Өзге елдер баласын қалай тәрбиелейді? #2

Өзге елдер баласын қалай тәрбиелейді? #2
Фото: www.esterday.com

Әр елдің өзіндік мәдениеті, салт-дәстүрі, тәлім-тәрбиесі бар. Ал өзге елдер балаларын қалай тәрбиелейтіні бәрімізге қызықты. Назарларыңызға өзге елдердегі бала тәрбиесін ұсынамыз.

БАСЫ

Швецияның балалары. Швед отбасылары балаға сәби кезінен жеке тұлға ретінде қарап, еркін тәрбиелеуге тырысады. Қатаң жазалауларға тыйым салынған, тіпті мұны бұл елде қылмыс деп есептейді. Сондықтан әрбір шведтік бала әке-шешесі қол жұмсаса, полицияға хабарлауға құқылы. Мұндай кезде ата-аналарға әкімшілік жаза қолданылады.

Жапонияның балалары. Жапонияның көптеген мектебінде асхана жоқ. Балалар түскі асын үйден арнайы ыдысқа салып әкеледі. Ал мұғалімдер балалардың үйден әкелген тамақтары денсаулыққа зиян емес пе, соны мұқият қадағалайды. Сол себепті жапон аналар арнайы сабақтарға қатысады. Ол жерде баланың ағзасына қажетті дәрумендер тамақпен сіңу үшін, қандай ас әзірлеу керек және қалай даярлау керектігін түсіндіріп, үйретеді. 

Үндістан балалары. Үнділер балаларын қатаң ұстайды. Оларда ата-ана мен бала арасындағы достық қарым-қатынасы өте сирек кездеседі. Балалар кішкентай кезінен бастап ата-анасының таңдауына, қалауына мойынсұнып өседі. Сондықтан ер жеткенде немесе бойжеткенде әке-шешесі кімді қалайды, сол адаммен бас қосады.

Германияның балалары. Германия мектептерінде міндетті түрде экскурсиялық сабақтар ұйымдастырылады. Бұл ежелден қалыптасқан жүйе. Мысалы, мұғалім бүгін шоколад туралы, оның құрамы жөнінде сабақ өтті ме, онда ертең балалар шоколад музейіне немесе фабрикаға саяхат жасайды. Олар фабрикада өнімнің қалай жасалып жатқанын өз көзімен көріп, біледі.

Ауғанстан балалары. Баланың дүниеге келгені, әсіресе ұл баланың өмір есігін ашқаны ауғандықтар үшін зор қуаныш. Ауқатты отбасылар ұлан-асыр той жасайды. Ауылдарда той үстінде «ат байлар» ұлдың құрметіне барабан қағылып, аспанға қарумен оқ атылады.

Қытайдың балалары. Дао уағызшыларының бала туралы өсиеті әрбір қытай бүлдіршініне аңыз болып айтылады. «Балаға тәтті жеуді ұсынғанда, ол барлығын алудан ақылдылықпен бас тартады. Неге деген сұраққа: «Мен әлі кішкентаймын, сондықтан маған аз ғана бөлігі жетеді», — деп түсіндіреді. Баланың осы қылығын барлық қытай перзентіне үлгі етеді. Себебі баламыз қанағатшыл, мейірімді, адамгершілігі жоғары болып өссін дегені. 

Франция балалары. Француздардың ежелгі дәстүрі бойынша бала дүниеге келмей тұрып, оның тәрбиесімен айналысуды қолға алу керек. Көбінесе сәби өмірге келген соң, ол ата-анасымен ауылда болады. Балақай екі-үш жасқа дейін өзінің ата-бабасы қоныс тепкен ауылда болып, сол жердің суын ішіп, ауасын жұтып өседі. Бұл мейірімді, адамгершілігі жоғары болып өссін дегені. 

Бразилия балалары. Бразилияда баланы ұл немесе қыз бала деп бөле-жармай, бірге тәрбиелегенді жөн санайды. Сол себепті бес жасқа дейін ер балалар мен қыз балалар бірге асыр салып ойнайды. Ал бес жастан кейін ғана олар қыз бала мен қыз баланың, ұл бала мен ұл баланың достасуына мүмкіндік жасайды. 

Румыния балалары. «Үлкендерге құрмет көрсету керек», «ата-ананы жақсы көріп, сыйлай білу керек», сонымен бірге «әрқашан әділ болу» керек. Мұндай өнегелі сөздерді румыниялықтар балаларына үнемі айтып отырады. Ата-әжелері немерелеріне ата-бабаларының тарихын баяндап, румын халқына тән салт-дәстүрлердің берік сақталуына, бағалануына және мұның бәрі тәрбие арқылы іске асуына бар күшін салады. 

Лаос балалары. Лаостықтар балаларын өздері тікелей тәрбиелегеннен гөрі бауырлары, туыстары, басқа да жақындарының ықпалы арқылы әсер етіп, өсіргенді дұрыс көреді. Балалары ер жетіп, үйленер жасқа жеткенде де осы әдісті қолданады. Яғни ата-анасы туыстары арқылы сөзін жеткізіп, балаларына үйленуге рұқсат береді. 

АҚШ балалары. Жергілікті педагогика «әрбір бала өз бетінше өмір сүріп үйренуі керек» деген ұстанымды қолданады. Сондықтан американдық ата-аналар балаларының қалауына қарсы шыға алмайды. Олар мейрамханаға, коктейльге, тіпті түнгі клубқа барамын десе де, ата-аналар ертіп алып барады. 

Африка балалары (Масай тайпасы). Масайлықтардың өзінше өмір сүру кестесі жасалып қойған. Он бес жасында ұлдар «маран» атанады. Бұл  әскери шен. Яғни ол  осы жасынан тайпаны қорғаушы ержүрек азамат. Отыз жасында отбасын құрады және бала-шағасын асырау үшін, өз алдына табын-табын мал бағады. Қырық бес жасында жастарды тәрбиелеумен айналысады, сонымен бірге тайпа халқы үшін жауапты шешімдер қабылдайды. Ал алпыс жасында тайпаның «рухани көсемі» болады. 

 Дереккөз: anabol.kz

Н. Үсенова