- Негізгі бет
- Денсаулық
- Корейлер коронавируспен қалай...
Корейлер коронавируспен қалай күресуде?
Дүниежүзілік Денсаулық cақтау ұйымы коронавирустың жаңа түрін пандемия деп атаған. Бүгінде 120-ға жуық мемлекетте вирус анықталып, 130 мыңнан астам адам жұқтырып үлгерген.
Бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Германиядан оралған екі қазақстандықтан коронавирус табылғанын хабарлады. Тағы бір Миланнан келген қазақстандық коронавирус жұқтырғаны анықталды. Билік өкілдері қазақстандықтарға 1-3 категориялы мемлекеттерге бармауға кеңес береді. Алғашқы категорияға Қытай, Иран, Италия және Оңтүстік Корея кіреді. Осы елдер ішінде корейлердің коронавируспен қалай күресіп жатқаны жайлы жазуды жөн көрдік.
Оңтүстік Кореяда тұратын отандасымыз Берекет Заманханова қауіпті аймақтың коронавируспен күресу үшін не істеп жатқанын баяндады. Қазір оның денсаулығына алаңдайтын жанашыр жандар әлеуметтік желісіне көп жазады, сондай-ақ сол жақтағы жағдай жайлы көп сұрайды.
- Короновирусты тоқтату мен алдын алу үшін Корея бәрін ойлап тауып қойған. Короновируспен ауырып, ауруханада жатқан еңбекке жарамсыз адамға бір күндік жалақысы (100$ жуық) шотына түсіп отырады. Бұл тек корей азаматтарына қатысты, – дейді Берекет.
Одан бөлек, телефонда "corona alimi", " corona 100m" деген арнайы бағдарлама бар. Онда барлығы көрсетілген: короновирус жұқтырған адам қайда барғанын, қай уақытта сол жерде болғаны туралы ақпарат ала аласыз. Егер қауіпті аймаққа жақын жүрсеңіз, сізге арнайы ескерту хабарламалары келеді.
Коронавируспен ауруханаға жатқызылған адамның полиция қызметкерлері ұялы телефонын алып, GPS арқылы оның соңғы 2-3 апта барған жерлерін анықтап сол жерлерді карантинге жауып жатыр.
Сонымен қатар, автобусқа мінетін есігінде және түсетін есігінде антисептик қойып қойған. Бұл ережені университеттер де ұстанады. Есік алдына қолды залалсыздандыру құралдары қойылған. Оқытушы да сабаққа кірмес бұрын, қолымызды тазалауды ескертеді.
Маскасыз студенттерге сабаққа кіруге тыйым салды және мұғалім студентке жақындап сабақ түсіндірмейді” – деп ашып айтты.
- Бәрінің уайымы, қобалжуы орынды. Бірақ көшеге шығалмайтындай емес. Маскалардың жетіспеуі қалыпты жағдай. Одан қалса, бизнес жасағыштар сәтті пайдаланып, 1 данасы 200 теңге тұратын масканы, 1500 теңгеге сатып жатыр. Бұл – дамыған елдегі жағдай. Қауіпсіздік шараларының күшеюіне байланысты, жақын арада коронавирус статистикасы азаятынына сенемін" – дейді Берекет.
Ал Арсен (аты-жөні өзгертілді) есімді отандасымыз Оңтүстік Кореядағы жағдайды былайша сипаттады: "Бастапқыда күніне 700 адамға дейін өсіп, біраз әуреге салған еді. Көшеде де, жұмыста да жұрт әбден дүрлікті. Қазір қалыпқа түскен сияқты.
Әрбір корей отбасының бір мүшесі тексерілуі тиіс деген хабарлама келді. Дене қызуын өлшейтін құралдар барлық қоғамдық орында бар.
Сонымен қатар, қазір қандай дәріханада қанша маска қалғаны туралы білуге болатын арнайы бағдарламалар шығарып жатыр және арнайы сайттан жұқтырғандар санын бақылап отырамыз, - дейді.
Оңтүстік Кореяда бүгін жұқтырғандар саны бірден 110-ға артып, барлығы 7 979 адамға жеткен. Ал, қайтыс болғандар саны – 67. Өлім көрсеткіші бойынша қауіп деңегейі жоғары мемлекеттер арасында соңғы орында. Оның үстіне, кез келген шетелдік арнайы емханалардан ақылы тексеріле алады. Егер, COVID-19 анықталған жағдайда ақшасы қайтаралып, тегін емделу мүмкіндігіне ие болады. Корейлер осылайша коронавируспен күресіп жатыр.
• Коронавирустан сақтану жолдары
• Коронавирус белгілері байқалса, ауруханаға баруға болмайды
• Пандемия кезінде бас тарту керек 5 beauty-әдет
Т. Есқали