Жұлдыз FM радиосында жаңа бағдарлама – «Кешкі show»

Жұлдыз FM радиосында жаңа бағдарлама – «Кешкі show»
Фото: vk.com

Кеше 2 қазан күні Жұлдыз FM радиосында Ринат Зайытов пен Ғаділбек Жаңай қатысуымен «Кешкі show» атты жаңа бағдарламаның тұсауы кесілді. Радиода бірнеше жылдан бері үздіксіз жүргізіліп келе жатқан «Таңғы show» бағдарламасы елдің сүйікті жобасына айналып үлгерді. Тыңдармандар сұранысы бойынша осы бағытта «Кешкі show» бағдарламасы жаңадан құрылды.

Сағат 17:00-19:00 аралығында Жұлдыз FM радиосынан «Бүгін», «Жұлдызды жаңалықтар», «Жолың болсын, жолаушы», «Ас – адамның арқауы», «Әзілің жарасса», «Әлемдегі мәдени жаңалықтар», «Сіз білесіз бе?», «Мен сені жақсы көремін» секілді айдарлардан қызыққа толы ақпараттармен таныса аласыздар. Бағдарлама тізгінін Жандәурен Мәди мен Меруерт Айманова ұстайды.

«Ас – адамның арқауы» атты бөлімде Массагет сайтының журналисі Әсел Асанова «Массагеттен мәзір» айдарынан алынған түрлі тағамдардың әзірлену жолымен бөліседі. Күнделікті «кешкі асқа не пісіремін» деп бас қатыратын болсаңыз, Жұлдыз FM радиосын тыңдап, Массагет мәзірлерімен таныс болыңыз.

Ал «Сіз білесіз бе?» айдарын Массагет сайтының журналисі Гүлжанар Берік жүргізеді. Ол сіздерді Массагет порталында жарияланған түрлі лайфхактардан хабардар етеді.

«Бүгін» айдары осы күннің қызықты жаңалықтарына, атаулы күндерге арналады. Ал «Жұлдызды жаңалықтар» айдары аты айтып тұрғандай, қызығы мен шыжығы мол шоу бизнес жаңалықтарымен бөліседі.

«Жолың болсын, жолаушы» – көлік туралы қызықты деректер, «Әлемдегі мәдени жаңалықтар» – әлемнің қызықты ақпараттарын радиодан таратады.

Ал сіздермен, яғни тыңдармандармен байланыс орнатуға арналған бағдарламалар легі мынадай:

«Әзілің жарасса». Сағат 17:45 шамасында тікелей эфирге қосылып, жақыныңызды алдай аласыз. Яғни хабарласып, жүргізушіге танысыңызды қалай алдайтыныңызды айтып, тапсырыс бересіз. Радио жүргізушілері сіздің ойыңызды жүзеге асыруға көмектеседі.

«Мен сені жақсы көремін» айдары. Сағат 18:30-ға таяғанда тікелей эфирге хабарласып, барша қазақстандықтар алдында сүйіктіңізге сезіміңізді білдіре аласыз немесе ренжітіп алсаңыз осы бағдарлама арқылы кешірім сұрауға да болады. Мұндай әдіс сүйген жүректерді бір-біріне жақындатып, сезімін тереңдете түсері анық.

Ал жақындарыңызды, туыстарыңызды туған күнімен не мерекемен, жетістігімен құттықтағыңыз келсе, «Кешкі show» бағдарламасы аяқталған соң, сағат 19:00-ден бастап «Сәлем, саған туған ел» бағдарламасына хабарласа аласыз. Байланыс нөмірі +7 (727) 3 888 101.

Енді біз сіздермен ғаламтордағы портал бетінде ғана емес, әуе толқынында да жақындай түстік. Бізбен бірге болыңыздар!

@. @assel_assanova