Ұзақ өмір сүру үшін қалай тамақтанған жөн?

Ұзақ өмір сүру үшін қалай тамақтанған жөн?
Фото: grodno24.com

Адамның өмір жасы ішкен асы мен өмір сүру әдебіне байланысты екені анық. Әсіресе, ішкен асына көп тәуелді. Адам ағзасы көлік қозғалтқышы сынды: уақтылы күтіп-баптасаң, сапалы "майды" дұрыс құйып жүрсең, ұзақ жүреді. Ал қарамасаң, ерте бұзылады.

Ендеше ерте "бұзылмас" үшін дұрыс "майды" қалай таңдаймыз, соны қарастырып көрейік. Неміс дәрігері, дерматолог Яэль Адлер (Yael Adle) ұзақ өмір сүрудің, ерте қартаюдың алдын алудың жолы ретінде мынадай тамақтау рационын ұсынады.

Ең алдымен, дәрігердің айтуынша, ұзақ өмір сүрудің не екенін түсіну үшін "жастық шақ" дегеннің не екенін білуіміз керек. Жастық шақ дегеніміз – адам ағзасының қабынуға бой бермейтін қуаттылығы. Жас ағза ауруға, қабынуға қуатты төтеп береді. Ендеше ағзаның "жастық шағын" ұзағынан сақтасақ, соғұрлым ауру мен қабынуға ұшырамаймыз.

Адам ағзасы қабынса, тері мен денесі тез қартаяды, диабет, қатерлі ісік, жүрек-қан аурулары сынды дертке жол ашады.

"Ал ағзаны жас әрі сау ұстау үшін дұрыс тамақтануымыз керек. Әсіресе, омега-3 пен омега-6 май қышқылының ағзадағы нормасы тұрақты, тепе-тең болуы тиіс. Бұл екі май қышқылының көлемі тепе-тең болса, ағзаның қабынуға қарсы тұрарлық күші көбейеді. Жас шақ содан ұзарады", - дейді Яэль Адлер.

Медиктің айтуынша, омега-3 қышқылы теңіздің майлы балықтарында көп болады. Ал омега-6 болса, ет мен шұжық сынды жануартектес тағамдарда көп. Омега-3 қышқылына сарымсақ (чеснок), куркума сынды специяларды қосып жесе, ағзаның қабынуға қарсы тұрарлық күші тағы көбейеді. Жеміс-жидек, брокколи сынды антиоксидантқа (қабынудың алдын алатын) бай нәрселерді де жиі жеп жүрген жөн.

"Сондай-ақ, жасұныққа бай тағамдарды жиі көп тұтынған абзал. Жасұнық ішектегі пайдалы бактерияларды көбейтеді, ішек микробиомасын жақсартады. Ішек флорасын жақсартуға айран, табиғи йогурт, ашытылған қырыққабат сынды тағамдар да көмектеседі", - дейі дәрігер.

Жоғарыда қабынуға қарсы тұрарлық тағамдар жайлы айтылды. Енді қабынуды күшейтетін тағамдар барын ұмытпайық.

"Қартаюдың алдын алу үшін қабынуды күшейтетін тағамдарды жемеңіз. Оларға қант, ақ ұн, сиырдың сүті жатады. Сүттің өзін емес, оның орнына ірімшік, йогурт, айран, сүзбе сынды қышқыл өнімдерін тұтынған дұрысырақ. Онда аминқышқылдар мол болады", - деп түсіндіреді Яэль Адлер.

P.S. Көліктің қозғалтқышы зауыттан белгілі бір шекпен шығады. Яғни, біреуі 1 млн шақырымға дейін жүре алса, енді 700-800 шақырымға ғана жететіндей етіп шығарылады. Кейбірі тіпті 2 млн шақырымға дейін шыдауы мүмкін. Егер моторға дұрыс қарасаңыз, онда осы белгіленген шақырымды оп-оңай жүріп шығады. Тіпті, одан да көп жүруі мүмкін. Ал дұрыс қарамасаңыз, онда 300-400 шақырымда-ақ "тарсыл" пайда болып, жағдайы нашарлауы мүмкін. Адамның да денсаулығы дәл сондай.

Қ. Слямбек