- Негізгі бет
- Әлем алақанда
- 11 шілде –...
11 шілде – халықаралық шоколад күні
Бүгін, яғни 11 шілде тәттіқұмарлар халықаралық шоколад күнін тойлайды. (World Chocolate Day). Бұл атаулы күнді ең алғаш рет 1995 жылы француздар ойлап тапқан. Шоколадты ең алғаш жасағандар ацтек тайпасы екендігі жөнінде де жиі айтылып жүр. Олар шоколадты «ас атасы» деп қасиет тұтқан. Еуропаға алғаш алып келген испан конкистадорлары шоколадқа «қара алтын» деп ат қойып, физикалық күш пен төзімділікті күшейтуге қолданған. Біршама уақыт өткен соң, Еуропада шоколад шектетіліп, бұл ас тек ақсүйектердің ғана дастарханында болды. Әйелдер арасында шоколад кәрілікке жол бермейді деген де түсінік қалыптасқан. Көптеген ақсүйектердің ханымдары кәріліктің отын шоколадпен өшіруге болады деп түйген. Жиырмасыншы ғасырдың басында өндіріс қуаты дамыған соң, шоколадтан ақсүйек адамдардан басқа қарапайым жандар да ауыз тиетін болды.
Шоколад өніміне арналған ең алғашқы ескерткіш 2009 жылы 1 шілде күні таныстырылды. Бұл ескерткіш Владимир облысының Покров қаласында тұр. Шоколадтың құрамына енетін кейбір заттардың әсерінен шоколад жүйкеге оң әсер етеді. Сол себепті, бұл тәттіні жегенде көңіл-күйіміз көтеріледі. Зерттеулердің қорытындысына сенсек, америкалық арулардың 18%-ы күйзелістен шоколадтың көмегімен арылады екен. Десек те, шоколадтың пайдалы қасиеттерімен қатар, зияны да бар екенін ескергеніңіз жөн. Біріншіден, ол өте құнарлы. Шоколадтың азықтық құндылығы сары майдың нәрлілігіне бара-бар. Толықтай дерлік какао майынан тұратын ақ шоколадтың қарасына қарағанда құнарлы екенін ұмытпаңыз. Шоколадты жеу бет терісіне де әсер етеді. Басқа майлы тәттілер секілді, ол да май бездерінің қызметін күшейтеді. Алайда бұл жеген тәттіңіздің мөлшерімен тығыз байланысты. Көптеген сынақ өткізген ағылшын ғалымдары 4 апта бойы тәулігіне 40 грамм шоколад жегенде оның теріге еш әсер етпейтінін анықтады. Ал егер күніне 250 грамнан жесеңіз, оның зияны көп болмақ. Сонымен қатар шоколад цитрус жемістері, жаңғақ пен балық секілді аллергия тудыруы мүмкін. Сондықтан дәрігерлер алты жасқа толмаған балаларға шоколад беруге тыйым салады. Жүкті әйелдер мен бала емізетін аналардың да одан бас тартқаны жөн. Шоколадты қанша мөлшерде жеу туралы қызу дау әлі тоқтаған жоқ. Нақты мөлшері әлі белгісіз. Бірақ барлығы бірнеше текше шоколадтың немесе екі шоколадты кәмпиттің ағзаға еш зияны жоқ деген пікірде.
Ендеше, барша шоколадқа деген құмарлығы басым жандарды бүгінгі халықаралық шоколад күнімен құттықтаймыз!
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Сурет: calend.ru
А. Әбілхан