"Саған өмірлік қиындықтарды жеңудің сырын ашып берейін бе?"

"Саған өмірлік қиындықтарды жеңудің сырын ашып берейін бе?"

Көктемде әлемге әйгілі "Күлбикеш" блокбастері қазақ тілінде көрсетіледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Меломан компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бізге балалық шағымыздан таныс "Күлбикеш/Золушка" ертегісің осы жылы жаңа нұсқасы шығады. 1950 жылғы анимациялық туынды жаңа, қызықты сюжетте ұсынылады.

"Болашақ" ассоциациясы мен "Меломан-кинопрокат" компаниясы бірігіп фильмді қазақша дыбыстады. Аталмыш фильм Халықаралық әйелдер күніне орай 6 наурыз күні көрсетіледі.

Marwin компаниясының бас директоры Вадим Голенко өз пікірімен бөлісті:

- Жаңа диснейлік "Күлбикеш" фильмі мейрамға орай әйелдер қауымына сый болатыны сөзсіз. Ертегілік фильмнің бас кейіпкерінің қазақша сөйлеуі үшінші рет болайын деп тұр. Алғашқысы "Батыл жүрек" фильмінің бас кейіпкері Мерида болса, екіншісі "Малефисента" блокбастерінің "ұйқыдағы аруы" еді. Енді, міне, 2015 жылы Күлбикеш те қазақша дубляжда көрсетіледі. Оны Шахназа Қызыханова атты актриса дыбыстады".

"Көліктер-2 / Тачки-2", "Батыл журек / Храбрая сердцем", "Монстрлар Университетi / Университет Монстров", "Жаңа Өрмекші-адам: Кернеген қуат" / "Новый Человек-паук: Высокое напряжение","Жалғыз рейнджер / Одинокий рейнджер" және "Малефисента" фильмдерін дыбыстауға жетекшілік еткен Айжан Жамшитова "Күлбикеш" туындысына да еңбегін сіңірді.

Фильмдегі өгей шешені – Күнсұлу Шаяхметова, күлбикешті – Шахназа Қызыханова, ханзаданы – Тимур Пиязов, Пері-кіндік шешені – Сауле Тұрдаханова, капитанды – Азамат Қанапия сынды қазақстандық актерлер дыбыстады.

1697 жылы Күлбикеш ертегісін алғаш рет Шарль Перро әңгімелеген еді. Ал оны экран бетіне шығарған Disney-дің арқасында бұл туынды бүкіл әлемге танылды.

Бұл фильмде басты рөлдерді Лили Джеймс пен Ричард Мэдден сомдады. Актерлер құрамында сондай-ақ "Оскар" жүлдесінің иегері Кейт Бланшетт пен аталмыш жүлденің екі дүркін номинанты Хелена Бойэм-Картер сынды актрисалары бар. Фильмнің сценарийін "Оскар" жүлдесінің номинанты Крис Вайц жазды. "Торды" түсірген Харис Замбарлукос "Күлбикешке" операторлық қызмет атқарды. "Оскар" жүлдесіне екі дүркін номинант Патрик Дойл фильмнің композиторы болды. Суретші-қоюшылардың үлкен тобына жетекшілік еткен – "Оскар" жүлдесінің үш дүркін номинанты Данте Феррети. Фильмнің барлық постерлері әйгілі Энни Лейбовицтің суреттерінің негізінде дайындалған.

Бұл – қазақ тілінде дыбысталған оныншы фильм. 2011 жылдан бастап қазақ тіліне "Көліктер-2 / Тачки-2", "Қара киімділер 3 / Люди в чёрном 3", "Батыл журек / Храбрая сердцем", "Жаңа Өрмекші-адам / Новый Человек-паук", "Монстрлар Университетi / Университет Монстров", "Жалғыз рейнджер / Одинокий рейнджер", "Жаңа Өрмекші-адам: Кернеген қуат" / "Новый Человек-паук: Высокое напряжение", "Галактика сақшылары / Стражи Галактики" және "Малефисента" фильмдері дыбысталған еді.

"Күлбикеш" фильмінің қазақша трейлерін тамашалаңыз:


Қазақша "Күлбикешті" ағымдағы жылдың 6 наурызынан бастап көре аласыздар.

Сурет: wdsspr.ru

Оқи отырыңыз:

"Жұлдыздар шайқасы" фильмі қазақ тілінде дыбысталады

Дыбыстаушы мамандығына қай ел аса мән береді?

"Хоббит: Бес алыптың шайқасы" фильмі қалай түсірілді? (Видео)

Ф. Абилова