Әйгілі адамдардың тапқырлығы #4

Әйгілі адамдардың тапқырлығы #4

Бүгін 1 сәуір – күлкі күні. Әзілге толы бұл күннің шыққан жылы мен тегі әлі күнге дейін беймәлім. Күлкі күніне орай Массагет порталы әйгілі адамдардың тапқырлығын ұсынады. Сіз де оқып күле отырыңыз, құрметті оқырман.

***

Голливуд кинокомпанияларының бірі атақты саясаткер Уинстон Черчилль туралы фильм түсіргісі келеді. Фильмде алпыс жастағы Черчилльдің рөлінде сексен жастағы актер Чарльз Клофтон ойнайтын болады. Черчилль актердің осы рөл үшін қомақты ақша алатынын естігенде қатты ашуланып:

– Біріншіден, менің рөлімді ойнайтын актер өте семіз, екіншіден қартайып кеткен, үшіншіден, мұндай қомақты ақшаға өз-өзімді ойнап бере аламын, - депті.

Әйгілі адамдардың тапқырлығы #1

***

Америка президенті Линкольн өмірде өте кішіпейіл адам болған. Бір күні шетелдік дипломат президенттің бәтеңкесін тазалап жатқанын көріп:

– Президент мырза, сіз бәтеңкеңізді өзіңіз тазалайсыз ба? – депті таңданып.

Сонда Линкольн мүдірместен:

– Ия, өз бәтеңкемді өзім тазалаймын. Ал сіз кімдікін тазалайсыз? - депті.

***

Жүз жастағы француз жазушысы Бернар Фонтенельге дәрігер "кофе – у" деп айтып, оны күнделікті кофе ішу әдетінен қайтармақшы болыпты. Оның сөзін үндемей тыңдаған жазушы:

– Мен сізбен толықтай келісемін, дәрігер. Өзіңіз көріп отырғаныңыздай, бұл удың әсері өте баяу. Мен оны ішкеніме тоқсан жыл болды, - деген екен.

***

Белгілі жазушы Бернард Шоуды жолда велосипедші қағып кетіпті. Қорықып кеткен велосипедші одан қайта-қайта кешірім сұрайды. Жазушы оған біртүрлі жаны ашып қарап:

– Сіз дұрыс істемедіңіз. Қаттырақ қағып, мені өлтіргеніңізде ұлы Бернард Шоудың жендеті ретінде есіміңіз бүкіл әлемге танымал болар еді, - деген екен.

Әйгілі адамдардың тапқырлығы #2

***

Виктор Гюго шетелге кетіп бара жатып, өтінішін толтырып жатқан шекарашыға өзінің жазушы екенін және қаламмен күн көретінін, басқа ешқандай нақты табыс көзі жоқ екенін түсіндіре алмапты.

Ақырында, жандарм оны түсінгенін айтып, ал хаттамадағы табыс көзі деген жерге "Гюго – қалам саудагері" деп жазып қойыпты.

***

Бір күні Бернард Шоу ат мініп серуендеуге шығады. Пошта қызметінің қасына келгенде жолында кездескен адамға өтініп:

– Кешіріңіз, мына атты аз уақытқа ұстап тұрасыз ба, мен поштаға кіріп шығайын?- дейді.

Сонда бейтаныс адам жақтырмай қарап:

– Не деп тұрсыз?! Мен парламент мүшесімін! – дейді.

Бернард Шоу жымиып:

– Бір қарағанда адал, иманды және намысқой адамға ұқсайсыз. Мейлі, мен сізге сеніп атымды уақытша тапсырамын, – деген екен.

***

Александр III билік құрған кезінде Орешкин есімді сарбаз патша сыраханасында мас болып, айналасындағылармен жанжалдаса бастапты. Отырғандар оны тыныштандыруға тырысып, патшаның портретін көрсетеді. Сарбаз болса:

– Мен бұл патшаңа түкірдім, - деп сыраханадағыларды таң қалдырыпты.

Ол осы сөзінен кейін көп өтпей императорға тіл тигізгені үшін қамауға алынып, қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Орешкиннің ісімен танысқан Александр бұл оқиғаның бір тиынға тұрарлық емес екенін түсініп, тиісті құжатқа: "Істі тоқтат, Орешкинді босат, енді менің портретім сыраханаға ілінбесін! Ал мен де Орешкинге түкірдім. Осыны оған жеткізіңдер" деп жазған көрінеді.

***

Бірде Рим императоры Джозефке бір әйел келіп, өзінің қатал күйеуімен ажырасуына рұқсат сұрайды.

– Өкінішке қарай, бұл менің ісім емес, - деп жауап берді император.

– Ол сізді бірнеше рет тілдеді, мен куәмін, - деп әйел күйеуін император алдында жамандайды.

Император болса жымиып:

– Өкінішке қарай, бұл сіздің шаруаңыз емес, - депті.

***

Бір күні Эйнштейн достарымен табиғат аясында қыдырып жүріп:

– Алдымызда тұрған мына таудың ұшар басында ежелгі сарай қалдықтары бар. Құз басындағы тар соқпақпен жүрсеңіздер, тау етегіндегі жасыл алқапқа шығасыздар. Бірақ тар соқпақпен жүру өте қауіпті. Абайламасаңыздар, құлап кетесіздер. Егер де құздан құлап кететін болсаңыздар, оң жаққа қарауды ұмытпаңыздар. Себебі оң жақтан таудың ғажап табиғатын көре аласыздар, – деген екен.

***

Ағылшын жазушысы Джонатан Свифт жаяу серуендегенді ұнатады екен. Бір күні серуендеп жүріп қонақүйге тап болады. Қонақүй иесі барлық бөлме бос емес екенін, егер келіссе бір фермермен бірге бір бөлмеде түнеуге болатынын айтады. Жазушы келіседі.

Фермер ештеңеге көңілі толмайтын, кез келген нәрседен кемшілік тауып отыратын кірпияз адам екен. Ол шаруа қожалығындағы істерінің алға баспай жатқанын айтып налиды. Сонда жазушы да қалыспай:

– Менің жұмысым да кері кетіп жүр. Жақында алты қылмыскерді асып өлтірдім. Тағы төрт кісі өлтірушіні жазалау үшін көрші қалаға бара жатырмын, - дейді.

– Сіз кімсіз? – дейді фермердің көздері шарасынан шыға жаздап.

– Мен қылмыскерлердің жанын алатын қарапайым "әзірейілмін", - дегенде фермер бөлмеден атып шығып, қаша жөнеліпті.

Әйгілі адамдардың тапқырлығы #3

***

Бір күні әйгілі Бернард Шоуға бір сұлу актриса келіп:

– Екеумізден туған балалардың келбеті маған, ақылы сізге тартса сұлу да мінсіз болады, - деп үйленуге ұсыныс білдіреді.

Бернард Шоу ойланбастан:

– Егер олардың түрі маған, ақылы сізге тартса не істейміз? – деп жауап берген екен.

Т. Раушанұлы