Пандемия кезінде бас тарту керек 5 beauty-әдет

Пандемия кезінде бас тарту керек 5 beauty-әдет
Фото: freepik.com

Соңғы айдың ең көп талқыланатын тақырыптарының бірі – коронавирус. Оны жұқтырып алмас үшін ең алдымен сақтану шараларын жасау керек. Қолды жиі жуу мен адам көп жерде маска тағып жүру керегі туралы білеміз. Сондай-ақ осындай уақытта бас тартуыңыз керек beauty-әдеттер бар.

1. Дүкенде косметиканы тестілемеңіз

Әдетте, қандай да бір косметикалық өнімді сатып аларда оны қол терісіне жағып көру ұсынылады. Бірақ қазір бұл әдеттен бас тартқан жөн. Тестілік құралдарды көпшілік пайдаланады. Бұл жағдайда вирус өзін қалай ұстайтыны әлі белгісіз. Сондықтан сақтанған артық етпейді.

2. Ерінге арналған бальзамды саусақпен жақпаңыз

Егер сүйікті бальзамыңыз құтыда тұрса, оны саусақпен алып жағу керек. Мұндай ыдыстағы косметикалық өнімдеріңізді уақытша қолданбай-ақ қойыңыз. Ерінге арналған далаптың да, бальзамның да үйреншікті ыдыстағы түрін пайдаланыңыз. Сол кезде саусағыңызбен оны ұстау қажеттілігі болмайды. Қазір жиі қолды сабындап жуу керегі және қолмен бетіңізді ұстай бермеу керегі жайлы айтылып жатыр.

3. Қолға арналған кремді антисептикке ауыстырыңыз

Бұл екеуінің біреуін таңдау керек деген сөз емес. Әр әйелдің сөмкесінде қолға арналған крем жүретіні өтірік емес. Сол секілді қазір сөмкеңізде болуы керек міндетті құрал – антисептик. Бұрын қол жуған сайын крем жағып жүруді айтсақ, енді антисептик құралдарын пайдалану ұсынылады. Оны жиі қолдануды әдетке айналдырыңыз.

4. Қоғамдық ортада макияжыңызды түземеңіз

Бұл, әсіресе, көзге қатысты. Себебі вирус шырышты қабықша арқылы жұғады. Көзіңіз қышып тұрса да, макияжыңыз жағылып кетсе де, оны қолмен уқаламаңыз немесе сүртпеңіз. Макияж жөндеуге сөмкеңізге мақта таяқшаларын салып жүріңіз.

5. Телефонды бетіңізге сүйеп қоймаңыз

Жалпы қарапайым телефонмен сөйлесудің өзі бетке безеудің пайда болуына ықпал етеді. Себебі смартфонға көп бактерия жиналады: күнде телефонды әр жерге қоясыз, содан соң құлағыңызға тақайсыз. Ал қазір тері қабынуынан бөлек вирус жұғу қаупі бар. Сондықтан пандемия кезінде құлаққап арқылы сөйлескен жөн және гаджеттер экранын антибактериялық майлықтармен жиі сүрту керек.

А. Жапатова