Саади: «Бұзылмай сақталған бір тіл болса, ол – қазақ тілі»

Саади: «Бұзылмай сақталған бір тіл болса, ол – қазақ тілі»
Фото: bnews.kz

1989 жылы қыркүйектің 22-күні Қазақстанда «Тілдер туралы» заң қабылданған болатын. Ол заңда сол кездегі Қазақ ССР-нің мемлекеттік тілі қазақ тілі, ал орыс тілі — ұлтаралық тіл деп бекітілді. Тіл – бір ұлттың, тұтас халықтың баға жетпес қазынасы, ең құнды байлығы. 

Қазақ тілінің кереметтілігі жайында пікір айтушылар көптеп саналады. Олардың арасында өз ғалымдарымыз, ақын-жазушыларымызбен қатар өзге жұрт өкілдері де баршылық. Әсіресе, ірі түркітанушылар мен саяхатшылардың ана тілімізге үлкен құрметпен қарап, ауыздарының суы құрып, тамсана жазғандары мәлім. Атаулы күнге орай шетелдік ғалымдардың қазақ тілі жайлы пікірін назарларыңызға ұсынамыз. 

Радлов В.В. (ресейлік шығыс зерттеушісі)

Қазақтардың тілі жатық та шешен, әрі өткір, көбіне іліп-қағып сұрақпен жауап беруге келгенде таң қалдырарлықтай оралымды сөйлейді. Кез келгені, тіптен сауатсыздарының өзі, ана тілінде біздің Еуропада байқап жүргенімізден тек француздар мен орыстардың дәрежесінде сөйлей біледі.

Малов С.В. (орыс ғалымы)

Қазақ тілі өзінің бейнелілігі, суреттілігі жағынан басқа түрік, немесе түркі тілдерінен әрдайым бөлекшеленіп тұрады. Қазақ өзінің ауызекі көркем тілімен, айшықты әсем фольклорымен бұрын да, қазір де даңқы шығып жүрген халық.

Саади А. (татар ғалымы)

Қазіргі ең таза, ең бай, ең табиғи және бұзылмай, бұрынғы қалпында сақталып қалған бір тіл болса, ол қазақ тілі және қазақ әдебиеті, шын ғылым үшін біз мұны ашық айтуымыз керек.

Ильинский Н.И. (1822-1892, Қазан университеті, профессор)

Ертедегі түркілер тұрмысының көптеген іздерін өзінде сақтап қалған қазақ тілін мен ерекше ұнаттым. Қазақ даласы менің халық тіліне деген сүйіспеншілігімді мүлде қалыптастырды, оған мен тілдік зерттеу үшін нағыз таптырмайтын құжат ретінде қарай бастадым.

Бенцинг И. (түркітанушы)

Ғылыми, әдеби, тілдік және тарихи тұрғыдан қарағанда қазақ тілі түркі тілдерінің ішіндегі ең әсем, өте бай тілдің бірі.

Янушкевич А. (поляк журналисі)

Қазақтардың ақыл-ой қабілетінің зорлығына барған сайын менің көзім жетуде. Қандай әсем сөйлейді. Кез келгені айтайын дегенін тез түсіндіре, қарсыласының сөзіне шебер тойтарыс бере біледі. Тіпті балаларының ақыл-есі де өте тез жетіледі.

Ж. Жұмағұлов