"Қайсар әрі мейірімді бол, жаным"

"Қайсар әрі мейірімді бол, жаным"

5 наурыз күні Астана мен Алматы қалаларында "Күлбике" ертегісінің қазақ тіліндегі көрсетілімі өтті - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Кеше Астана мен Алматы қалаларында "Болашақ" қауымдастығы, "Нұр Отан" партиясы, "Бәйтерек" холдингі және "Меломан" компаниясы бірлесе отырып, Халықаралық әйелдер күні қарсаңында диснейлік "Күлбике" ертегісінің қазақ тіліндегі көрсетілімін ұйымдастырды.

Кез келген адамға белгілі "Күлбике" ертегісі осыған дейін талай рет көрермен назарына әртүрлі нұсқада ұсынылған еді. Дисней студиясының жаңа нұсқасында Күлбикенің рөлін Лили Джеймс сомдады.

Осыған дейінгі бізге таныс нұсқаларда Күлбикенің жан азабы, күйзелісі мен тағдырға деген реніші толық көрсетілмеген еді.

Ал бұл фильмде Күлбикенің анасымен жақындығы, отбасында бақытты өмір сүруі, анасынан айрылуы, өгей анасы мен әпкелерімен алғаш қарым-қатынасы, әкесін жоғалтуы, яғни барлық ауыр сәттері көрсетіледі.

Осы бөлімдердің арқасында көрермен өзін Күлбикенің орнына қойып, оның күйін кешкендей болады. Бұрынғы нұсқаларда көрерменді "Күлбике неліктен сондай ақкөңіл, аңқау?" деген сұрақ мазаласа, бұл нұсқаны көріп, барлық сұрақтарына жауап таба алады.

Анасының "қандай жағдай болмасын, қайсар әрі мейірімді бол" деген сөздерін ол өмір бойы жадынан шығармайды.

Мейірімділігінің арқасында ол тамаша ханзаданы кезіктіріп, оны балда тағы көру мүмкіндігіне ие болады. Пері-кіндік шеше оған арманындағы көйлек, су тасты туфли, арба тағайындап, балға жібереді.

Бұл ертегіде барлық жағдай өз орнымен жүзеге асады. Өгей әпкелерінің наразылығы мен өгей шешесінің қатыгездігіне шыдамай, атқа отырып, орманға шаба жөнелгенде ханзаданы кездестіреді. Бұл жағдайдың психологиялық астары бар: кез келген ауыр мәселенің нәтижесі жағымды, пайдалы болуы әбден мүмкін.

Ханзаданың қарапайымдылығы, Күлбикенің мейірімділігі, өгей шешесінің қатыгездігі, өгей әпкелерінің ақымақтығы, кішкентай тышқандардың көмегі, бәрі көрерменді түрлі ойға жетелейді.

Бала кезінде анасының пері-кіндік шеше туралы айтқанын естігенде Күлбике оған: "оның барына сенемісің?" деген сұрақ қойған еді. Сонда анасы "мен бәріне сенемін" деп жауап айтқан-ды. Күлбике: "онда мен де сенем" деп, анасын құшақтап, өзін бақытты сезінген еді.

Арада жылдар өткен соң үлкен қатыгездіктің құрбаны болған Күлбике "мен енді ештеңеге сенбеймін" деп жылап отырған сәтінде пері-кіндік шешесі келіп, қол ұшын береді.

Жүрегінде мейірімділікті сақтап, батыл болған Элла көп ұзамай сүйгенімен қосылып, зәулім сарайдың ханшайымы атанады. Қайсар әкесі мен мейірімді анасы оның жүрегінде мәңгілікке қалады.

Фильмнің сюжеті бәрімізге таныс. Алайда бұл нұсқаны көргенде сіз бұл ертегімен бірінші рет танысып отырғандай боласыз.

Қазіргі күні қоғамда мейірімді болу қауіпті деген пікір қалыптасқан. Алайда бұл фильмнің идеясы мейірімділік барлық қиындық пен азапты жеңіп, бақытқа жеткізеді деген мағынаға саяды. 

Элланың образына 10, 000 сваровски тасынан тігілген көйлегі керемет үйлесімді. Оның үстіне су тасты туфлиі де көздің жауын алады. Фильмнің графикасы жоғары деңгейде ойластырылған.

Ең бастысы, қазақ тіліндегі дубляжы өте жоғары деңгейде жасалған. Аса жауапкершілікпен жасалған аударма құлаққа жағымды естіледі.

Бұл фильмді 6 наурыздан бастап еліміздің барлық кинотеатрларынан тамашалай аласыз. Фильмнің қазақ тіліндегі трейлерін мына сілтемеге өтіп, көре аласыздар.

Сурет: cinemaholics.ru

Оқи отырыңыз:

10-шы голливудтық блокбастер қазақ тіліне аударылды

Күлбикеш (Золушка) фильмінің дубляждалған трейлері

"Саған өмірлік қиындықтарды жеңудің сырын ашып берейін бе?"

Ф. Абилова