Талғат Мұсабаевтың ашық ғарышқа шыққанына 20 жыл!

Талғат Мұсабаевтың ашық ғарышқа шыққанына 20 жыл!

1994 жылдың 1 шілдесі қазақ елі үшін тарихи күн болды. «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «Союз ТМ-19» ғарыш кемесі мен «Мир» орбиталық кешенінде Талғат Мұсабаев экипаждың бортинженері ретінде алғашқы ғарыштық сапарына аттанады. Ол ашық ғарышқа екі рет шығып, жалпы алғанда 11 сағат 07 минут өткізеді. Ал ғарышта жалпы 126 тәулік болады.

Әр ғарышкер үшін ғарышқа ұшқан және Жерге қайтып оралған күн – ерекше күндер. Осы аралықты жеке ғарыштық өмір деп атауға да болады. Талғат Мұсабаев бір жылды құрайтын үш ғарыштық өмір сүрген адам.

Қазақтың маңдайына біткен батыр ғарышкері Алматы облысы, Жамбыл ауданының Қарғалы ауылында тілші әкесі мен дәрігер анасының отбасында дүниеге келген. Салиха анасы соғыс жылдары Сталинградтан Берлинге дейін дәрігер ретінде қызмет еткен. Тұңғыш ұлы Талғат дүниеге келгенде Талғат Бигелдинов ағасындай батыр болсын деп, атын ырымдап қойған екен. Бала Талғат та ағасы сияқты батыр, одан кейін Юрий Гагарин сияқты ғарышкер болуды армандап өседі. Тіпті мектепте «Ғарышта – Мұсабаев Талғат!», – деп айғайлағаны да бар. Бір жағынан өз арманына, өзіне деген сенімі болды ма екен, ғарышкер болатынына еш күмәні болмапты және сол арманына 43 жасында қол жеткізеді. «Талай қиындықтар көрдім, мені оңай жолмен ешкім де ғарышқа ұшырған жоқ. Қазақ баласы барлық жетістікке үлкен қиындықпен жетеді», – деген екен ғарышкер бір сөзінде.

Жас ғарышкердің зор үмітіне қанат бітіріп, ғарышкерлердің Кеңестік отрядына қосу туралы өтінішін ықыласпен ең алғаш Дінмұхаммед Қонаев мақұлдайды. Бірақ ғарышкердің жұмысқа кірісу уақыты сұрапыл 1986 жылға түскендіктен, желтоқсан оқиғасы жас ұшқыштың басына да қара бұлт болып үйріледі. Жас ғарышкер тіпті шенінен төмендетіліп, Ту-134 әуелайнерінің штурвалын АН-2 «кукурузнигіне» ауыстыруға мәжбүр болады.

Талғат Мұсабаевтың ғарышқа ұшу арманы кейін, Қазақстанның тәуелсіздік алғанынан кейін жүзеге асады. Бұл тұрғыда Елбасының қосқан үлесі зор. Осылайша, 1994 жылы қазақ баласы тұңғыш рет Қазақстанның атынан ашық ғарышқа шығу мәртебесіне ие болады. Бұл сол жылдары жас мемлекеттің алғашқы жетістіктерінің бірі еді.

«Ғарышта ажалдың аузынан қалған жағдайларым болды. Біреуін ғана айтайын. Ашық ғарышқа шыққан кезімде, мені кемеге бекітіп, ұстап тұратын тетік ажырап кетті. Біртіндеп тұңғиыққа батып бара жаттым. Айтары жоқ, сұмдық еді. Көз алдымнан жалт-жұлт ойнап, әп-сәтте бүкіл ғұмырым өте шықты. Тірі қалуым мүмкін емес-тін. Бұрын-соңды ескерілмеген, ескерілмек түгіл ойға келмеген хал. Ауа қоры 8 сағатқа жетеді. Одан әрі қапысыз, бұлтартпайтын, жалтартпайтын ажал. Міне, осы сәтте адам айтса нанғысыз таңғажайып оқиға болды. Қайтадан зулап бара жатқан ғарыш кемесінің үстінен бір-ақ шықтым. Денеме ештеңе тимей-ақ, жұғысып, итермей-ақ әлдебір құдірет құрдымнан суырып алды. Ешқандай қисынға келмейді, түсінікке сыймайды», – деп еске алады ғарыштағы қатерлі сәттердің бірін Мұсабаев.

Ұшқышпен бірге ғарышта болған әріптесі Юрий Маленченко Талғат Мұсабаевпен ашық ғарышқа шыққанда тура Қазақстанның үстінен өтіп бара жатқандарын байқапты. Сонда Мұсабаев: «Қазақстанның үстінен өтіп бара жатырмыз. Менің Қазақстаным!», – деп айқай салыпты. Ғарышкерлер қатпар-қатпар Алатау сілемдері мен Балқаш көлінің көрінісін ғарыштан көріп тәнті болыпты.

Талғат Мұсабаев ғарышқа Қазақстанның туын, топырағын, құран кітапты өзімен ала барып, елге деген, жерге деген құрметін бірнеше мәрте көрсеткен.

Қазіргі таңда Талғат Мұсабаевтың әскери атағы – запастағы РФ ӘӘК генерал-майоры, ҚР авиация генерал-лейтенанты. Сонымен қатар, ол Қазақстан Республикасының «Халық қаһарманы» деген атаққа ие. Ашық ғарышта барлығы 30 сағат 08 минут ұзақтықта болған ол Гиннестің үздік табыстар кітабына енген.

Осы жылы Талғат Мұсабаевтың алғаш ғарышқа ұшқанына 20 жыл толып отыр. Қазірде Қазақстан Республикасының Ұлттық ғарыш агенттiгiнің төрағасы қызметін атқарып отырған экс-ғарышкер бұл атаулы датаны Қазғарыштың жетістіктерімен атап өтуді жөн көріпті. Оның пікірінше, Ұлттық ғарыш қызметі саласындағы жұмыстар ғарыштық жолмен дамуда. Біз де өз кезегімізде тек ақ жол тілейміз!

Сурет: zakon.kz, zhasorken.kz, www.gctc.ru

Дайындаған: Анар Мұстафина

A. Mustafina