Әлем халықтары ғашықтар күнін қай уақытта тойлайды?

Әлем халықтары ғашықтар күнін қай уақытта тойлайды?
Фото: Любовь Харламова

Бүгінгі таңда 15 сәуір ғашықтар күні қыз бен жігіт бір-біріне сүйіспеншілігін білдіріп, болашаққа аттаған қадамы мәңгілік болуына сенім білдіреді. Бұл тек қазақ жастары ойлап шығарған мерекесі емес. Әрине, көптеген елде Әулие Валентина күні міндетті түрде аталып өтетіні белгілі. Алайда бұл күннен бөлек, бейресми саналатын махаббат күндері бар. Бұл мереке әр елде әрқалай тойланады. Енді сол мемлекеттердегі махаббат күні қашан және қалай тойланатынына қысқаша тоқталып өтейік.

Қасиетті Георгий күні. Испаниялықтар ғашықтар күніне байланысты бөлінген бір күнді аздық етіп, қасиетті Георгийді (немесе каталон тілінде Сан-Хорди) еске алу күнін ғашықтардың мерекесіне айналдырды. Аңыз бойынша, шауып өлтірген айдаһардан алқызыл раушан өсіп шығып, Георгий оны бейтаныс сұлуға сыйға тартқан. Сол себепті жыл сайын 23 сәуір күні жастар ең әдемі раушан гүлдерін сатып алып, сүйіктілеріне сыйлайды. Ал қыздар оған жауап ретінде жігіттерге кітап (әрине махаббат тақырыбында) береді. Ал Барселонада ежелгі шайқасты еске алу күнінде көшеге айдаһарлардың киімін киген адамдар шығып, кеш соңында батырлардың қолынан «талқандалады».

Махаббат күні.  Грузия мемлекеті тұрғындарының басым көпшілігі христиан дінінің православ бағытын ұстанатын болғандықтан, өткен ғасырдың соңына қарай ел парламенті Қасиетті Валентин күнін «католиктердің мерекесі» деп, жастарға төл махаббат күнін 15 сәуір деп белгілеген. Бұл күн елде ресми мереке саналғандықтан, демалыс беріледі. Грузиядағы махаббат күнінде әдеттегідей ғашықтар бір-біріне гүл, әтір немесе тағы да басқа кішкене сыйлықтар жасайды. 15 сәуір күнгі мереке мерзімі жағынан ғана өзгеше.

Ақ күн. Көптеген елде аталып өтетін 14 ақпан күні ғашық жандар бір-біріне жүрекше түріндегі әртүрлі сыйлықтар жасайтын болса, бұл күні «күн шығыс елінде», керісінше, тек қыздар ғана белсенділік танытады. Яғни, сыйлақтарды тек нәзік жандылар сатып алып, сүйіктісіне сыйлайды. Осы жайттың кесірінен жергілікті кәмпит өндіруші фабрикалар сатып алушылары арасынан ер адамдарды жоғалтып алады. Сондықтан бұл «әділетсіздікке» тосқауыл қойып, ерлерді дүкендерге «қайтару» мақсатында кондитерлік фабрикалар ерекше жарнамалық науқан жүргізеді. Осы бойынша, жігіттер сүйіктісінің жасаған сыйларына ақ зефирмен алғыс айтуы керек болған. Кейін міндетті түрде жасалуы керек сыйлықтар арасына ақ шоколад пен басқа да тәттілер кіреді. Сол кезден бастап 14 наурыз әулие Валентин күнінде қыздардың жасаған сыйлықтарына бір айдан кейін жігіттер ақ шоколадтармен қарымта жауап беретіндіктен, Ақ күн деп аталып, жыл сайын тойланатын мерекеге айналады.

Махаббат күні. Израильде де тамыз айының 3 жұлдызында атап өтілетін махаббат төл мерекесі бар. Алайда бұл мереке ресми күнтізбеде белгіленгенімен, қазіргі кезде халық арасында аса танымалдыққа ие болып үлгермеген. Ғашықтар тек бір-бірін ауызша құттықтап, кішігірім сый-сияпаттар алмасып жатады.

Қасиетті Саркис күні. Ел аузында сақталған аңыз бойынша бағзы заманда осы елдің патшасы 40 қызметші әйелге сарайдағы жеңіс тойын тойлап жатқан жауынгерлерді өлтіруге бұйрық береді. Оның отыз тоғызы бұйрықты бұлжытпай орындаса, тек бір әйел ғана Саркис атты батырдың сұлулығына тәнті болып, оны ажалдан құтқарып қалады. Осы себепті армян жастары ғашықтар күнін Қасиетті Саркис күнінде атап өтеді. Кешке қарай мейрам басталмас бұрын тұзды құймақ жейді. Себебі олардың нанымы бойынша, бұл түні жігіттер мен қыздар түсінде өзінің екінші жартысын көреді. Ал күндіз әдетте жас отбасылар мен бір-біріне ғашық жастар шіркеуге барып, құлшылық жасайды.

Отбасы, сенім және махаббат күні. 8 шілде католиктердің Қасиетті Валентин күніне «православтардың жауабы» ретінде отбасы жебеушісі саналатын Петр мен Феврония Муромскийлердің құрметіне атап өтілетін мерекеге айналды. Бұл күн Ресейде 2008 жылдан бастап ресми түрде "Отбасы, сенім және махаббат күні" ретінде тойланады. XIII ғасырда өмір сүрген қасиетті жандар әрдайым ерлі-зайыптылардың махаббаты мен үлгілі өмірінің қамқоршысы саналады. Ескерте кетейік, батыс елдерінде жастар Қасиетті Валентин күнінде некесін қиюға асық болса, Ресейде 8 шілде Петров постымен сәйкес келгендіктен, оған тыйым салынады.  

B. ZHAQSYMBET