Ұйқысына қарап таны

Ұйқысына қарап таны

Тұрақты оқырмандарымызға  бұдан алдын адамды, әсіресе, жігіттер қауымын отырысына, күлкісіне, шалбарына, беттегі әжіміне, жұлдыз жорамалына қарап мінезін тануды, ойын оқуды, сезімін білуді айтқан болсақ, бүгін тағы бір сыр сандықты алдарыңызда ақтарғалы отырмыз. Яғни, адамды ұйқысына қарап тану жолдарын назарларыңызға ұсынамыз.

Мамандарымыз адам баласының төрт бірдей қалыпта жиі ұйықтайтындықтарын анықтаған екен. Олардың сөздеріне нанар болсақ, осы төрт көрініс арқылы адамның құпиясын оп-оңай біліп алуға әбден болады.

Құрсақтағы бала секілді жату

Анасының құрсағында жатқандай ұйқы құшатын адамдар өмір шындығын сол қалпында қабылдаудан жүрексінетін жандар екен. Нақтырақ айтсақ, олар айналасында болып жатқан күрделі әрі кенеттен болған өзгерістерге өздіктерінен еріп кете алмайды. Мұндайлар әрқашан да өзіне жол көрсетететін, өзі үшін жауапкершілікті мойнына алатын «нұсқаушыларға» зәру екендігін біліп жүріңіз.

Етпетінен жату


Етпетінен жатып тәтті түс көруді жөн көретін адамдар өз өмірлеріне өздері қожа. Олар қаншалықты ауыр болса да, кез келген қиындықты өзгенің көмегінсіз шешуге құштар болып келеді. Осы мінездерінің арқасында талай қиын-қыстау күндерді артқа тастап келе жатқан мұндай жандар өз шешімдерін ғана дұрыс деп табады. Сондай-ақ, айтқан сөзінде тұратын жақсы қасиеттерден де ада емес.

Шалқасынан түсіп жату

Ханның мұрагерлеріне тән дәл осындай жатыспен ұйықтайтындар өздеріне сенімді, психологиялық жағынан қиындықтарға душар емес, рухы биік жандар қатарына жатады. Олар өмір өзеніндегі кез келген кедергіге төтеп беріп, әрбір аяқтан шалушымен тайсалмастан күресе алады және қашанда «жеңімпаз» деген атаққа өзі ие болады. Қайтпас қайсар болған әрине жақсы, алайда, олардың бойынан өзімшілдік, тәкаппарлық сынды жағымсыз қасиеттерді кездестіріп жатсаңыз, таң қалудың еш қажеті жоқ.

Бір бүйірлеп жату

Өзіңіз құпиясын ақтарғыңыз келіп жүрген жан бір бүйірлеп жатып ұйықтайтын болса, қуана беруіңізге әбден болады. Себебі, мұндай қалыпта ұйықтайтындар салиқалы ақыл-ойдың иелері екен. Сіздің тарапыңыздағы үкілеген үмітті ақтауға толық шамалары жетеді. Олар басқа түскен кез келген тауқыметті ақылмен шешіп, жолын оп-оңай тауып кете алатындығымен көпшілікке сыйлы болып та жүр.

Ұйқыда жатқан адам үшін қатып қалған қағида жоқ. Олар осы сөз етілген төрт қалыпта да кезек-кезек ұйықтаулары мүмкін ғой. Абыржымаңыз. Мұндай жағдайда ол қайсы жатысты көп қолданса, соны басшылыққа алсаңыз қателеспейсіз.

Ұйқыларыңыз тыныш болсын!

Суреттер:malisham.by,lori.ru

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева