Тар шалбар денсаулыққа зиян

Тар шалбар денсаулыққа зиян
Фото: diletant.media

Бүгінде америкалық брендке айналған джинсы шалбарларын кимейтін адам әлемде кемде-кем. Ұл мен қыз, кәрі мен жас, бай мен кедейдің де гардеробынан кемі бір джинсыдың табылатыны анық. Өйткені аталған киім түрі жүріп-тұруға өте қолайлы. Оның үстіне бағасы да әркімнің қалауынша. Ал қыздар арасында сәнге айналған тар джинсы шалбарлардың зиян екенін дәрігерлер бүгінде дабыл қаға айтып отыр. 

Жүргізілген зерттеудің нәтисі бойынша үнемі тар шалбар киіп жүретін адамдардың денсаулықтарында аурудың бірнеше түрі кездеседі екен. Олардың басы жиі айналып, несеп жолдары ауруларына шалдығады. Вашингтондық дәрігер Карен Бойлдың айтуынша, тар шалбарлар неврит ауруына, жүйкенің қабынуы мен жамбас тамырларының қысылуына әкеліп соғады.

Невритке шалдыққан адамның жамбасында шаншу пайда болып, аяғы жиі ұйып қала беретін болады. Дәрігерлер сондықтан жас қыздардың тар джинсыдан көрі жұмсақ матадан тігілген шалбарларды кигені абзал деп кеңес беріп отыр.

Сонымен қатар ер кісілерге де джинсыдың тигізетін айтарлықтай зияны бар. Егер тар джинсы шалбар кисе, онда белден төмен орналасқан тамырлар қысылып, қалыпты жұмыс істеуін тоқтауы мүмкін. Бұл өз кезегінде жыныс мүшесінің түрлі ауруларына әкеліп соғады. Сондықтан ер азаматтарға да тар емес еркін тұратын шалбар кию керек. Джинсыдың ерлерге арналған кең тігілген түрлері бар, ал, әйелдерде мұндай таңдау жоқтың қасы.

Демек «киімнің сұлуынан жылуы жақсы» деген сөзді еске ұстап, денсаулыққа көңіл бөлгеніміз абзал. 

Дереккөз: baq.kz

О. Сансызбай