Жапония неліктен "Күншығыс елі" деп аталады?

Жапония неліктен "Күншығыс елі" деп аталады?

Жапония – Шығыс Азиядағы аралды мемлекет. Оның құрамында Хоккайдо, Хонсю, Сикоку, Кюсю сынды ең негізгі төрт арал және 4000 ұсақ арал бар. Жапония аймағы 47 префектураға (ауданға) бөлінеді, оның әрбірінің жеке астанасы бар. Жапонияның төрттен үш бөлігін таулы аймақтар құрайтындықтан, адамдар жердің 10%-на ғана шоғырланған. Қалған өңделуге мүмкін болатын жерді ауылшаруашылығы алып жатыр. Астанасы – Токио. Сонымен қатар, Токио қаласы «шығыс астана» деген ұғымды беріп, бүгінде әлемдегі ең үлкен агломирациялы қала болып табылады.

Тарих беттеріне көз жүгіртсек, ертеде жапондар өз елін  “Ва” немесе “Вагоку” деп атаған. Ал бүгінде Жапония ресми түрде “Ниппон коку”  немесе “Нихон коку” (бұл атау тек жапондар үшін) деген атауға ие болып, тікелей аудармасы «Күннің Отаны» деген ұғымды береді.

Бір қызығы, осылай жапондарды алғаш рет Қытай императоры атаған екен. Бұл жапон императоры мен Қытайда билік құрған Суй династиясының императоры арасында хат алмасу деректерінде келтіріледі. Ал елдердің географиялық орналасуына мән берер болсақ, шындығында, Жапония Қытайдың, тіпті кез келген Азия елдерінің шығысында орын тепкен. Демек, жапондар Күннің шығуын бәрінен бұрын тамашалай алады. Жапония үкіметі осы тарихи және географиялық негізге сүйене отырып, 1870 жылы мемлекеттік жалауына қызыл түсті Күннің бейнесін енгізеді.  

Жапонияның Күншығыс елі деп аталуында тағы бір себеп бар. Жапондар Күннің шығуын даму мен жарқын болашаққа теңейді. Сонымен қатар, Күннің нұрына бірінші болып бөленетіндіктерін ескеріп, өздерін Күннің таңдауы деп біледі. Мінекей, елдің бейресми атауы осылай қалыптасқан.

Ұқсас жазбалар: 

Жапония туралы қызықты деректер

"Күншығыс елінің" құпиясы: жапон этикасы


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Соңғы жаңалықтар