Мызғып алудың пайдасы бар ма?

Саясаткер Черчилль мызғып алуды жақсы көрген екен. Бұл оның әдеттерінің бірі ғана емес, сонымен қатар саяси өміріндегі жетістіктерінің формасы болған деседі. Оның сөзіне сенсек, түстен кейінгі екі сағаттық ұйқы жұмыс өнімділігін бірнеше есеге артырады. Сенбеске шара жоқ, себебі Черчилль саясатта 90 жасына дейін ес-ақылын жоғалтпай жүре алды.

Енді ойланып көрейікші, адам ұйқысы денсаулықтың кепілі емей не? Аз ғана уақыт мызғып алудың қаншалықты пайдасы бар екенін осы материалымызда бөлісеміз.

Адам ұйықтап жатқанда қандай өзгерістер болады?

Сол жақ ми бөлігі адамның логикасы мен ойлау қабілетіне жауап береді. Ол вербалды ақпаратты қорытып, сөйлеуді қызметін бақылайды. Дәл осы сол жақ мимен әртүрлі фактілер, адам есімдері, түрлі даталарды жаттаймыз, сонымен қатар, оларды іріктеп, сараптаймыз.

Ал оң жақ ми бөлігі – «шығармашылықты» дамытады. Жұмбақ шешуде, бейвербалды (белгілер мен жасырын заттарды табу) ақпаратты қабылдауда осы оң жақ ми бөлігі қызмет көрсетеді және армандауға, қиялдауға, метафораларды құрастырып, оларды түсінуге көмектеседі.  

Ғылыми зерттеулердің нәтижесі бойынша, адам мызғып ұйықтағанда сол жақ ми бөлігі жұмыс істемейді екен де, ал оң жақ миы қызмет көрсете береді. Осы себептен де адам ұйықтап тұрған соң ақпаратты тез қабылдайды. Тіпті өлеңді де тез жаттайтыны осыдан.

Мызғып алған соң:

√ Ойлау жүйесі белсенді болады;

√ Шығармашылыққа әуес болады;

√ Шаршағанды басады, стресстен айығады;

√ Қабылдау, төзім сияқты мүмкіндіктерді белсенді етеді;

√ Іс-қимыл әрекетті жақсартады;

√ Майларды кетіреді;

√ Жүрек қан тамыр ауруларының алдын алады;

√ Көңіл-күйді көтереді.

Ал бастысы, оң жақ ми бөлігінің белсенді болуына байланысты, оқуға және есте сақтау қабілетін жақсартуға сеп болады.

Есте сақтау қабілетіне арналған зерттеу

Ғалымдар зерттеу жүргізеді. Олар ерікті екі топ адамды жинап, бір ақпаратты оқуын сұрайды. Кейін 40 минуттық үзіліс жасалады. Үзілістен кейін олар қайтадан ақпаратты оқиды. Екі топтың бірі үзіліс кезінде мызғып алса, екінші топ белсенді қозғалыс үстінде болған. Ал нәтижесінде мызғып алған топ ақпаратты тез жаттап алғаны байқалған. Ұйықтаған топтың 85%-ы берілген тапсырманы орындай алса, ұйықтамаған топтың 60%-ы ғана тапсырманы орындай білген.

Оқуға арналған зерттеу

Басқа бір зерттеуде қатысушыларға тапсырманы түстен кейін орындау керек болған. Бұл кезде олардың миы тынығып тұрған. Түскі 14.00-де қатысушылар ұйқыға кеткен. Ұйқыдан соң қатысушылар қайтадан тапсырма орындауға көшкен. Нәтижесінде мұнда да ұйықтап алған қатысушылар тапсырманы үздік орындаған.

Мызғып алу әсіресе студенттер мен мектеп оқушыларына аса пайдалы екен. Сабақтар арасында (сабақ үстінде) 30-60 минут мызғып алған студенттердің үлгерімі жақсы болады. Бұл үшін олар мызғып алуға ең дұрыс уақыт аралығын табуы қажет. Ғалымдардың айтуынша, түскі сағат 13.00-ден 16.00-ге дейінгі қысқа ұйқы ең дұрысы екен.  

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: өңделген