Жасұлан Қали: «Кешкі show» – халық үшін

Жасұлан Қали: «Кешкі show» – халық үшін
Фото: massaget.kz

Халықтың сүйіктісіне айналған, еліміздегі ең керемет радио толқындарының бірі «ЖұлдызFM»  радиосы жақында тыңдармандарын жаңа жобамен таныстырып, аз уақыт ішінде жұмыстарын бастап кетті. «Кешкі show» деп аталатын жаңа жоба туралы «ЖұлдызFM» радиосының рекдакторы Жасұлан Қалимен сұқбаттасқан болатынбыз.

Массагет: «Таңғы show» мен «Кешкі show» бағдарламасының бағыты бір, айырмашылығы неде?

Жасұлан Қали:  «Таңғы show» мен «Кешкі show» айырмашылығы «Таңғы show» бағдарламасы бірнеше айдарлардан тұрады. Жаңа бағдарламада біз кешке үйіне қайтып бара жатқан және кептелісте қалған жүргізушілерге қызықты ақпараттар ұсынамыз.

«Таңғы show» бағдарламасында болашақта тірі дауыста концерттер болады. «Кешкі show» бағдарламасында қызықты ақпараттар мен айдарлар жұмыс жасайды. Мәселен «Ас адамның арқауы» деген айдарды Massaget.kz сайтындағы әріптестермен бірге жұмыс жасаймыз. Ол жерде «кешкі асқа не дайындасам екен?» деп ойланып отырған аналар мен қыз-келіншектерге кеңес береміз. «Жолың болсын жолаушы» айдарында көлік жүргізушілер өздеріне керек ақпараттарды ала алады. «Мен сені сүйем» деген де айдар бар. Мұнда тыңдармандар бір-біріне деген сезімін білдіреді және ренжітіп алған жандар болса кешірім сұрап, көңілдерін білдіреді.

Массагет: «Кешкі show» бағдарламасының болашағынан не күтесіз?

Жасұлан Қали: «Кешкі show» бағдарламасының болашағынан үлкен үміт күтеміз. Жақсы нәтиже мен сапалы ақпараттар күтеміз. Алда жоспарлар көп, соның бірі жоғарыда айтып өткенімдей, кешкі бағдарламада да тірі дауыста концерттер ұйымдастырамыз деген ойлар бар.

Массагет: Бағдарламаның уақыты не үшін 17:00-19:00 аралығына қойылды?

Жасұлан Қали: Уақытына келсек, дәл осы кезде адамдар жұмыстан шығып үйлеріне қайтады. Яғни көлікке отырып, үйіне жеткенше не кептелісте қалған кезде олардың көңілдері сергіп, көтеріліп отыру үшін осы кезді тиімді деп алдық. Одан бөлек «Кешкі show» бағдарламасы біткен кезде 19:00 мен 20:00 арасында «Сәлем саған, туған ел» құттықтау бағдарламасы жүреді. Екі бағдарламаның уақыт есебіне қарай да осылай деп шештік.

Массагет: Алдағы уақытта жасайтын жобаларыңыз жөнінде жоспармен бөлісе аласыз ба?

Жасұлан Қали: Бұл сұраққа жауап бермеуді дұрыс көріп тұрмын. Себебі «ЖұлдызFM» радиосында алда көптеген жобалар мен мақсаттар бар. Сондықтан жобаларды алдын ала емес, дәл уақытында естіп-біліп отыру үшін радио қосулы болсын.

Массагет: Жаңа бағдарлама туралы толыққанды айта кетсеңіз, халыққа пайдасы, мақсаты қандай?

Жасұлан Қали: Пайдасы әрине кешкі уақытта кептілесте тұрған тыңдармандарымыз өздеріне керек ақпараттар ала алады. Көңілдері көтеріліп, үйлеріне ән тыңдап қайтады. Басты мақсаты халықтың көңілінен шығу.

Массагет: Жобаның идея авторы кім?

Жасұлан Қали: Авторы – халық және «ЖұлдызFM» ұжымы.

Сұқбаттасқан: Әсел Асанова  

М. Ақан