Тотықұстар — ерекше жаратылыс иелері

Тотықұстар — ерекше жаратылыс иелері

Тылсымға толы мына әлемде адамның атқаратын функцияларын жарыса жасайтын тіршілік иелері жоқ емес. Солардың бірі — тотықұстар. Адамша сөйлеп, адамша сайрайтын бұл құстардың өмірі ерекшелікке толы.

  • Тотықұстар да мектепке барады

Австралияда тотықұстарға арналған арнайы мектеп бар. Онда құстарды сөйлеуге үйретеді. "Түлектердің" оқу үлгерімдерін бағалай келе, Сиднейдегі тотықұстар мектебінде 1974 жылы оқытушылар  50 "оқушыға" жақсы деген, 20 "оқушыға" қанағаттанарлық деген баға берген. Ал қалған екі тотықұс оқытушылар үйреткен сөздерді "сыныптастарына" қарсы пайдалана отырып, оларды балағаттап, оқу тәртібін бұзғаны үшін екінші жыл оқуға қалдырылған.  

  • Тұмсықты тотықұс

Тотықұстар арасындағы әлемдегі ең үлкен тұмсық иесі – қара какаду. Тұмсығының ұзындығы – 10 сантиметр. «Какаду» сөзі "какатуа" деген малай тілінен енген. "Какатуа" "тістеуік" деген мағынаны білдіреді.

  • Тотықұстардың өмірі

Ұзақ ғұмырға ие тотықұстардың өмірі кейде 50-60 жылға, кейде 100 жасқа да созылады. Ажалы ерте келген тотықұстардың өзі 20-25 жасты бағындырып кетеді.

  • Қылмыскерді ұстауға көмектескен тотықұс

Америкада Бейби есімді тотықұс полиция қызметкеріне көмек көрсеткен. Белгілі бір бизнесменннің пәтеріне басып кіріп, тонап кеткен кезде оқиға орнында болған тотықұс полиция қызметкерлерінің көзінше ұрлықшы қылмыскерлердің бірінің есімін атап берген.

  • Тотықұстар жойылып барады

Әлемде тотықұстардың 350-ден аса түрі кездеседі. Бірақ қазіргі таңда олардың үштен бірі жоғалу қаупінде тұр.

  • Тотықұстар қалай қорғалуда?

Бүгінгі таңда бұл құстардың 72 түрі мен 147 түршесі Халықаралық табиғат пен табиғат ресурстарын қорғау кеңесінің «Қызыл кітабына» еніп үлгерген.

  • Тотықұстардың ерекшелігі

Кеа — қойларға шабуыл жасайтын жыртқыш тотықұс.

Бұйра тотықұстар 400-ден 20000 герцке дейінгі ауқымдағы дауысты ести алады.

Гиннестің рекордтар кітабына енген Жако есімді тотықұс 400 сөз біліп, бірнеше тілде толық сөйлемдерді еркін айта алады. Атақты тотықұс 31 жасында 2007 жылы 6 қыркүйекте өмірден өтті.

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Суреттер: vetapteka.kiev.ua, sunhome.ru

А. Әбілхан