Босанғаннан кейін қауіпсіз арықтау жолы

Босанғаннан кейін қауіпсіз арықтау жолы
Фото: xvatit.com

Босанған келіншектер кешегі қыз күніндегі әдемі мүсінін жоғалтқанына уайымдайды. Тезірек арықтап, қалпына келуі үшін артық салмақтан арылудың жолдарын қарастырады. Бірақ түрлі диеталар, дәріханаларда сатылатын арықтататын дәрілер мен шайлардан оң нәтиже болмай, тіпті кері әсері тиетіні өтірік емес немесе ойдағы межеге жету үшін олардың кейбіреуін айлап ішу қажет. Босанғанына көп уақыт болмаған келіншектер мұндай диетелар мен дәрі-дәрмектен аулақ болғаны жөн. Өйткені босанғаннан кейін әлі толықтай орнына келмеген ағзасына бұл дәрілер мен диеталардан төнер қауіп көп. Ендеше, қауіпсіз арықтаудың бірнеше жолымен танысыңыздар. 

Дұрыс тамақтану 

«Аяғы ауыр әйел қай уақытта, қанша мөлшерде, не жесе де, жеуі керек. Ауызы құрғамағаны ештеңе емес, тәбеті болса, болды. Бұл – ағза қалауы, ішіндегі баланың қалауы» деп жатады. Десе де, осы қатып қалған қағиданың кемшін тұстары көп. Жүкті келіншек не жесе де, оны қаншалықты жегісі келетінін, оның қандай пайдасы не зияны барын ойлап алып жеуі керек. Өйткені босанғаннан кейін де өмір бар. Ал жүкті кезінде ананы бір жалап, мынаны бір тістеп жүретіні кейін әдет болып қалыптасады. Жегісі келсін-келмесін, қарны ашсын-ашпасын, ауру қалса да, әдет қалмайды. Осылайша артық жеп қойғанын білмей де қалады. Мұның салдары тек артық салмақ қана емес, түрлі ауруларға да алып келеді. Сондықтан дұрыс тамақтанудың орны бөлек.

Мақсат қоя білу де – диета 

Не үшін арықтағыңыз келеді? Жалпы, арықтағыңыз келе ме? Қанша салмақ тастағыңыз келеді? Осы сұрақтарға жауап беріп, алдыңызға нақты мақсат қойыңыз. Мақсаты бар адам қашан да нәтижеге қол жеткізеді. Демек, мақсат кез келген диета мен арықтататын дәрі-дәрмектен де күшті, әрі нәтижелі.

Баланы емшектен шығармаңыз 

Ана сүтін емген бала шымыр, дені сау боп өседі. Тиісінше босанғаннан кейін организмнің тезірек қалпына келуі үшін баланы омыраудан шығармаудың маңызы мол. Организмнің жұмысы қалпына келсе, ешқандай гормондық өзгерістер орын алмаса, артық салмақ та болмасы анық. Емшек еметін балаға сүт керек. Демек, оның анасы да тамақты тойып жеуі керек. Сондықтан дұрыс тамақтанудың жөні бөлек. Аз-аздан ботқалардың түр-түрін жасап ішіңіз. 

Белсенділік, қозғалыс 

Балалы келіншектің қозғалыссыз жатпасы бесенеден белгілі. Бала бағудың оңай шаруа емесін ескерсек, босанған әйел бір бөлменің ішінде-ақ күнделікті қанша шақырым жол жүріп тастайтыны да анық. Ал бұл қозғалыстың жай ғана баланың артынан жүгіру емес, дене жаттығуы болуы үшін әр күніңізді дұрыс жоспарлауды үйреніңіз. Үй жұмыстарын тезірек бітіріп, баламен таза ауада серуендеуді әдетке айналдырыңыз, арнайы уақыт бөліп, өзіңіз үшін де, балаңыз үшін де пайдалы түрлі дене жаттығуларын жасаңыз. 

Осы айтылғандарды есте ұстасаңыз, ағзаңызды да тазалап, сұлу сымбатыңызды да қайтара аласыз. Бәрі де өз қолыңызда!

Дереккөз: anabol.kz

Н. Үсенова