүріңдер, шырақтарым... Әумин» - деп қысқа қайырды. Бәрі де «әумин» деп бет сипады. Бұл бата ма, тілек пе?...

Қазақтың батасы көбінесе өлең түрінде өріліп, ол: «А, құдайым оңдасын, Желеп-жебеп қолдасын», «Уа, Жаратқан Ием құдірет, Тілегімді қабыл ет», «Ақ батамды берейін, Арта берсін мерейің», – деген сөздермен басталатын секілді еді. Ал  «Батыр бол», «Бай бол», «Бақытты бол», «Ақ сақалды қария бол», «Қосағыңмен қоса ағар», «Үбірлі-шүбірлі бол», «Алла Тағала пәле-жаладан сақтасын», – деген ақ тілектер баталы сөздер болып саналады.

Осы орайда филология ғылымдарының кандидаты Ақеділ Тойшанұлының бата мен тілекке қатысты мақаласынан үздінді келтіре кеткенді жөн санап отырмыз.

«Тілек пен батаның ерекшеліктерін айта кетейік.  Ақ батаны екінің бірі емес, тек қана батагөй ақсақал алқалы топтың атынан қалыптасқан  формулалы өлеңді пайдалана отырып беретін болса, керісінше кез келген қарапайым адам қандай бір істің үстіне тап келгенде  оң ниетін білдіру мақсатында жаттап алған тілек сөздерін есіне түсіріп, шама-шарқынша айтатын әдет бар. Батаның көлемі недәуір үлкен, құрылымы күрделі болса, тілектің көлемі қысқа, бір-екі жолдан құралған ырғақты қара сөз, немесе тақпақтан тұрады. Бата аяқталғанда қалың қауым бір ауыздан «Әумин. Айтқаныңыз келсін!» деген сөздерді айтып қошамет-қолдау білдірсе, ақ тілекті естіген адам оған қарымта жауап қайтарып, көңіл-күйін жедел білдіруі тиіс. Бір сөзбен айтқанда, тілек екі адамның диалогі ретінде орындалады. Мысалы, айтылған ақ тілекті қабыл алушы «Айтқаныңыз келсін»,  «Аузыңа май, астыңа тай», «Өз басыңа да сол келсін»,  «Құдайдың құлағына шалынсын», «Алла разы болсын»  деген дағдылы жауаптарды береді.

Тілек тұрақты қайталанатын қасаң тіркестерден құралады. Оның мағынасы  сол атқарылып жатқан іспен тікелей үйлесіп тұрады. Мысалы, ауыл жаңа жұрқа қонғанда «Қоныс жайлы, кереге басы майлы болсын», жолаушы сапарға аттанғанда «Жолың болсын, жолдасың Қыдыр болсын», аңшыға «Қанжығаң қанды болсын», шам жаққан балаға «Көзіңнің оты жансын. Балаңның аты ­– Таңжарық болсын» т.б тілектерді айту дәстүрге айналған» - деп жазады.

Ел есіндегі баталар

Халық арасында ғасырлар бойы сақталып келе жатқан да атақты баталар бар. Ол оның тәлім-тәрбиелік маңызының, өлең болып өрілу шеберлігінің өте жоғарылығынан, көркемдігінен екені мәлім. Солардың ішінде Төле бидің Қойгелді батырға берген батасын, Анасының Райымбек батырға берген батасын, Шәукенің Бөлтірік шешенге берген батасын, Соқыр Абыздың Жәнібек батырға берген батасын, Қарасай батырдың балаларына берген батасын, Бауыржан Момышұлының батасын, Кененнің келіндеріне берген батасын халық жыр қылып айтады.

Бата мен тілекті ажыратып қана емес, бата бере біліңіз де. Ал біз Наурыз мейрамы қарсаңында барша қазақстандықтарды айтулы күнмен құттықтап, ақ батамызды береміз.

Ұлысың оң болсын,

Ақ мол болсын,

Қайда барса да жол болсын!

Ұлыс бақты болсын,

Төрт түлік ақты болсын!

Ұлыс береке берсін,

Бәле-жала жерге енсін!

Әумин!

Пайдаланылған дереккөздер

«Тілек не? Бата не?». А. Тойшанұлы

«Ақ бата мен ақ тілек». Алаш айнасы.

Фото: Абай Омаров, baq.kz, tengrinews.kz
Қосылған күні: 22 наурыз, 10:13

Соңғы аудармалар

Қайсар До Бон Сун  #7
Қайсар До Бон Сун #7

До Бон Сун – ерекше қыз. Өйткені, оның бойында тұқымқуалайтын қасиет алпауыт күшке ие. Ол тек қыздаға беріледі. Бұл қасиеті үшін өзінен ұялатын қыз қалайша барлық қиындыққа қарсы тұра білді? Оған қолдау көрсеткен кім? 

BTS - Go Go
BTS - Go Go

Топ: BTS немесе Beyond The Scene  Дебют: 2013 жыл,...

VROMANCE feat. Obroject -
VROMANCE feat. Obroject - "Ғашықпын" (Fall In Love)

Массагет сайтында жарық көріп жүрген "Қайсар До Бон Сунның" сезімге толы саундтрегін назарларыңызға ұсынамыз.