Әлемдегі ерекше тотықұстар

Тотықұстар – өте қызықты тіршілік иелері және бұл олардың кейбіреулерінің сөйлесу қабілетіне байланысты емес. Ақылды және күлкілі, олардың көптеген елдерде үй жануарлары сияқты танымал болуы бекер емес.  Ежелгі Римде тотықұс құлға қарағанда қымбат болды. Қазіргі уақытта тотықұс түрлерінің шамамен үштен бірі адам әрекеті мен браконьерлік салдарынан жойылып кету қаупінде тұр. Массагет порталы әлемдегі ерекше тотықұстарды назарыңызға ұсынады.

Кішкентай тапсырыс беруші

Корин есімді британдық әйел сүйкімді сыйлық қораптарын алған кезде қатты таң қалған. Себебі, ол ешқандай затқа тапсырыс бермеген болатын. Отбасы мүшелерінің ешқайсысы тапсырыс туралы білмейтін болып шығады. Бірақ көп ұзамай оқиғаның басты кейіпкері табылады. Бұл отбасының бір мүшесі Буди есімді тотықұс болып шықты. Буди иесінің дауысында интернет-дүкеннің мәзіріне кіріп, дауыстық көмекші арқылы тапсырыс берген.

Корин тапсырысқа кеткен 10 фунт стерлингті қайтара алмаған. Осыдан соң ол дауыс арқылы тапсырыс беретін бағдарламаны өшірген. Бұл құс келесі жолы не тапсырыс беретінін кім біледі...

Жеке детектив

Бұл тотықұстың иесі оны сөйлеуге үйреткеніне мың рет өкінген. Өйткені ол кувейттік жігіттің барлық құпиясын ашқан. Тотықұс қожайынының үй күтушісі болған әйелге сыбырлаған сөздерінің бәрін қайталай бастаған. Нәтижесінде үй иесінің әйелі сотқа жүгінген, өйткені Кувейт мұндай қарым-қатынастар үшін қатаң жаза тағайындайды. Алайда, құстың айғағы елеулі дәлел ретінде қарастырылмады. Сол себепті ер адам жазадан құтылған.

Тотықұс ұрылар

Үндістанның бір провинциясының фермерлері жылдар бойы көкнәр алқаптарына тотықұстардың басып кіруіне қарсы күресіп келеді.

Құстардың мұндай әрекеті алғаш рет 2015 жылы байқалған. Жыл сайын шаруалар мұндай құс торларының саны артып келетінін айтады. Айлакер құстар егіншілер көкнәрді өндіргенше күтеді, содан кейін үнсіз егін алқабына кіріп, қалаған олжасын алып, ұшып кетеді.

Ұрыны ұстап берген тотықұс

Үндістанда тотықұстар ұры атанса, керісінше Америкада олар ұрыны ұстап береді.  АҚШ-та тотықұс үй тонау ісін ашуға көмектескен оқиға орын алған. Бос пәтердегі қылмыскерлер еш ойланбастан бір-бірін аты-жөнімен атаған, ал тотықұс бұл есімдерді есіне түсіріп, полицейлердің көзінше бірнеше рет қайталаған. Тотықұстың бұл ісі ұрылардың ізіне түсуге көмектескен.

Ең ақылды тотықұс

Әлемдегі ең ақылды тотықұс Алекс есімді 400 сөз білетін тотықұс болған.

Жалпы, африкалық тотықұстар тобына жататын Жако – ең қабілетті тотықұс. Ол интеллектуалды дамуда ең жоғары нәтиже көрсеткен. Сұр тотықұс Гиннестің рекордтар кітабына еніп, әлемдегі ең ақылды тотықұс атағын алған.

Бұл атақ доктор Ирэн Пеппербергтің тәжірибесіне қатысқан Алекс есімді (1976-2007) тотықұсқа берілді. Осы ғылыми жұмыстың арқасында ғалымдар құстар жеткілікті ақылды емес және тек бейсаналық түрде, бірақ сөйлеу мен дыбыстарға сәтті еліктей алады деген пікірді жоққа шығара алды.

Алекс тотықұстардың логиканы пайдаланып, тапсырмалар негізінде қорытынды шығара алатынын, олардың қарапайым математикалық есептеулер жүргізуге қабілеті бар екенін дәлелдеді. Олар үйренген сөздердің мағынасын бастапқы деңгейде түсінеді және адамдармен қарым-қатынас кезінде оларды саналы түрде қолдана алады.