22 наурыз. Бата беру #3

22 наурыз. Бата беру #3
Фото: baq.kz

Наурыз мейрамы жеткенде ел шат-шадыман болып, бірінің үйіне бірі барып, наурыз көже ішеді. Мейрамның мақсаты әр үйдің көжесін татқызу емес, адам мен адам арасын жақындатып, татулық, сыйластық орнату. Құтты болсын айта барған жастарға үйдің ақсақалы не үлкен адамы тілек-лебізін жаудырып, бата береді. Қариялар аузынан жазып алынған батаның бірқатарын назарларыңызға ұсынамыз.

БАСЫ

Үлкен-кішің дана болсын,
Ұрпақтарың дара болсын.
Қасіретке берілмейтін
Көңілдерің сара болсын.

* * *

Салиқалы сабырлы бол,
Өз ортаңда қадірлі бол.
Қай істе де еңбегің жансын,
Қабырғалы қарымды бол.

* * *

Құдайым, бай ет,
Төрт түлікке сай ет.
Ұл-қызды көп беріп,
Көңілін мұның жай ет.

* * *

Құдайым, малды қыл,
Тең құрбының алды қыл,
Қас сағынған кісіні
Қасқа шұнақ жарлы қыл!

* * *

Ақ жарылқап алдыңа,
Ақ таң атсын, балам!
Адамшылық қалпыңнан
Болма әсте алаң.

Бағыт-бағдар анық болсын,
Іс бояуың қанық болсын.
Ойың әсте оңға бассын,
Алдың ашық, жарық болсын.

Алда берер мәңгі бақ бар,
Жамандықсыз жолыңды ақтар.
«Арбаменен қоян алар»,
Деген сөз бар сабыр сақтар.

Өзегеге әсте іш тартпа,
Түссе қорыс қыспаққа.
Аллам өзі жар болып,
Жеткізсін тек ұшпаққа.
Әмин!

* * *

Ақ батамды берейін,
Ақ тілекті мерейім.
Жапырылып қоғадай,
Елің жатсын айнала.
Ағайын боп жағалай,
Қадіріңді бағалай,
Ақ әже боп,
Ақсақалды ата боп,
Өрісіңе мал толып,
Отауыңа жан толып,
Асып-тассын берекең,
Таусылмасын мерекең.
Әмин!

* * *

Ұшып-қонатын ұшқалақ болма,
Құбылып тұрар қызталақ болма.
Ұшқары ойдан аулақ жүргейсің,
Теңіңді тауып, жайлап жүргейсің.
От басың орнықты болсын,
Айналаң балаға толсын,
Басыңа бақыт қонсын.
Әмин!

* * *

Тасың өрге домалап,
Өсе берсін өрісің.
Саған қас сағынған дұшпанның
Өз руы құрысын.
Жайылып шыққан малыңнан
Көз жетпесін шетіне.
Жаман киім кимесін.
Бұ дүниеде етіңе
Досың менен дұспаның
Қарамасын бетіңе.
Ақбөкендей қойлы бол,
Ор қояндай көзді бол.
Адам таппас сөзді бол,
Патшадайын ұлды бол.

* * *

Құдай жарылқасын,
Бақ қарасын,
Қыдыр дарысын!
Айдан аман,
Жылдан есен қылып,
Үйдегі, түздегі
Мал-басты аман қылсын!

* * *

Қайырым жаса жарлыға,
Жомарттық тән арлыға.
Айтып-айтпай не керек,
Жарық күнде қалғыма!

* * *

Көп белестен өткендер,
Көп белеске жетіңдер.
Алақайлап жүгірген,
Артта қалды көп күндер.

Сөзі шекер балдайын
Ақ мейірі дап-дайын.
Әнші құстар кәдімгі,
Ұялаған таңдайын.

* * *

Өсіп-өнсін ұрпағы,
Шуақ шашсын нұр таңы.
Аулақ болсын уайым,
Сақтап жүрсін құдайым!

* * *

Екі дүниенің абыройын берсін,
Төрт түлік малға жарытсын.
Алғандарыңмен қоса ағартсын.
Төрт түлік малыңа ие берсін,
Ата-бабаңа тие берсін!

* * *

Әумин десең бізге,
Бата берелік сізге.
Жасың жетсін жүзге,
Желің кетсін түзге.
Мен мен басты
Иман мен жасты,
Қабат бермейді екен деп,
Тәңіріңнен күдер үзбе!

Әмин!

@. @assel_assanova