10-шы голливудтық блокбастер қазақ тіліне аударылды

10-шы голливудтық блокбастер қазақ тіліне аударылды

5 наурыз күні Астана мен Алматы қалаларында «Күлбике» ертегісінің қазақ тіліндегі көрсетілімі өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Күні кеше Астана мен Алматы қалаларында «Болашақ» қауымдастығы «Нұр Отан» партиясы, «Бәйтерек» холдингі және «Меломан» компаниясы Халықаралық әйелдер күні қарсаңында диснейлік «Күлбике» ертегісінің қазақ тіліндегі көрсетілімін ұйымдастырды.

Бұл – 5 жылдың ішінде көрерменге қазақ тілінде жол тартқан 10-шы голливудтық блокбастер. «Мәдениет туралы» Заңға сәйкес 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап прокат үшін Қазақстанға әкелінген барлық фильм мемлекеттік тілде дубляждалуы тиіс.

«Болашақ» қауымдастығы «Нұр Отан» партиясының қолдауымен «Жастар – Отанға!» жастар жобасы шеңберінде голливуд фильмдерін дубляждау жобасын іске асыруда.

Туған тілімізде сөйлеген алғашқы блокбастерлердің бірі «Көліктер-2» мультфильмін 2011 жылы балдырған көрермендер тамашалағаны белгілі. Жоба Елбасының жоғары бағасына ие болды. Өзінің болашақтықтарға арнаған тілек сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақ тілі - тамырын тереңге тартқан ерекше бай, көркем тіл. Ол бүгінде жан-жақты дамып, халықаралық тілге айналу үстінде. Бұл бастама алдағы уақытта да жалғасын тауып, жас ұрпақ игілігіне жарай береді деп сенемін», - деді.

Қазіргі таңда танымал блокбастерлерді қазақ тіліне аудару еліміздің әлемдегі беделін арттыруға өз деңгейінде ықпал етіп, тілдерді дамыту бағдарламасы мен «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясының жүзеге асуына іс жүзінде үлес қосуда.

Әлемдік киноиндустрия көшбасшылары – Marvel, Walt Disney, Sony Pictures, Metro-Goldwin-Mayer фильмдері жоғары технологиялық дубляж нәтижесінде сөзсіз ұлт қажетіне жараған өнімге айналды. Қазақ тілі барша әлемге DVD, Blu-Ray стандарттарында қолжетімді голливуд фильмдерінің негізгі тілінің қатарына қосылды.

Жоба шеңберінде дубляж актерлері – Берік Айтжанов (Джонни Депп), Гүлназ Әуесбаева (Анджелина Джоли), Азамат Қанапия (Уилл Смит) әйгілі Голливуд жұлдыздарын дыбыстаудың айрықша құқығына ие болып, дублерлердің дауысын актерлер жеке өздері бекітті.

Бұл – қазақстандық көрермендерге төлтума нұсқаның бір ғажабын жеткізе алған дарынды режиссер Айжан Жәмшитованың дубляж жасаудағы 7-ші голливудтық жұмысы.  

Сурет: rudaki.ru

Қ. Бүйенбай