Әлем мойындаған ең ерекше шоколадтар

Әлем мойындаған ең ерекше шоколадтар

Адамзат баласының асқазанын осыдан екі мың жыл бұрын жаулап алып үлгерген шоколадтар күні бүгінге дейін өз мәртбесін жоғалтқан емес. Оларды жеуден де, олар туралы әңгіме өрбітуден де шаршамайтынымыз тағы бар. Шокалад күні, шоколадттың пайдасы мен зияны, шоколадқа қарап мінез анықтау тақырыптарында ұсынылған материалдарымызбен танысып үлгерген болсаңыздар, әлем мойындаған ең таңдаулы шоколадтарды біле жүріңіз.

Түйе сүтінен жасалған шоколад

БАӘ-де түйе сүті – өте танымал өнім. Мұндай ерекше тәттіні Al Nassma атты компания шығарады екен. Олардың айтуынша, түйе сүтінен әзірленген шоколад өте пайдалы және құрамында май аз болып келетіндіктен, қант диабетімен ауыратын адамдарға да жеуге рұқсат етіледі. Al Nassma-ның өнімдеріне бал, жаңғақ және түрлі дәмдеуіштер қосылады. Аталған шоколадты қолға түсіру қиынның-қиыны екен. Оны мемлекеттің негізгі әуежайлары мен қонақ үйлерінен ғана таба аласыз.

Шоколад жеп мас болыңыз...

Атақты Villars компаниясы ұсынған бұл шоколадтың ерекшелігі – дәмінің ащы болып келетіндігінде жатыр. Шоколад ауызға түсіп, ери бастаған кезде бұрын-соңды ешбір жерден татып көрмеген ащы дәмді сезінесіз. Қорықпаңыз, бұдан мас болып қалмайсыз! Өйткені абсенттің құрамы бар болғаны 8,5 пайызды ғана құрайды.

Қара жерқұлақ дәмі бар шоколад

Қара жерқұлақ – өте қымбат әрі сирек өнім. Ал жерқұлақтың өзі қосылған шоколад одан да сирек кездесетіндігін ішіңіз сезіп отырған болар.

Карри мен кокос қосылған шоколад

Ащы бұрыш қосылған шоколадтармен бүгінде ешкімді таңғалдыра алмаймыз, ал үнді дәмдеуіштерінен даярланған шоколадтардың таңдайыңызды қақтыратындығына сенімдіміз. Мұндай ерекше тәттіні шығарған американдық Theo Chocolate компаниясы болып табылады.

Гүл күлтелерінен жасалған шоколад

Француздық Bovettі компаниясы өндіретін раушан, жасмин, шегіргүл, лаванда күлтелері қосылған шоколадтарды жеген де арманда, жемеген де арманда! Күлтелердің дәмі айтарлықтай сезілмесе де, олардың хош иісі мұрыныңызды жарады.

Салмақты азайтатын шоколад

Көпшілігіміз салмақты көбейтеді деген қорқынышпен шоколад атаулыдан бас тартып жатамыз. Біз секілді үрейшіл жандар үшін Cocoa Bio компаниясы баға жетпес сыйлық жасады. Енді тәттіні еш уайымсыз жей беруіңізге әбден болады. Бұлай дейтініміз, 2009 жылы  жасап шығарылған бұл Lola шоколады артық салмақтан арылуыңызға жәрдем береді.

Суреттер:otolife-me.livejournal.com, listphobia.com,merkur-online.de,kovinov.com

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева