Коронавирус пандемиясы жұқпалы аурулардың таралуы қаншалықты қауіпті және жойқын болатынын тағы бір еске түсірді. Мұндай жағдайларда вакциналар көбінесе қалыпты өмірге оралудың жалғыз шарасы болуы мүмкін. Вакциналар адамдарды ажалдан қаншама рет арашалап қалғанына тарихтағы оқиғалар мен медицина ғылымындағы іргелі жаңалықтар дәлел. Ендеше вакцинаның адам өмірін қалай өзгерткеніне бірнеше мысал келтірейік.
Миллиондаған адам өмірін жалмаған індеттер
Шешек
Шешекке қарсы вакцина – осы саладағы ең үлкен жетістік. ХХ ғасырдың өзінде аурудан қайтыс болғандар саны – 300 миллион. Шешекке шалдыққандардың 30 пайызы денелеріндегі іріңді жаралардан азаптанып қаза тапты. Тірі қалғандарды көзі көрмей немесе өмір бойы терісіндегі ұнамсыз тыртықтармен өмір сүруге мәжбүр болды.
Жүздеген жыл бойы адамдар шешектен емделу үшін түрлі ем қолданды. Адамзат бұл аурудан оған қарсы вакцина ойлап табылған соң ғана құтылды. Алғашқы сенімді және қауіпсіз вакцинаны доктор Эдвард Дженнер ірі қара малдың губка тәрізді энцефалопатиясына негіздеп жасады.
1796 жылы 14 мамырда Дженнер вакцинасын фермердің баласына сынап көрді. Науқас сауығып кетті. Дженнер болса, екі жылдан кейін өзінің әйгілі "Сиыр шешегінің адамға әсері және оның өзгеру себептері" атты кітабын шығарды. Алғашында Корольдік ғылым қоғамы Дженнердің бұл әдісіне күмәнмен қарады.
Күдік сейілгенде, Британия армиясы мен әскери-теңіз күштерінің әскери қызметшілері шешекке қарсы міндетті түрде вакцинацияланды. Ешкімде жанама әсерлер байқалмады.
Шамамен 100 жылдан кейін белгілі ғалым Луи Пастер Дженнер ойлап тапқан жасанды иммунитетті қалыптастыру әдісінің құрметіне вакцинацияны француздың vache – "сиыр" сөзімен бастауды ұсынды.
Алғашқы вакцина ойлап табылғаннан кейін 150 жыл өткесін де шешек ауруы дамымаған елдерде "ажал ауруы" болып қала берді. Жалпы адамзат шешекті 1967 жылы ДДСҰ-ның жаппай вакцинация науқанынан кейін ғана жеңді.
Әлемде індеттердің саны артып келеді. Не үшін?
Полиомиелит
Бұл аурудан шешекке қарағанда аз адам қайтыс болғанымен оны жұқтырғандар қатты зардап шеккен. Полиомиелит негізінен балаларға әсер етеді. Вирус ағзаға ауыз қуысы арқылы еніп, қанға түседі. Содан кейін жүйке жүйесін зақымдап, адамды сал қылады. Көбіне аяқ жансыз болып қалады, бірақ әрбір оныншы науқас өкпе бұлшықеттерінің жұмыс істемей қалуынан тыныс ала алмай қайтыс болды.
Мұндай науқастардың жалғыз құтқарушысы – 1920 жылдары жасалған "темір өкпелер" деп аталатын өкпенің жасанды желдету құрылғылары болды. Мұндай металл құрылғылар көмегіне адамдар бірнеше апта бойы, кейде өмірінің соңына дейін жүгінетін.
Бұл аурудың шешектен айырмашылығы ешқандай сыртқы белгілері жоқтығында еді. Оның инфекциялық сипатын швед дәрігері Ивар Викман 1905 жылы ғана толық сипаттады.
Сол уақытқа дейін ірі қалаларда ауыз су сапасының жақсаруы полиомиелитке шалдыққандардың санын да, оған қарсы иммунитетті де азайтты.
Қоғамда полиомиелит негізінен дамыған елдерге тән ауру деген түсінік болды. 1952 жылы америкалық дәрігер Джонас Салк полиомиелитке қарсы вакцинаны жасады. Ал 1961 жылы оның әріптесі Альберт Сейбин инъекциялық емес, ішетін нұсқасын ұсынды. Осыдан соң АҚШ пен Еуропада полиомиелит ауруы күрт төмендеді.
Вакцинация тарихындағы қателіктердің бірі полиомиелитке қарсы вакцинация кезінде жіберілді. 1955 жылы АҚШ-тың Cutter Laboratories компаниясы қателесіп, тірі полиомиелит вирусынан тұратын 10 мың дозалық вакцинаны шығарды. Нәтижесінде 10 бала өліп, 160 бала өмір бойы сал болып қалды.
1988 жылы ДДСҰ бүкіл әлем бойынша полиомиелитті жою бағдарламасын іске қосты. 1994 жылы АҚШ, 2000 жылы Қытай, Жапония және Оңтүстік Корея, 2002 жылы Еуропа және 2014 жылы Оңтүстік-Шығыс Азия бұл ауруды толықтай жеңді.
Сарапшылардың пікірінше, вакцинаның арқасында бұл аурудан әлемде шамамен бір жарым миллион адам тірі қалып және 18 миллионнан астам адам айыққан. Қазіргі уақытта әлі де Ауғанстанда, Пәкістанда және Нигерияда жыл сайын бірнеше ондаған жағдайлар тіркеледі.
Коронавирус: жарқанаттар не себепті қауіпті вирустар тасиды?
Қызылша
Қызылшаға қарсы вакцина сәттіліктің де, сәтсіздіктің де мысалы бола алады.
Африкадағы әлемге әсер еткен Эбола эпидемиясы 20 мың адамның өмірін жалмады. Ал, қызылшадан өткен жылы 207 мың адам қайтыс болған. Алайда, оған қарсы вакцина 1963 жылдан бері бар.
Бұл өте жұқпалы вирус сілекей тамшылары арқылы немесе жөтелгенде және түшкіргенде жұғады. Қызылшада температура көтеріліп, бөртпелер пайда болады, ал ауыр жағдайларда науқастың өміріне қауіп төндіретін диарея, сондай-ақ ми қыртысының қабынуы байқалады.
Қызылшаға қарсы вакцина ойлап табылғанға дейін бұл ауру жылына орта есеппен 2,6 миллион адамның өмірін қиды. Оны толығымен жою мүмкін болмады. Адамдардың 95 пайызы қызылшаға қарсы жаппай иммунитетті қалыптастыру үшін вакциналанды.
Қызылша ауруы АҚШ-та және Еуропада әлеуметтік медиада таралған "анти-вакциналардың" арқасында қайтадан өсті.
Эндрю Уэйкфилд
Анти-вакцинаторлар британдық дәрігер Эндрю Уэйкфилдтің 1998 жылғы мақаласынан шабыт алды. Мақалада балаларда аутизмды қызылша, паротит және қызамыққа қарсы вакциналар тудырады деп айтылды. Ақпарат кейіннен жоққа шығарылғанымен, ол адамдардың санасында жеткілікті із қалдырды. Академиялық тәртіпті бұзғаны үшін Уэйкфилд медициналық лицензиясынан айрылды.
Дамыған елдерде қызылшадан өлетіндер аз болса, Африкада жағдай анағұрлым нашар. Былтыр Конго Демократиялық Республикасында қызылша ауруы 7000-нан астам адамның өмірін қиды. Қайтыс болғандардың көпшілігі балалар.
Дамушы елдердің басты проблемасы – қауесет, вакциналардың жетіспеуі және медициналық инфрақұрылымның болмауы, әсіресе шалғай аудандарда бұл қатты сезіледі. ДДСҰ БҰҰ-ға мүше елдерден қызылшаға қарсы вакцинацияға қосымша 255 миллион доллар бөлуді сұраған.
Безгек
Ғалымдардың пікірінше, адамдар безгек ауруымен ежелден бері ауырған. Қазіргі кезде адамзаттың басым бөлігі безгек ауруымен ауырады, және жыл сайын безгектен 400 000 адам қайтыс болады. Өлімнің жартысына жуығы Африкада тіркеледі.
Ауруды "безгек плазмодий" деп аталатын бір клеткалы паразиттік бактерия қоздырады. Бактерия адам ағзасына безгек масасы шаққан кезде қан арқылы енеді.
Безгекпен күресудің ең негізгі әдісі – бұл маса бар батпақты кептіру, жәндіктер үшін торлар орнату және аурудың алғашқы кезеңінде емдеу.
32 жылдық қажырлы еңбек пен 700 миллион доллар шығынға қарамастан, безгекке қарсы толық вакцина әлі жасалған жоқ.
ХХ ғасырдың обасы – СПИД туралы не айтуға болады? Неге оның әлі вакцинасы жоқ?
Адамның иммунитет тапшылығы вирусы ғылымға белгілі вирустардың ішіндегі хамелеон тіршілік иесі атымен мәлім. Ол әрдайым өзгеріп отырады, мутацияға ұшырайды.
Адамның иммун тапшылығы вирусы дегеніміз не?
Адамның иммунитет тапшылығы вирусы үш өлшемді күрделі құрылымдық бетке ие. Оның жартысы қант қабығымен, вакцинаның белсенділігін блоктайтын глюкозамен жабылған беттерден тұрады.
Егер АИТВ-ның табиғаты басқа вирустармен бірдей болса, мамандардың жұмысы әлдеқайда жеңіл болар еді. Бірақ адамның иммунитет тапшылығы вирусы жедел түрде тез өзгеріп отырады. Вирусты жеңу үшін иммундық жүйе оны тануы керек. Бірақ жылдам мутация нәтижесінде иммундық жүйе оны қауіпті деп санамайды.
Адамның иммунитет тапшылығы вирусы ретровирустар тобына жатады. Мұндай вирустар ДНҚ геномын адам жасушасында сақтау қабілетіне ие. Ғалымдар бірнеше жылдан бері ретровирустармен күресу үшін олардың қалай көбейетінін анықтауға тырысып жатыр. Нәтиже әлі айтарлықтай жақсы емес.
АҚТҚ-ға қарсы вакциналар жасалып жатыр
2016 жылы Оңтүстік Африкада шығарылған HVTN 7026 вакцинасы қоғамда үлкен үміт туғызды. Бастапқы экспериментке 18-35 жас аралығындағы 5407 АИТВ жұқтырған науқас қатысты. Вакцинация процесінде вакцинаны екі еселендіретін Prime Boost әдісі қолданылды. Бірақ нәтижесі ғалымдарды қанағаттандырмады.
RV144 вакцинасы HVTN 7026 үшін негіз болды. Бұл 31 пайыз оң нәтиже көрсеткен жалғыз вакцина еді. Вакцина адамды бірнеше ай ғана вирустан сақтай алды. Жоба 2020 жылдың ақпанында оң нәтижелердің болмауына байланысты тоқтатылды.
Тағы бір вакцина IMBOKODO деп аталады. 2600 африкалық IMBOKODO сынақтарына қатысты. Вакцинаның тиімділігі қазіргі уақытта 67 пайызды құрайды. IMBOKODO сынақтары 2022 жылдың ақпанында аяқталады деп жоспарланған.
Оба
"Оба" сөзі індеттің синонимі іспеттес. Бұл аурудың негізгі қоздырғышы оба таяқшасы болса, адамға инфекцияны көртышқан мен бүрге жұқтырған. Тарихи дерек көздерінде алғаш рет оба біздің заманымызға дейінгі 540 жылы пайда болғаны айтылады. Бір ғасыр ішінде дерттен 150 миллион адам қайтыс болған. Сол уақытта әлем халқының саны небәрі 400-450 миллион болатын.
Екінші рет оба вирусы қайта XIV ғасырда шығады. Індет Африка мен Еуразия аймағына таралды. Оны халық "Қара өлім" деп атаған. Одан бөлек, науқастардың денесінде жара мен ісіктер пайда болатындықтан "Безді оба" деген атауы да болған. Алғашқы белгілер Гоби шөл даласында байқалып, Алтын Орданың саудагерлері арқылы инфекция жердің түкпір-түкпіріне тарады. Бұл жолы да салдары тым ауыр болды: Еуропа халқының 40 пайызы қырылса, Қытай мен Үндістанның жүздеген қаласы мен ауылы қаңырап бос қалған еді.
Оба таяқшасы қайтадан 1855 жылы Қытайда "оянады". Юньнань таулы аймағының тұрғындары алғашқы қырық жыл бойына дертпен "жалғыздықта" күрес жүргізеді. Бірақ, XX ғасырдың басында саудагерлер мен әскердің аймақ бойынша шекарадан асуы індетті әлемнің түкпір-түкпіріне таратты. Індеттің үшінші "толқыны" айтарлықтай жойқын болмады. Тек Қытай мен Үндістанның 20 миллион адам өмірін жалмады.
Оба ауруы тарихта "қара өлім" деген атпен қалды
Ауруды жеңуде кеңес үкіметінің ғалымдары мол еңбек сіңірген. 1947 жылы Маньчжуриядағы оба ауруын емдеу барысында алғаш рет стрептомицин қолданылды. Соның арқасында тіпті өлім аузында жатқан науқастар да аяққа тұрған. Кейін оба инфекциясы халық арасында тараған. Бірақ, талай жылғы зерттеу жұмыстары арқасында тек антибиотик, сульфаниламид секілді медициналық дәрі-дәрмектер арқылы емдеп, қауіптің алдын алуға болады.
Қорыта айтқанда, ғалымдар кез келген вакцина 100 пайыз нәтиже көрсете алады дегенге сенбейді. Бірақ 60-70 пайыздық тиімділік те жетістік деп саналады.