- Негізгі бет
- Денсаулық
- Қалай салмақ қосуға...
Қалай салмақ қосуға болады?
Қыз-келіншектер арықтау үшін түрлі амал-тәсілдер жасаса, арық қыз-келіншектер де толу үшін көптеген іс-әрекетке барады. Ал кейбір жігіттер өз дене болмысына көңілі толмай, арықтығына намыстанатыны бар. Ендеше назарларыңызға осы қиындықтың шешу жолын ұсынамыз.
Салмақ қосу үшін қанша көп тамақ жесеңіз де немесе нан өнімдерін үзбесеңізде толмайтын болсаңыз, онда сізге қатты алаңдаудың қажеті жоқ. Себебі мұның сыры, сіздегі зат алмасу жүйесі өз жұмысын жақсы атқарады. Ал сіздің табиғи жаратылысыңыз осындай болса, онда сізге толу үшін біраз уақыт қажет.
Диетолог мамандар дененің толыспауына мінездің де әсері бар екенін айтады. Мәселен, ызақор, бос сөзге жаныңыз жақын болса, онда тамақтың мәзірінен бұрын, өз мінезіңізді түзеуге тура келеді. Ал егер де толу үшін дұрыс тамақтануды білмей жүрсеңіз, маманның кеңесіне құлақ түріңіз. Дәрігердің ұсынған тамақтану тәртібін қатаң түрде қолға алсаңыз, онда толатыныңызға 100% сенсеңіз болады.
• Арық адамдардың көпшілігі аз-аздан жиі тамақтанады. Ең алдымен тағамдарыңыздың құнарына мән беріңіз. Құрамында май мен ақуызы мол тағамдарды тұтыныңыз. Сондықтан да кез келген тамағыңызға 80-100 грамдай сары май қосыңыз. Сонымен қатар толуыңызға қаймақ пен кілегей де жақсы көмектесе алады.
• Тамақ мәзіріңізде міндетті түрде ет болсын. Ет ең әуелі тәбетті ашатын қасиетке ие. Сонымен қатар кальций мен темірге бай ірімшікті де үзбей жеңіз.
• Арық жандар үшін қанттың да орны ерекше. Тосап қосылған шай немесе майлы сүт қосылған кофе ішіңіз. Нәрсумен де шөлді қандыруға болады. Мұның бәрі толысу үшін көмектеседі. 50 гр шекерге жұмыртқаның ақуызын қосып жесеңіз, аз уақыттың ішінде оң нәтижеге жете аласыз. Сонымен қатар калорияға бай қара өрік, құрма, кептірілген жемістерді күнделікті жесеңіз, ол сізге күш-қуат беріп, бойыңызға сергектік сыйлайды.
• Аш қарынға лимон қосылған тәтті шай ішіңіз. Ал жемістер мен көкөністерден жасалған салатты түске дейін немесе түстен кейін жегеніңіз жөн.
• Құрамында көмірсуы көп тағамдар тәбетіңізді төмендетеді. Сол себепті мұндай тағамдарды ас мәзіріңізден шектегеніңіз дұрыс. Оның орнына В1 дәрумені бар тағамдарды, яғни жаңғақ, лобия, ботқа мен сиыр етін көбірек жеңіз.
• Спортпен айналысыңыз. Оның ішінде суға жүзу өте пайдалы. Суда жасалған жаттығу омыртқаға пайдалы болса, бір жағынан тамаққа деген тәбетіңіз ашылады.
• Минералды заттар мен дәрумендерге және ақуызға бай құрғақ сүтті сумен араластырып күніне 2 ас қасықтан ішсеңіз, салмақ қосып жатқаныңызды байқайсыз.
• Дене жаттығуының алдында шамамен 1 сағаттай бұрын сұлы ботқасын жеңіз. Оған қоса кептірілген жеміс немесе 2 дана бананды да ұмытпаңыз.
• Нан, ботқа, макарон энергия берсе, ал балық, майсыз ет, үзбе бұлшықетті ақуызбен толықтырады.
• 1 күнде кем дегенде 3 литрдей су ішуге тырысыңыз. Сонымен қатар магний, калий, көмірсуға бай табиғи шырын мен минералды суды көбірек ішіңіз.
Н. Үсенова