- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Қазақтан шыққан ғарышкерлер...
Қазақтан шыққан ғарышкерлер
1961 жылы 12 сәуірде Қазақстанның "Байқоңыр" айлағынан алғашқы ғарыш кемесі көкке көтерілді. Бұл – адамзат тарихындағы айтулы оқиға еді. Осылайша Юрий Гагарин – әлемнің тұңғыш ғарышкері, ал Байқоңыр – ғарыш аймағына айналды.
Одан бергі аралықта қаншама ғарышкер аспан әлеміне сапар шегіп, ғылыми зерттеулер жүргізді. Солардың ішінде Қазақстанның үш өкілі Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев және Айдын Айымбетов те бар. Олардың есімдері Қазақстан тарихы бетіне алтын әріптермен жазылды.
Тоқтар Әубәкіров - қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер
Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров 1946 жылы 27 шілдеде Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Бірінші Май ауылында дүниеге келген. Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның Халық Қаһарманы, авиация генерал-майоры.
1988 жылы Кеңес Одағында тұңғыш рет әуеде ұшаққа екі рет жанармай құйдыру арқылы солтүстік полюске ұшу сапарын ерлікпен орындады.
1989 жылы бірінші болып, авиатасушы крейсердің алаңқайшасына "МиГ-29к" реактивті ұшағын үлкен шеберлікпен дәл қондырды. Сондай-ақ, ол реактивті ұшақтың 50-ден аса жаңа түрін сынақтан өткізді.
1991 жылы 2 сәуірде Кеңес Одағы Ғарышкерлер даярлау орталығында ғарышқа ұшу дайындығына кірісіп, сол жылы 2 қазанда Байқоңырдан "Союз ТМ-13" кемесімен ғарышқа ұшты. Ғарыш кемесі жер төңірегіндегі "Мир" орбиталық кешенімен түйісті. Биотехнология, металлургия, медицина салалары және Арал аймағы бойынша ғылыми-зертуған жұмыстарын жүргізді. Зерттеу нәтижесінде Арал үстіндегі тұзды шаң борамасының пайда болу процесі, зиянды аэрозолдардың Қазақстан мен Ресей аймақтарына таралуының ғарыштық суреттері алынды. Сондай-ақ, Қазақстан аумағындағы атмосфераны және жер бетін зерттеу, жұлдызды аспан астрофизика бақылау жұмыстары да ойдағыдай өтті. 1991 жылы 10 қазанда Жерге оралды.
Ғарыштан оралған соң Қазақстандағы ғарыштық даярлығын зерттеулер негізін қалауға, отандық Қарулы Күштердің әскери даярлығын жетілдіруге, әскери-патриоттық тәрбие жұмыстарын жолға қоюға, саяси және қоғамдық қызметтерге белсене араласты.
Талғат Мұсабаев – Гиннестің үздік табыстар кітабында енген қазақ ғарышкері
Талғат Аманкелдіұлы Мұсабаев 1951 жылы 7 қаңтарда Алматы облысы Жамбыл ауданы Қарғалы ауылында туған. Қазақтың екінші, ал әлемнің 309-шы ғарышкері, Қазақстанның Халық Қаһарманы, авиация генерал-лейтенанты.
1991 жылдан бастап ғарышқа ұшуға даярланып, қосалқы ғарышкер есебінде екінші экипаждардың мүшелігінде болған.
Ғарышқа 3 рет ұшқан. 1994 жылы ғарышқа бірінші рет ұшқанда 126 күн ғарышта өткізген. 1998 жылы ғарышқа екінші рет ұшқанда 208 күн ғарышта өткізді. Гиннестің үздік табыстар кітабында бір айдың ішінде 5 рет, 30 сағат 8 минут ұзақтығымен ашық ғарышқа шыққанны жазылып алынған. 2001 жылы ғарышқа үшінші рет ұшқанда 8 күн ғарышта өткізген.
Ұлттық ғарыш агенттігін, Аэроғарыш комитетін басқарды. Бүгінгі таңда ҚР Парламенті Сенатының депутаты.
Айдын Айымбетов – қазақтан шыққан үшінші ғарышкер
Айдын Ақанұлы Айымбетов 1972 жылы 27 шілдеде Алматы облысы Талдықорған қаласы Өтеней ауылында дүниеге келген. Қазақтан шыққан үшінші ғарышкер, Халық Қаһарманы, авиация генерал-майоры.
1993 жылы алғаш рет ғарышкерлікке өтініш берді. 2012 жылғы 12 қазанда Қазақстан Республикасының ғарышкері дәрежесі берілді. 2015 жылы 2 қыркүйекте екінші бортинженер ретінде транспорттық пилоттанған "Союз ТМА-18М" кемесінде ЭП-18 саяхаты аясында Байқоңыр ғарыш станциясынан Халықаралық ғарыш станциясына аттанды. Айдын Айымбетов ғарышта 10 күн болып, маңызды зерттеулер жүргізді.
Ғарыш кеңістігін игеруге сіңірген аса зор еңбегі, ғарышқа ұшу кезінде көрсеткен батырлығы мен ерлігі үшін Айдын Айымбетовке "Халық қаһарманы" атағы берілді. Бүгінгі таңда "Қазақстан Ғарыш Сапары" ұлттық компаниясы" АҚ-ның вице-президенті.
Ғарышкер болам деп едім мен бұрын...
Адамзаттың ғарышта жасаған 11 рекорды
Н. Үсенова