Қазақтан шыққан үш мықты математик

Қазақтан шыққан үш мықты математик
Фото: vk.com

Ғылымның патшасы болған математика саласына кез келген жанның тісі батпайды. Ал қазіргі таңда осы саланың жілігін шағып, майын ішкен үш қазақтың аты жарты әлемге жайылған. Олар кімдер?

Асқар Жұмаділдаев

Асқар Жұмаділдаев – әйгілі академик, математик. 1956 жылы Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Шиелі ауылында туған. 1962 жылы №299 темiржол төртжылдық бастауыш мектебiне, 1966-69 жылдары №45 Октябрьдiң 14 жылдығы атындағы қазақ орта мектебiнде оқыған. 1970-72 жылдары Алматыдағы №56 Сатпаев атындағы физика-математика мектеп-интернатында оқыды. 1980–90 жылдары Математика және механика институтында (қазіргі Математика институты) кіші, аға, жетекші ғылым қызметкер болды. 1990 жылдан сол институтта алгебра лабораториясының меңгерушісі. Жұмаділдаевтің негізгі ғылым-зерттеу еңбектері Ли алгебрасының когомология теориясына арналған. Ол оң сипаттамалы Ли алгебрасының когомологиялары мен деформацияларын және олардың қолдануын зерттеген. Векторлық өріс алгебрасының бөлшектенбейтін кеңеюін есептеген. Ассоциативті емес алгебраның тепе-теңдіктерін тапты. Қазақстан президентінің жалақысын тұңғыш болып есептеген математик ұялы телефонды мүлде ұстамайды. Ол «Төрткен» және «Төртқара» алгебрасын ойлап шығарған қазақтың тұңғыш математигі. Асқар Жұмаділдаев Германиядағы Гамбург, Мюнхен, Билефельд университеттерінің профессоры болды. Кэмбридж университетінің жанындағы Ньютон институтында, сондай-ақ, Италиядағы А. Салам атындағы Халықаралық теориялық физика орталығында, Швеция корольдік Ғылым Академиясының Миттаг-Леффлер атындағы Математика институтында, Канададағы Фильдс атындағы Математика институтында қызмет атқарып, дәріс оқыған.

Мұхтарбай Өтелбаев

Мұхтарбай Өтелбаев – әйгілі академик, математик. 1942 жылы Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Қаракемер ауылында туған. 1969 Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген. 1973–2000 жылдары Қазақстан Ғылым Академиясы Қазақстан Ғылым Академиясының Математика және механика ғылым-зертттеу институтында, ҚазҰУ-да, Жамбыл педагогикалық институтында, Қарағандыдағы Қолданбалы математика ғылымының зерттеу институтында, ҚазҰПУ-да ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысып, басшылық қызметтер атқарды. 1993–1995 жылдары ҚР Министрлігі Кабинет жанындағы Ұлттық аэроғарыш агенттігінің аэрогидродинамика бөлімінің бастығы болған.  2000 жылдан бастап Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті Еуразиялық математика институтының директоры, Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандағы бөлімшесі директорының орынбасары қызметін атқарады. Мұхтарбай Өтелбаев 35 жыл бойы «мыңжылдықтың 7 есебiнiң» бiреуi – Новье-Стокс теңдеуiн шешумен айналысып, 2014 жылы осы есептің жауабын тапқан. 

Уалбай Өмірбаев 

Уалбай Өмірбаев – атақты математик. 1960 жылы Оңтүстік Қазақстан облысыОрдабасы ауданы, Төрткүл ауылында дүниеге келген. 1986-1989 жылдар аралығында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жоғары алгебра кафедрасының ассистенті болып бастаған. 1989-1991 жылдары ҚазҰУ-дың аға оқытушысы, 1991-1995 жылдары доценті атанған. 1995 жылы ғылым докторы дәрежесіне қол жеткізген. 1995-2001 жылдары М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіндегі информатика кафедрасының меңгерушісі болған. 2001 жылдан бастап ЕҰУ-да алгебра және геометрия кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарып жүр. 2007 жылдан бері Детройттағы Уейн университетінде сабақ береді. 2001 жылы 30 жыл бойы шешілмеген жапон математигі М.Нагатаның, 2004 жылы ағылшын математигі П.Конның есебін шешкен.

М. Оңғарова