- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Тілі өлген...
Тілі өлген ел – тірі өлген ел (тіл туралы мақал-мәтелдер)
Халық тәуелсіздігінің ең басты белгісі - оның ана тілі, ұлттық мәдениеті. Өзінің ана тілі, ұлттық мәдениеті жоқ ел өз алдына мемлекет болып өмір сүре алмайды. Дүниедегі барлық халық тәуелсіздікке ұлттық қадір-қасиетін, мәдениетін, ана тілін сақтап қалу үшін ұмтылады. Сондықтан, кез-келген мемлекет өзінің аумақтық салт-дәстүрін, ана тілін ерекше қорғайды.
Ана тілін дамыту, қорғау дегеніміз – өз ана тілінде таза сөйлеу және оны жақсы біліп, туған анадай сүю. Ана тілінің күші мен құдіретін туған халқымыз әуелден-ақ бағдарлап, сөз өнерін бар өнердің басы деп санаған. Мысалы: "Өнер алды – қызыл тіл", "Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады", "Тоқсан ауыз сөздің, тобықтай түйіні бар" дегені халқымыздың орынды сөзге қандай мән бергенін көрсетеді. Бүгінгі мерекеге орай халқымыздың тіл туралы мақал-мәтелдерін ұсынамыз.
***
Ат жүйрігі асқа,
Тіл жүйрігі басқа.
***
Тіл буынсыз, ой түпсіз.
***
Шешеннің тілі,
Шебердің бізі.
***
Тіл қылыштан да өткір.
***
Тіземнен сүріндірсең, сүріндір,
Тілімнен сүріндірме.
***
Адам көңілінен азады,
Тілінен жазады.
***
Қотыр қолдан жұғады,
Пәле тілден жұғады.
***
Ашуың келсе қолың тарт,
Айтпас жерде тілің тарт.
***
Тілдің майын тамызып,
Сөздің балын ағызып,
Қас шешендер сөз айтар.
***
Аяққа кісен салуға болар,
Тілге кісен салынбас.
***
Ұлт қасиеті – тілінде,
Құс қасиеті – қанатында.
***
Тілдің анасы – халық.
Ж. Жұмағұлов